«Үйге кіргізбейді» дейді ол келінінің қылығына ашуланып...
Қазақ халқында жақсы ниеттен туындаған ырым көп. Бірақ оны өзге ұлттан, жат түсініктен алып өз өмірінде қолданып жатқандар да жетерлік.
Әрине, әркімнің өз өмірі өз қолында. Қандай ырымға сенсе де шектеу жоқ. Дегенмен, бір отбасында ырымға, наным-сенімге деген көзқарасы әртүрлі адамдар болса, онда қиындығы болатынын айтады шымкенттік Айларкүл есімді ана.
ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғаларында ол келінінің не болса соған сенетінін, сеніп қана қоймай соны орындаймын деп талай қиындыққа ұшырағанын да жеткізді.
- Біз де ырымды тыңдап өстік, бірақ тап осы келінім сияқты өмірді қиындатып жібермеппіз сол үшін. Келін болып түскенде «бөлмеміз энергиясы дұрыс бетте орналаспапты» деп қиғылып салып еді. Біз үшін энергиясы дұрыс па, бұрыс па, қайдам, жататын оңаша бөлмеміздің болғанына қуанып едік кезінде. Жасау-жабдығымен толған бөлмеге жатпай, бір өзі қонақ бөлмеде түнеп шыққан күндері борды. Жаңа үйленген балам ондайын білмеді ме, некесі қиылған күннен осылай болған соң сөздері жараспай жүрді.
Бір балауыз шам, тағы бір түтететін бірдеңелер әкеп, сонымен аластап энергиясын өзіне туралап алды-ау деймін, зорға тыншыды. «Уф!» дегенімізше болған жоқ, екеуінің арасынан тағы шу шықты. Бұл жолы олардың балалы болуға жасы, жылы сәйкес келмейді екен. «Адам деген оқу керек! Біздің жұлдызнамамыз бойынша жасымыз мыншаға жетпесе, мына жылы болмаса туылған баламыз аурушаң немесе әлсіз боп қалады», - деп түсіндірді маған орталарына түскенімде. Басында «ә-ә!» деп шынымен айтқанына беріліп-ақ кетіппін. Бірақ, алты баламды сондай бірдеңелерге қарамай-ақ туғаным есіме түсіп, сәл қатқылдау сөйлеуге тура келді.
Оған қараған келін жоқ, әйтеуір үш жыл бойы бала көтермей қақайып жүрді де, әйтеуір ұлымаөткен жылы ұл сыйлап, құдайға шүкір, қуантып қойды, - дейді Айларкүл ана.
Ол ғана емес, келінінің қызығы мен шыжығына көптің ортасында да әбден ұятқа қалғанын айтады ол. Айтуынша, ырымның түр-түріне сенетін ол қонақ боп барған үйлерінде де енесі мен күйеуін ыңғайсыз жағдайға қалдырған.
- Алыстағы әпкем қонаққа шақырды. «Осы келінің біздің үйден дәм татпады» деп жиі айтып жүретін. Ол кезде аяғы әлі ауырламаған, әрдеңені бір есептеп жүрген. Әпкемнің үйінде үш күн жаттық та, кері қайтатын болдық. Қайтар күні үйден шыққалы жатқанда келін жүгіріп үй айналып кетті. Не боп қалды екен деп есік алдында үйіріліп тұрғанбыз. Бір кезде танауы желпілдеп жүгіріп келді де, «Сіз айтқанды алдым» деді. Бірдеңені ал дегенім есімде жоқ, жұрттың бәрі маған қарап қапты. Мен де таңырқаған күйі келінге қарадым. «Өткенде көп бала туған әйелдің ішкиімін ұрлап кетсе, жүкті болады екен» деп едіңіз ғой. Соны алып келдім», - деп салды жұрттың көзінше.
Бетім ду етті, сол үйдің келіні жақтырмай қалғанын байқадым. Әпкем ыңғайсызданып, ұлым ұялғаннан қақпа сыртына шығып кетті. Шығарып салып жатқан жездем мен балалары күлкіден шыдамай теріс айналды. Не дерсің мұндайға?! Жай бір сөздің реті келгенде сондай ырым бар екенін айтқан шығармын, бірақ осылай ұятқа қалдырады деп ойламаппын.
