​Баланы емшектен шығарудың ЕҢ ОҢАЙ әрі ДҰРЫС ӘДІСІ

0
5 432

Сәбиін емізетін ананың да ең бір қиналатын тұсы да осы. Тек анасы ғана емес, омырау сүтінен ажырау балаға да оңай соқпасы анық. Әрине, мұнда әр баланың да, ананың да ағза ерекшеліктеріне байланысты біреуде оңай, енді бірінде қиын өтуі мүмкін.


​Баланы емшектен шығарудың ЕҢ ОҢАЙ әрі ДҰРЫС ӘДІСІ

Баланы емізу арқылы тамақтандыру – жаратылыстың ең бір керемет шеберлігі. Қызылшақа боп туған, қолға ұстауға қорқатын буыны қатпаған нәрестенің аз уақыт ішінде салмақ қосып, осынау жарық өмірге дағдылануда маңызды да басым рөл ойнайтын - ана сүті.

Дегенмен, түрлі жағдайларға байланысты уақыты келгенде баланы емшектен шығару сәті де келіп жетеді. Оған екінші жүктілік, ананың денсаулығы сияқты әртүрлі жайттар себеп болады.

Сәбиін емізетін ананың да ең бір қиналатын тұсы да осы. Тек анасы ғана емес, омырау сүтінен ажырау балаға да оңай соқпасы анық. Әрине, мұнда әр баланың да, ананың да ағза ерекшеліктеріне байланысты біреуде оңай, енді бірінде қиын өтуі мүмкін.

Бүгінгі мақаламызда баланы омырау сүтінен ажыратудың оңай да дұрыс жолдарын ұсынбақпыз.


Баланы емшектен қай кезде шығарған дұрыс?

Әлбетте, бала өздігінен тамақ іше алатын және омырау сүтін қажет етпейтін жасқа келгенде. Дегенмен, омырау сүтінен ажырату уақытын ертерек қажет еткен аналар (түрлі себеппен) оны күтпеуіне тура келеді.


Сәби омырау сүтінен шығуға қай кезде дайын болады?

  • Егер, туған кезінен бастап сәбидің салмағы екі еселенсе;
  • Қосымша тамақтың барлығына да үйренген болса;
  • 12 сағат бойы ембеуге шыдап үйренсе;
  • Бөтелке, емізік, саусақ сормауға әдеттенсе, демек оны емізуді тоқтатуға болады деген сөз.


Сәбиді емшектен шығарудың 3 әдісі бар:

  • Ана мен баланы уақытша айыру;
  • Дәрі-дәрмек қолдану арқылы;
  • Жоспарлы түрде біртіндеп, ешқандай қиындықсыз шығару.

Оңай болғанмен, бұлардың әрбірінің өзіндік қиындықтары да жетерлік. Дегенмен, ішінен оңтайлысын таңдауға болады.


Қандай жағдайда есте сақтауға тиісті жайт: ЕМШЕКТЕН ШЫҒАРҒАНДА АНАНЫҢ ДА, БАЛАНЫҢ ДА АҒЗАСЫ МЕН ПСИХИКАСЫ ЗАРДАП ШЕКПЕУІ ТИІС!


Мұның ішінде ең дұрысы – ана мен баланы айырмай жоспарлы түрде шығару.


ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ! Омырау сүтінен ажырату кезінде баланың бойында мынадай белгілер болмауы тиіс:

  • Ауыру;
  • Қызуы көтерілу;
  • Тіс шығу кезеңі;
  • Екпе салдырған уақыт.

Сондай-ақ, баланы емшектен жылдың салқындау мезгілінде шығару керек. Ыстық мезгілде, шілде айында шығару баланың денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін.


Баланың бойында жоғарыда аталған жағдайлар байқалмаса, демек емшектен шығаруға батыл қадам жасай беруге болады.

1. Күнделікті емізу уақытын жаймен кемітуден басталды. Қай уақыттағысы ана мен балаға да ыңғайлы болады, ең алдымен содан бас тарту керек.

Мұндайда баланы басқа да тағамдармен, ойынмен немесе таза ауада серуендеумен алдандыруға болады.

Баланы анасынан алыстатудың орнына екеуі бірге уақытты көбірек өткізіп, ембесе де анасының жанында екенін сезінгені дұрыс. Сонымен қатар, ата-әжесі, әкесі мен бауырлары да қасында болса, бала емшектен оңай әрі ешқандай зардапсыз шығады.

2. Үш күндей баланың емуді кеміткенін бақылауда ұстаған жөн. Ол қалай қабылдады? Іздемеді ме? Оны не алдандырды? Осының барлығы анасы мен жақындарының назарында болғаны дұрыс.

3. Үш күннен соң енді емізу уақытының екеуін кеміту керек. Бұл кезде де баланың жанында болып түрлі нәрселермен алдандыру қажет.

4. Осылайша кезегімен күндізгі емізу уақытын толықтай тыйып, тек кәдімгі балалар тағамдарымен тамақтану тәртібі жолға қойылады.


ЕСКЕРЕТІН ЖАЙТ! Баланы емізудің орнын бөтелкемен тамақтандыруға ауыстыру дұрыс емес. Бұлайша баланың бойында емуге деген құмарлық басылмайды.


Түнгі емізуден қалай ажыратқан дұрыс?

Емізулі аналар үшін ең қиын сәт осы. Әсіресе, еміп барып қана ұйықтайтын балалар үшін де қиын сәт. Сондықтан да баланы туған сәтенен бастап мүмкіндігінше емізіп ұйықтатуды әдетке айналдырмаған дұрыс.

Мұндай кезде қайткен жөн?

Баланы ұйқыға жатқызудың өзгеше дәстүрін ойлап табуға болады: бөлменінің жарығын өшіріп, түнгі шам жағу, айран ішкізу, шомылдыру, ертегі айту. Осылардың бірі балаға әсер етуі мүмкін және күнде қайталанса бала соған әдеттеніп, ұйықтайтын уақыттың келгенін санасымен қабылдайды.

  • Балалардың көпшілігі анасының әлдиін айтып берген сәтіне еліте ұйықтайды.

  • Ұйықтар алдында баланы шомылдырудың әсері көп. Тыныштандыратын тұнба қосылған жылы сумен шомылыдырып алса, тез ұйықтап кетуіне септігі тиеді. Мәселен, түймедақ тұнбасын пайдалауға болады.

  • Емізу сәтін баланы құшақтап қолда тербетуге ауыстыруға болады.

  • Баланы емізетін кезде де бөлек керетке жатқызуға әдеттендірсе, емшектен шығарғанда пайдасы көп тиеді. Ол өзінің жеке кереуеті мен көрпе-төсегі бар екенін сезініп өсуі керек. Анасының қасында жатса онда автоматты түрде ему рефлексі оянады және сүттің, анасының иісіне елітіп, қыңқылдай береді.

  • Түнгі ұйқы уақытына 2 сағат қалғанда балаға айран немесе ботқа беруді әдетке айналдырған жөн. Қарны тоқ бала тәтті әрі ұзақ ұйқы құшағына енеді.

Емшектен шығу кезінде бала тамақты аз жесе, уайымдаудан бұрын шыдамдылық танытып, барынша дәмді ас әзірлеуге ұмтылу керек.

Дайындаған - Қырмызы Сауран,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


ҚЫЗУЫ КӨТЕРІЛГЕН бала қалтырай бастаса не істеу керек?

ТІСТІ таңғы астан БҰРЫН жуу керек пе, әлде астан СОҢ жуған дұрыс па?
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет