​Аяқ-қолдың МҰЗДАУЫ қандай ДЕРТТЕН дерек береді?

0
37 232

Жаздыгүні аяғыңызды көрпеге орап жататын болсаңыз, бұл белгілі бір аурудың алғашқы сипаттамасы екенін ескеріңіз.


​Аяқ-қолдың МҰЗДАУЫ қандай ДЕРТТЕН дерек береді?

фото: pronedra.ru

Аяқ-қолдың мұздауына онша мән бермейміз. Аяқ тоңса жылы шұлық пен қалың аяқ киім киеміз, ал қолға қолғап киеміз немесе қалтамызға салып жылытамыз. Әйтеуір бір есебін табамыз. Алайда жыл оны екі ай аяқ-қолы мұздап жүретіндер қайтпек?!

Бұл мазасыздық күннің салқындығынан болса оның шешімін табуға болады. 2-3 рет аяқ-қолды ыстық суға салып, бұлау жасасаңыз жеткілікті. Ал жаздыгүні аяғыңызды көрпеге орап жататын болсаңыз, онда сізге ойлану керек. Өйткені, бұл белгілі қандай да бір аурудың алғашқы сипаттамасы екенін ескеріңіз.


Аяқ-қолдың мұздауына мына жағдай себеп болады:

  • Қимыл-қозғалыстың аздығы. Иә, әсіресе бір орында отырып жұмыс істеу аяқ-қолдың мұздауына себеп болады. Өйткені қозғалыстың аздығынан қанның айналымы дұрыс болмайды.
  • Аяқтың үсуі. Егер өміріңізде бір рет аяғыңызды үсік шалған болса, оның қалпына келуі ұзақ уақытты талап етеді. Салдарынан аяғыңыз біраз уақыт мұздап жүреді.
  • Үнемі диета ұстау. Бұл да аяқ-қолдың мұздауына себеп болады. Өйткені ағза өзіне қажетті қоректі уақытында ала алмайды.
  • Қан жоғалту.
  • Дәрі қабылдау. Анда-санда ауырып қалып дәрі ішу аяқ-қолдың мұздауына себеп болмайды. Байқасаңыздар, дәрісіз күні өтпейтін науқастар немесе қандай да бір дәріге (іш жүргізу, ағзаны тазалау, ұйқы шақыру, жүктіліктен сақтану) тәуелділіктің салдарынан аяқ-қол мұздап бастайды.
  • Тамақтану уақытының және ұйқы мен демалыстың өзгеруі. Мәселен, ұйқының уақыты өзгерсе тамақтану тәртібіне міндетті түрде нұқсан келеді. Айталық, таңғы ұйқыдан 10-да тұрсаңыз, таңғы ас пен түскі ас бірігіп кетеді де, түскі ас бесін уақытына ауысады. Ал кешкі асқа түннің бір уағында отырасыз. Міне, бұл өзгерістер ең алдымен асқазанның жұмысын бұзады және аяқ-қолдың мұздап жүруіне себеп болады.
  • Шылым шегу. Жалпы, жақсы қасиет емес. Десе де қызығушылықпен басталған әдет, үйреншікті жағдайға ұласып, соңында тәуелділікке әкеледі. Күніне 1-2 тал темекіден келетін қауіп аз болар. Алайда бір күнде бір қорапты көрдім-білдім демейтіндер үшін өте қауіпті.

фото: osteohondroz24.ru

Аяқ-қолдың мұздауына мына аурулар да себеп болады:

  1. Қант диабеті. Бұл аурудан адамның ірі және майда тамырлары зардап шегеді. Салдарынан қан тез ұйып, майда тамырлар жарылуға бейім келеді. Нәтижесінде аяқ мұздап, диабет ауруынан белгі береді
  2. Қаназдық. Өздеріңіз білетіндей, гемоглобиннің төмендігі оттегінің тасымалдануын айтарлықтай нашарлатады. Бұл өз кезегінде метаболизм процестерінің қарқындылығын және жылу түзілуін төмендетеді. Осы себепті аяқ-қол мұздайды.
  3. Тығындалған эндартериит. Бұл аурумен темекі шегетіндер ауырады. Дерт қан тамырлар мен күре тамырдың тарылуы арқылы көрініс береді. Оған қоса, жүрген кезде аяқ ауырады. Нәтижесінде аяқ-қол мұздап, дерттің асқынғанын айғақтайды.
  4. Артериялық қысымның төмендеуі немесе көтерілуі – қауіпті белгілер болып табылады. Қан қысымының тым қатты көтерілуі қан ағысын бұзады. Ал қан ағысы өзгерген тұста адамның аяқ-қолы мұздап шығады.
  5. Жастың ұлғаюы. Адам қартайған сайын денсаулық сыр бере бастайды. Әсіресе, 50 жастан асқан соң күнде бір ауру белгі беріп, мазалайды. Өйткені, гормонда, қан айналымда, зат алмасуда айтарлықтай өзгерістер орын алады. Жасы егде тартқандардың аяқ-қолының жылымауына осы жағдайлар ықпал етеді.
  6. Қалқанша бездің жұмысының нашарлауы да аяқ-қолдың мұздауы арқылы көрініс береді. Оған қоса, есте сақтау қабілетіңіз нашарлайды, үнемі тоңып жүресіз, қатты шаршайсыз, тырнағыңыз сынады, жүзіңіз қуқылданып, шашыңыз түсе бастайды.
  7. Ішекқұрт та аяқ-қолдың температурасына кері әсер етеді. Өйткені ішектегі, ағзадағы құрттар тамырлардың жұмысына кедергі келтіреді де аяқ-қолдың мұздауына әкеледі.


