Стоматолог қабылдауында соңғы рет қашан болдыңыз? Бір тіс щеткасын неше айдан бері пайдаланып жүрсіз? Тіс пастасы мен щетканы сатып аларда оның қаптамасындағы арнайы белгілерге көңіл аударасыз ба? Ол белгілердің нені білдіретінін сұрап көргенсіз бе? Осы және тіске байланысты көпке қажетті басқа да сұрақтарға Қазақстан Стоматологтар Ассоциациясының мүшесі, стоматолог-дәрігер Абдураимов Отажан былай деп жауап береді
фото: samara.gilmon.ru
Үйленетін жастардан қандай жар іздеп жүргенін сұрай қалсаңыз, көпшілігі «ащы-тұщыға да, ыстық-суыққа да көнетін жанды қалаймын» дейді. Әй қайдам, мұндай жан бар ма екен? Меніңше, ыстық пен суыққа, ащыға, қаттыға да көнетін тек – тісіңіз ғана!
Иә, ыстық шай ішкенде ерніңіз, тіліңіз «күйдірдің ғой» деп дабыл қағады, ал тіс үндемей көнеді бәріне. Дегенмен, көнеді екен деп, оны қинай беретін болсаңыз, біртіндеп айырыласыз. Сосын жасанды тіс салдыруға тура келеді. Әрине, озық заманауи технология қарыштаған бүгінде протез тістің алуан түрі бар. Әйткенмен, өзіңіздікіне жетпейді!
Келісесіз бе? Ендеше, тісіңізге ерекше және күнделікті күтім жасаңыз. Қандай? Қалай?
Бұл жөнінде Қазақстан Стоматологтар Ассоциациясының мүшесі, білікті стоматолог-дәрігер Абдураимов Отажан мынандай кеңес береді
Көпшілік стоматолог кабинетінің есігін тек тісі ауырғанда қағады. Ал, жалпы неше айда тісті тексертіп тұрған дұрыс?
- Әр адам әр алты ай сайын тісін стоматологқа көрсетіп, тексертіп тұруы керек.
Көпшілік арасында мынандай даулы пікір бар. Біреу «тісті таңғы астан кейін жуу керек десе, енді біреу «мен таңғы асты ішіп болған соң тазалаймын» дейді. Қайсысы дұрыс?
- Таңертең астан бұрын, кешке тісті астан соң жуу керек.
Таңертең жұмысқа асығамын деп, көбіне мен тісімді 10-15 секундта жуып үлгерем. Мен сияқты тісін жылдам жуатындар көп. Бұл дұрыс па? Тісті қанша уақыт ысқылау керек?
- Тіс щеткасы тісті тазалап қана қоймайды, ол сонымен бірге тістің қызылиегіне массаж да жасайды. Сондықтан да, тісті 2-3 минут ысқылап жуған дұрыс. Бұл орайда мен ұялы телефоныңыздағы өзіңізге ұнайтын бір әнді қосуға кеңес беремін. Бір ән шамамен 2-2,5 минутқа созылады. Ән аяқталғанда тісті де жууды аяқтаңыз.
Тіспен бірге тілді де тазалау міндетті ме?
- Ия! Байқасаңыз, тіс щеткасында тілді тазалауға арналған бөлігі бар. Ауыз қуысы дертерінің алдын алу үшін тіспен бірге тілді де тазалау міндетті.
Тіс щеткасын неше айдан артық қолдануға болмайды?
- Бір тіс щеткасын 3 айдан артық пайдалануға болмайды. Сонымен қатар, тіс щеткасын да жуып тазалап отырған жөн. Тіс щеткасын жууға арналған арнайы тазалағыш заттарды дәріханалардан табуға болады.
Бүгінде тіс щеткасының түрі көп, оны таңдауда қандай критерийлерге аса мән берген жөн? Мысалы, қылы қатты тіс щеткалары бар, ол тіс эмаліне зиян емес пе?
фото: startsmile.ru
- Тіс щеткасын сатып аларда мынандай үш критерийге көңіл аударған дұрыс: щетка қылының қатты-жұмсақтығы, орналасу формасы және жасалған материалы.
Жалпы, щетканы әркім жасына, тісінің сезімталдығына және ағзасындағы белгілі бір аурулары болса, соған орай таңдауы қажет.
Мысалы, 12 жасқа дейінгі балаларға және қызылиегі жиі қанайтындарға, қант диабетімен тіркеуде тұрғандарға қылы өте жұмсақ тіс щеткасы ұсынылады.
Қылы қатты тіс щеткасы алмалы-салмалы жасанды тісті жууға арналған. Сондай-ақ, тісі қақ тұруға бейім және кофе мен темекіге құмарлар да қылы қаттылау щетканы қолданғаны абзал. Ал, басқаларға қылының жұмсақтығы орташа щеткалар дұрыс.
Әйткенмен, әр адам әр алты ай сайын стоматолог дәрігерінің тексеруінен өткен кезде тісінің күйіне байланысты қандай щетканың және қандай тіс пастасының дұрыс келетіндігін дәрігерден сұрап алғаны артық етпейді. Тіс щеткасы секілді тіс пасталарын да әркім өзінің тісіне қарай таңдағаны абзал.
Ал, тіс дәрігері – сіз қандай тіс пастасын пайдаланасыз? Бұл оқырмандарға қызық деп ойлаймын.
- Biorepair.
Келесі сұрақ тағы да тіс щеткасы жөнінде. Кейбір тіс щеткасының қаптамасында «sensitive», «soft», «medium», «hard», «extra-hard» деген жазулар кездеседі. Бұл нені білдіреді?
- Бұл белгілер щетка қылының қатты немесе жұмсақ екенін білдіреді. «sensitive» – щетка қылының өте жұмсақ екенін, «soft» – жұмсақ, «medium» – орташа, «hard» – қатты, ал «extra-hard» – өте қатты, яғни протез тістеріне арналғанын білдіреді.
Тісті тазалауда паста емес, щетка басты рөл атқарады. Сондықтан щетка таңдағанда оның қаптамасындағы жазуларға, қандай тіске, кімдерге арналғанына мән берген дұрыс-ақ.
Рахмет! Енді осы сізден алған кеңестерді және тіс жууды кішкентай балаға неше жастан бастап үйреткен дұрыс?
- Балаға 2 жастан бастап тіс жуудың ережелерін үйрету керек. Мысалы, горизантальды бағытта щеткамен ысқылау тістің және тіс қызылиегінің тінін зақымдауы мүмкін. Сондықтан балаға тісті щеткамен вертикальды бағытта ысқылатып үйреткен жөн. Тіс күтімі осы секілді қарапайым ережелерден тұрады. Ал, қарапайым ережелер қауіпті аурулардың алдын алады!
Стоматолог-дәрігер осылай дейді. Дәрігердің кеңесін жаттап алдыңыз ба? Оны есте сақтаудың ең оңай жолы меніңше «2-2-2». Яғни, тісті күніне 2 мезгіл жуу, әр жуған кезде 2 минут ысқылау, тіс щеткасын 2 айда бір рет жаңалау.
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Тұмаумен ауырғанда адамның емделу кезіндегі қателігі