​«"Атаңанәлет" дегенім үшін»: Түркістандық келіншек бір сөз үшін қалай қиналғанын айтып берді

0
11 963

"Атам мен құйған шайды ішпей қойды" дейді ол...


​«

Түркістан облысының тұрғыны, бүгінде алты баланың анасы Ұлжан (есімі өз өтінішімен өзгертілді) да осы тілінен қалайша «таяқ жеп», «аңдамай сөйлеп, ауырмай өле жаздағанын» ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген болатын.


Көпбалалы ананың айтуынша, бір кездері қайынатасын қатты ренжітіп алған екен ол. Сол себепті де атасы бөлек тұратын оларды қара шаңыраққа көшіріп әкепті.

- Ол кезде жаспыз, қызмет қуып жүрген кезіміз еді. Отағасы инженер болған соң қайда жұмсаса, сонда кетеміз. Үйленген соң ата-ененің қолында тұрып та үлгермедік. Сөйтіп көшіп-қонып жүргенде үш баламыз дүниеге келіп үлгерді.

Бірінен соң бірі туған үш ұлдың күтімі оңай емес. Кішісі тіпті мазасыз болатын. Сол жылдары кезекті демалыста қара шаңыраққа қыдырып барып бір аптадай жатып қайтатын болдық. Ол үйдегі қайнымның төрт баласына қосылып, ата-әженің өбектегеніне тез үйренген балалар анасын тыңдаушы ма еді? Онсыз да жүйкем жұқарып жүрген. Үлкенім айтқанымды тыңдамай қырсығатын әдет шығарыпты.

Түс кезі болатын. Үйдегілердің барлығы шілденің ыстығында салқын бөлмеге кіріп демалып жатыр. Менің ғана балаларым айғай-шу салып жатқан. Үлкен екеуін желкелеп апарып үйдің артында жұмсақ жерінен шапалақпен шартылдатып та алдым. Аузымнан ашуланған соң «атаңанәлеттер-ай» деген сөз де шығып кетіпті. Тап сол уақытта бақша жатқан келе жатқан атамды көріп қысылып қалдым. Ол да маған тіксініп қарап қалған екен.


Шынымды айтсам, мен бұл сөзге соған дейін мүлде мән бермеген екенмін. Несін жасырамын, бала күнімнен шешемнен естіп өскен сөз... Бірақ сол күннен бастап іштей анама ренжідім. Неге ол сөзді парқына жетпей, ашуланғанда бізге айтты екен? Неге құлағымыз арқылы санамызға, одан тілімізге сіңдіріп жібергенін ойламады? Оған да тәйт дейтін жанның болмағаны ма?


Содан кейін Ұлжан қара шаңырақта қалатын болып шешіліпті. Айтуынша, тап сол күні атасы отбасын жинап, қолдағы кіші баласын еншісін беріп шығарып салып, инженер ұлына шаңыраққа ие болатынын айтқан.

- Әулетте атамызға қарсы келетін ешкім жоқ, тіпті, одан үлкендер болса да. «»Шалдың баласы» деп ешкім бала күнінен қарсы келмеген екен. Балалары атам сөйлесе мүлде жақ ашпайды. Күйеуім де қанша қимағанмен қаладағы жұмысын тастап ауылға келетін болды. «Әкем неге өйтті екен? Менің аптасына сыра ішіп, карта ойнайтынымды айтып қойдың ба?» деп мені қыыспаққа алды біраз. Мен мәселенің неден шыққанын іштей сезсем де үнсіз қалдым. Ертеңіне күйеуім жұмысын рттеу үшін кеткенде енем жеке алып қалып түсіндірді. Жарықтық, бір дауыс көтермейтін жан еді ғой.

«Өз балаңның болашағына нәлет тілегенің не, қарағым?! Оның атасына айтқаның – балаңа айтқаның... Атасы алған қарғыс оның жеті ұрпағына кетеді. Атаңа нәлет деген – лағынет жаусын деген сөз. Қалай атасың мұндай сөзді? Атаңды ренжіттің, сол қатең үшін сендерді қолда қалдырады», - деп сабырмен түсіндірді. Мен алдында жылап отырдым. Соншалық ауыр сөзді қалай айттым екен балаларыма?!