Міне, ардақты оқырман! Егер ешқандай себепсіз аяқ-қолыңыз мұздап жүретін болса, міндетті түрде ТЕРАПЕВТ дәрігердің қабылдауына жазылыңыз. Дәрігер сізді толық тексеріп, қажетті ем-шараларын жүргізеді. Ауруды анықтап, дер кезінде ем қабылдасаңыз, жазылмайтын дерттің жоқ екенін ұмытпаңыз.


Бұл дертті үй жағдайында емдеуге болмайды. Міндетті түрде себебін анықтап алу керек.

фото: dokmakarov.ru


Ал егер суықтан, мұздай суға шомылғаннан немесе салқын суға қолыңызды ұзақ жуғаннан аяқ-қол мұздап бастаса, онда мына әдіспен емдеуге болады:

  • МАССАЖ. Кез келген эфир майына зімбір, даршын немесе ұнтақталған қара бұрыш қосып, аяқ-қолыңызға жағасыз. Саусақтарыңызбен баяу қимылмен уқалап, массаж жасаңыз.
  • БҰЛАУ. Кеңдеу ыдысқа қол күймейтіндей 1,5-2 литр су құясыз. Оған жарты келі теңіз тұзын, 2 ас қасық сүт пен 2-3 тамшы гүлшетен (розмарин) майын араластырыңыз. Осы суға аяғыңыз бен қолыңызды салып, 20-25 минут отырасыз. Сосын аяқ-қолдарыңызды құрғатып сүртіп, крем жағыңыз. Аяғыңызға жылы шұлық киюді ұмытпаңыз.
  • ЖАТТЫҒУ. Міндетті түрде «велосипед» жаттығуын жасаңыз. Ол үшін шалқаңызбен жатасыз. Екі аяғыңызды кезек-кезек бүгіп-жазасыз. Осылайша 5-6 минут жасасаңыз жеткілікті болады.
  • ҚАРАМА-ҚАРСЫ БҰЛАУ – аяқ-қолды жылытып, ағзаны шынықтыратын керемет әдіс. Емді үзбей жүргізсеңіз бір емес бірнеше аурудан айығатыныңызға сеніңіз. Нақтырақ айтқанда, аяқ-қолдың мұздауын тоқтатады, тамырдың жұмысын жақсартады, қан айналымды реттейді, аяқтың саулығын арттырады. Ол үшін екі бірдей ыдыс аласыз. Біреуіне 30-35 градус, екіншісіне 12-15 градус су құясыз. Екі ыдысқа кезек-кезек аяқ-қолыңызды саласыз. Ем 20-25 минут жүргізілуі керек. 3-5 минуттай жылы суға, 10 секунд салқын суға саласыз. Емді күніне 5-6 рет қайталасаңыз болады. Емнен соң аяқ-қолды құрғатып сүртіп, жылы шұлық киесіз.

ЕСКЕРІҢІЗ! Бұл емді ВАРИКОЗЫ барларға жасауға БОЛМАЙДЫ.


Одан бөлек, тамақтану мәзіріне де мұқият болыңыз. Құрамы дәрумендер мен минералды заттарға бай тағамдарды тұтыныңыз. Мейлінше С дәруменінің қайнар көзі болып табылатын кивиді, қарақарақатты, апельсинді жиі жеңіз. Бұл қанның ұюын болдырмайды. Ал жіңішке қан тамырлардың жағдайын жақсартқыңыз келсе, шекілдеуік пен жаңғақты көбірек тұтыныңыз. Ағзаны темірге байытқыңыз келсе, қараөрік, жұмыртқаның сарыуызы мен алманы үзбеңіз.


Аз-аздан жиі тамақтаныңыз. Спортпен шұғылданыңыз. Жаман әдеттерден аулақ болыңыз. Кофенің орнын ыстық шаймен немесе шөп шаймен алмастырыңыз.


Ең маңыздысы әрі негізгісі – аяқ киімді дұрыс таңдаңыз. Аяқты қыспайтын, терлетпейтін болу керек. Жайлы аяқ киім – жанның рахаты әрі қанның дұрыс айналуына септігін тигізеді.


Дереккөз: colady.ru


Дайындаған - Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Таңертең ҰЙҚЫДАН ШАРШАП оянуға МЫНА аурулар себеп болады


Мына ТОҒЫЗ белгі БАУЫРҒА шлак толғанын білдіреді


Іші ӨТКЕН балаға АНАР ҚАБЫҒЫНЫҢ тұнбасын ішкізіңіз