Айларкүлдің келіні қазір әлеуметтік желіден көргенін істеп, үйдегілердің де мазасын алатын көрінеді.
- Өткен жылы ғой, қызымның құдалығын күтетін болдық та, үйге аздап жөндеу жұмыстарын жасадық. Жұмыстан келсем, үйдің іші құдды бір қыйтай ма, кәріс пе, солардың киносындағыдай болып кетіпті. Кіре беріске есік ашылса, сыңғыр ете қалатын қоңырау ілінген. Оның біз жақта дүкенге кірген-шыққан адамды біліп отыру үшін ілетін еді.
«Мынауың не?» десем, «қоңырау үйге кірген жаман энергиядан тазалайды, ал анау фэн-шуй бойынша...». Тыңдауға шыдамым жетпеді. Кірген-шыққанда сыңғырлап миымның қыртысына дейін әсер еткен қоңырауын да, аспалы қытай шамдарын да жұлып алып тастадым. Онсыз да «ыдысты олай қоймау керек, айна үйдің мына жағында орналасса жамандық кірмейді, бірдеңені теріс қойса үйге ақша келеді, тұз салып терезеге қойса үйдегі жаман энергияны тартып алады» деген сияқты таусылмайтын ырымдарынан онсыз да шаршап жүр едім. Әрі қарай жүйкем сыр берді.
Балам екеуі де басқа емес, сол үшін сөзге келіседі де жатады. «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке қашады» деген ата-бабамыз. Ырымға бола күйеуімен ырың-жырың бола берсе, араларына салқындық түсе ме деп қорқам.
Балам демекші, бір күні үйге түр ортасына таяу келген күйеуін табалдырықтан аттатпай тұр екен. Екеуі ұрысып тұр. Кеш келгеніне ренжіп жатыр деп басу айтуға жақындасам, қолына сіріңке ұстап алыпты. «Сен жаман жерлерде болғансың, үйге үстіңді аластап барып кіргіземін» деп тұтатып жатыр. Күлесің бе, жылайсың ба?, - дейді күйінген Айларкүл.
- Әлі сол, ырымға сеніп әрдеңені бір жасағанша, әрдеңені бір оқығанша, әйел болып тамақты түрліше жасауды, баланы дұрыс қарап, күтім жасауды, ең ақыры, сәнмен киініп, әйелдерше боянып-сылануды үйренсеші, шіркін?! Күйеуінің алдынан күліп шығып, таңертең сүйіп шығарса, адамға ең күшті әсер ететіні сол емес пе?! Үйген кіргеннің бәрінен жақсы және жаман энергия іздеп отырмай, үйдің іші-сыртын таза ұстап, күліп, мамыражай отырса, береке мен жақсылық өзі-ақ келмей ме? Қит еткеннің бәрін ырымға балап, жамандыққа жори берсе не болар екен аяғы?!, - деп күрсінген ана енді келініне не шара қолданарын білмей дал болып отыр.
Сонымен қатар, жүйкесі жұқарып, түзелмейтін келінінен көңілі қалған ана келінінің сол қылығы үшін абысын-ажындарымен де араласа бермейтінін айтады. «Құрбысы да жоқ, ең болмаса жұрттың келіні сияқты «үйде отырмаймын, жұмысқа шығамын» демейді. Құдай өзі кешірсін, ауытқуы бар ма деп күдіктеніп те қаламын кейде», - деген ол әңгімесін көңіліндегі күмәнімен аяқтады.
иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Балалы әйел іздеген»: Ажырасқан келіншек сүрбойдаққа қалай тұрмысқа шыққанын айтып берді
«НЕ ІСТЕЙІН?»: Бір ауыз сөзбен отбасын сақтап қалған азаматтың әңгімесі
«9 рет құрсақ көтердім, бірақ тумадым»: жамбылдық әйел өкінішін айтып берді