Жылы орнымызды тастап, екі отбасы көшіп-қондық екі айдың ішінде. Өміріміз күрт өзгерді. Үйде еркін жүрген менің етек-жеңім жиналып, күйеуімнің апта сайынғы демалысы азайды. Есесіне балаларым еркін. Ұрыспай-ұрмай тәрбиелейтін ата-әжесі бар. Үй шаруасының көбейгені болмаса, балаларыма қарасатын енемнің қадірін білдім, - дейді Ұлжан.


Бұл ғана емес, Ұлжанға атасының реніші онымен де бітпепті. Осы бір ауыр сөзді айтқаны үшін қайын атасы келінінің салған сәлемін алмай, құйған шайын да ішпей қойыпты. Тіпті, құдаларына да бармай қойған.

- Атамның діні мұнша қатты деп ойламаппын. Бірақ мен құйған шайдан ішпей, тек енем құйған кеседен ғана алатыны үшін басында жылап жүрдім. Дастарханға екі шәйнек шай демдеп әкелеміз. Ал енем бір жаққа кетсе, атам ауылдағы інісінің үйіне кетіп қалады. Сол жақтан тамақ ішіп, кемпірі келгенше үйге жоламайды. Енем де соны біледі, барған жерінен тез қайтады. Ол ол ма, таңертең сәлем салсам, бас изейтін де, өтіп кететін. Бұрынғыдай «бақытты бол, балам» деген сөзі жоқ. Енем мені сабырға шақырады. «Бір күні ашуы басылады» дейді жаймен. Ал күйеуім себебін түсінген күні бір ренжіді, бір күлді. «Өзіңе де обал жоқ» деді маған.


Ауыр тигені сол, бір жарым жыл өткенше атам менің төркінім жасаған жиын-тойға аттап баспады. Себебін де айтпайды, енемді де жібермейді. Құдалары бір-екі шақырғанға келмеген соң менің әке-шешем де уайымдай бастады. «Құданы ренжітіп қойдық па? Әлде бірдеңе болды ма?» дей берген соң сөйлесуден де қаша береді екенсің.

Не керек, бір жарым жыл уақыт бойы бір сөз үшін атам мен осылай жазалады. Бір үйде тұрып отбасы мүшесінің біреуі сені елемеген кейіп танытса, сен құйған шайды ішпей қинаса, жаман болады екенсің. Төртінші ұлымды дүниеге әкеліп, қырқынан шыққан күні атам: «Келін, енді ұрпағыма жаман сөз айтпа! Ауыры бүгін маған тисе, ертең өзіңе тиеді. Кешірдім», - дегенде жылап жібердім.


«Ал, енді қалаған жақтарыңа кете берсеңдер болады» деген. Мен кетпедім. Күйеуімнің үйренген ортасына барғысы-ақ келді, бірақ мен атам мен енемді, оған үйренген балаларымды қимадым. Атамның озық тәрбиесінен балаларымды үзіп кете алмадым. Дауыс көтермей-ақ бір-ақ рет айтып жетеңе жеткізе білетін ондай адамдар жоқ шығар қазір. Бар болса да аз, - дейді бүгінде алты баланы тәрбиелеп жеткізіп отыырған Ұлжан.


Ұлжан содан қайтып балаларына ауыр сөз айтпақ тұрмақ енесі сияқты дауыс та көтермеуді үйреніпті.

- Баланы осылай айғайсыз да тәрбиелеуге болатынын білсемші. Бұрын айқай салғанша тыңдамайтын бұзықтарым мен сабырлы болған сайын елгезек бола бастады. Бәрі атам мен енемнің берген тәрбиесі. Қолымызда 10-ақ жыл тұрғаны өкінішті. Ауырмай-сырқамай 71 жасқа толғанда бір-ақ күнде атам, артынан үш айдан соң енем кете барды келмеске. Ұзақ жасағанда ғой, шіркін..., - деп көңілі босады Ұлжанның.

«Енді балаларға сол кісілердей тәрбие бере алар ма екенбіз біз?!» деп уайымдайды ол...

Иллюстрациялық суреттер ашық дерекөздерден алынды


Сізге қызық болуы мүмкін:


«Ішкиім ұрлады»: Шымкенттік әйел келінінің ырымынан шаршағанын айтты


«Балалы әйел іздеген»: Ажырасқан келіншек сүрбойдаққа қалай тұрмысқа шыққанын айтып берді