​«Әнші болам деген арманымды таптап кетті»: жалғызбасты ана жас қыздарға ақылын айтты

0
5 603

«Әдемі «лапшаға» алданып қалмаңдар»


​«Әнші болам деген арманымды таптап кетті»: жалғызбасты ана жас қыздарға ақылын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жаңа жыл жақындаған сайын ұлымның әкесі еске түседі. Өткенді ойласам көңілім сәл түсіп, өкініп қалам. Бірақ баламның көрер жарығы болған екен. Әнші болам деген арманымды тас-талқан еткен жаннан бір белгі боп ұлым өсіп келеді», - дейді Жанель есімді оқырман.


Үш жасар ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Жанель басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Кішкентай күнімнен әнші болуды армандадым. Білмеймін, Қарақат Әбілдинаға қатты еліктейтінмін. Ешкім жоқта айнаның алдына тұрып алып, ұзын шашымды жайып жіберіп, бар даусыммен айқайлап ән айтушы едім. Сонымды көрген мамам жетелеп музыкалық мектепке апарды. Вокалдан дәріс алдым. Мектеп қабырғасында жүргенде хорға қатыстым. Бірнеше байқауға қатысып, жүлделі орындарды алдым.


Мектеп бітірген соң мама-папамның айтқанын тыңдамай, «әнші болам» деп тұрып алдым. «Әншілік білім емес, хобби, сен онсыз да әншісің» деп осынша айтты, тыңдамадым. «Алматыға барам, Өнер академиясына түсем» деп ақыры дегеніме жетіп, оқуға қабылдандым.


Студенттік өмір басталды. Үш қыз боп пәтер жалдап тұрдық. Жатақханадан орын бұйырмады. Пәтер жалдағасын оның ақшасын табу керек, жас болғасын әдемі киінгің келеді, қыдыруды аңсайсың, оның бәріне үйдегілердің рұқсат бермейтіні анық. Содан біз қасымдағы қыздармен қосылып топ құрдық. Ортадан ақша шығарып, ән жаздырып, киім сатып алып тойларға шықтық.


Бағамыз басқаларға қарағанда арзан, ә дегеннен тапсырыстар түсе бастады. Бірте-бірте асабалармен келісіп бағамызды көтеріп, әдемі киімдер тіктіріп, күнде думандаттық. Той бизнес арасында сұранысқа ие «трио» боп кеттік.


Тойда көзін сүзген еркектер көп болды. О баста қыздар боп «тойда ешкімге көз тікпейміз, ақшаға да, басқаға де елітпейміз, біздікі тек өнер көрсетіп, гонорарымызды алып, тып-тыныш қайту» деп келісіп алғанбыз. Сол ережені ұстанып, екі жылдай тып-тыныш өнер көрсеттік. Менің де басты арманым жеңіл ойлы адамдардан бойды аулақ ұстап, өнермен танылып, жақсы бір жігіттің сүйікті жары атану болатын. Бірақ таңдаған жолым бәрін тас-талқан етті.


Бір жолы бізді жаңа жылдық корпоративке өнер көрсету үшін шақырды. «Құрылыс компаниясының қызметкерлері, жақсылап дайындалып келіңдер» деп асаба айтып қойған, барымызды үстімізге жапсырып, сыланып, ең жақсы деген әндерімізді дайындап бардық. Шынында да өңкей ығай мен сығай жиналған отырыс екен. Елге танымал деген әншілер, мықты шоумендер жүр. Отырыс дүркіреп өтті.


Сол отырыста мені бір жігіт айналшықтап қоймады. «Әншілерге қызмет көрсету маған тапсырылған» деп қайта-қайта үстелімізге келіп, көңілімізді аулап, әзілдеп, арасында биге шақырып тұрды. Не керек, сол жігіт қайтарда телефонымды сұрап алған. Ертесіне бір құшақ гүлімен есігімнің алдынан күтіп алды. Содан күнде сыйлық, тәтті сөз, әдемі мейрамхана, махаббаттың буына мас болып, ол мені өзіне ғашық етті.


Білмеймін, бұрын-соңды мені ешкім олай құрметтеген емес. Басында мендей қарапайым қызды қайтсін деген күдік тұратын. Бірақ оның маған деген сезімі бәрін де сейілтті. Тойға барсам өзі алып жүреді, алып қайтады. Бұрын-соңды мұндай сезімді бастан өткеріп көрмеген басым, ғажайыптар елінде жүргендей сезімде болдым. Қаладағы ең қымбат мейрамханадан тамақтанамыз, ең қымбат бутиктерден киіндіреді. «Өзің бөлек әнші болуың керек, сен лидерсің ғой, жалғыз өзің жүрсең жетістікке тез жетесің. Мен саған керемет клип түсіріп беремін. Әлі-ақ үлкен сахналарда ән айтып тұрасың, соның бәріне жеткіземін» дейтін. Оның сөздеріне мас болып, басым айналды.


Бір жылдай қыз бен жігіт боп жүрдік. Сүйісуден арыға бармадық. Оның сол мәдениеттілігі де менің сенімімді нықтаған сияқты. «Бір жылдығымызды атап өтейік» деп қымбат қонақүйге шақырған күні мен одан басқа нәрсе күттім. «Сол жерде саған жүзік тағып, үйленуге ұсыныс жасайтын шығар» деп жанымдағы қыздар да қызығып қалды.


Қымбат қонақүйдің мейрамханасында кешкі ас іштік. «Сәлден соң саған күшті тосынсыйым болады» деп қызықтырып қойды. Бірақ шарабыма ұйықтататын дәрі қосып бергенін байқамай қалыппын. Ертеңіне басым сынып, жігітімнің жанында ояндым. Мен армандаған жүзік те, басқа да жоқ.


Менің пәк болып шыққаныма ол алғашында таң қалды. «Әншілердің бәрі «сондай...» деп ойлайтындардың қатарынан екенін сонда білдім. Бірақ бәрібір түбінде отау құратын шығармыз деген әлсіз үмітім болды. Сол себепті оңаша кездесуге шақырғанда үнсіз келісіп, соңынан ілесе бердім. Ол үшін жанды қуыршақ екенімді білгенде бәрі кеш еді. «Мен жүктімін» деген жаңалықты жеткізгенде оңбай қателескенімді ұқтым. «Қанша ақша керек, баланы ертерек алдырып таста» деді маған. Екеуміз сөзге келіп қалдық. Сол кезде ғана ол маған үйленетіндігі туралы мүлде ойы жоқ екенін ашып айтты.


Бармағымды шайнағаннан басқа амалым жоқ еді. Ішімді удай ашытқаны, оның әйелі, екі баласы бар болып шықты. Бір жыл бойы сыр білдірмегеніне, ақымақ боп көзсіз сенгеніме қапа болдым. Егер оның үйленгенін білгенде мүлдем жоламас едім...


Үйдегілердің көзіне күйік боп жүріп баламды өмірге әкелдім. Әнші болам деген арманым адыра қалды. Қазір бір магазинде сатушы боп жүрмін. Жігіттерге деген сенім өлген. Оның үстіне балам бар десем бәрі қашады. Тек пайдаланып кетуді көздейтіндер көбейген.


Жақында мені алдап кеткен адамды жолықтырдым. Жанымда өзінен аумай қалған балам бар еді. Екеумізге кезек-кезек қарап тұрды да, танымаған адам сияқты өте шықты. Одан маған ештеңе керек емес еді, тек баласын көре тұра танысуға тырыспағанына налыдым...»