​«Балалы әйел іздеген»: Ажырасқан келіншек сүрбойдаққа қалай тұрмысқа шыққанын айтып берді

0
4 036

Баласы бар келіншекке үйленгенін жігіттің анасы қалаған...


​«Балалы әйел іздеген»: Ажырасқан келіншек сүрбойдаққа қалай тұрмысқа шыққанын айтып берді

Алғашқы некесі сәтсіз болған келіншектердің кейбірі баласын аяққа тұсау, бақытыма кедергі деп санайды. Ал көбісі қайтадан тұрмысқа шыға алмаймын деп, ендігі өмірін тек перзентіне арнайды. «Жігіттің ата-анасы баламмен қабылдамайды» деп сүйгенінен бас тартатындар да бар. Бірақ керісінше, баласы арқылы бақытын тауып жатқан әйелдер де бар екен.


Сондай әйелдің бірі Нұржамал «Балам болмағанда мен тұрмысқа шыға алмас па едім, кім білсін?!» дейді. Ол ERNUR.KZ тілшісіне өз оқиғасын айтып берді.


«Күйеуім егіздің сыңары еді. «Ғажап!» дерсіз, бірақ менің онымен жұбайлық өмірім азап болды. Мүмкін арамызда сезім болғанда, біз шыдар ма едік?

Ағалы-інілі егіздер бір күнде үйленеміз деп, өзара уағдаласқан екен. Олар үйленетін күнді де алдын ала белгілеп қояды. Бірақ күйеуім Ерік өте момын жан, ол төрт ай бойы қызға сөз айта алмай жүреді. Сыңары үйленетін кезде амал жоқ ауылына қыдырып келген қызды алып қашады.

Тағдыр шығар, әйтпесе құрбым екі жылдан бері ауылын көрсеткісі келіп, шақырып жүрген еді. Колледжді бітіретін жылы көңілін қимай барғанмын. Ертеңіне сол ауылдың келіні атанып шыға келдім.

Ерік ауыл мен аудан арасында такси боп нәпақасын тауып жүрген, мектептен соң оқымаған жігіт. Құрбым екеуміз кешке қалаға қайтатын боп, аялдамада тұрғанбыз. Еріктің көлігіне отырдық. Ал ол ауданға емес, өз үйіне алып кетті.

Танымайтын орта. Тым болмағанда тұрмысқа шыққан адамымның да кім екенін жіті танымаймын. Сонда да басыма ақ жаулық салынып қойған соң, кері қайта алмадым. Қайтқан күнде де ата-анам мені оңдырмасы анық. Өйткені әкем «Екінші рет үйленемін. Ажырасамын. Төркініме қайтып келемін деген сөздеріңді естімейтін болайын. Менің ұл-қыздарым жүзімді жерге қаратпауы тиіс» деп айтып отыратын. Бір жағынан, алдағы өмірімнің қалай болатынын ойлауға мұршам болған жоқ, екінші жағынан әкемнің сол бір сөзі санамда жаңғырып тұрғандықтан, кері қайтуға қорықтым.

Мен сол үйге сіңуге барымды салдым. Бірақ қыз қалағанмен, ене қаламаса бәрі бекер екен. Енем бір күнде қос келінді болғандықтан, екеуін салыстырып отырды. Ісімізді де, жүріс-тұрысымызды да үнемі салыстырып, «келін сынында» әділқазы боп отырғандай бізге баға беруден шаршамады. Мені кемсітуден жалықпады.


Түртпектеді. Ілік іздеді. Әйтеуір енеме ұнамай-ақ қойдым. Отырсам опақпын, тұрсам сопақпын. Оның үстіне менімен бір күнде босаға аттаған келінінің аяғы алғашқы түннен ауырлады. Ал мен екі жыл өтсе де құрсақ көтере алмадым. «Бір күнде екі келін түсірген мен бір жылда екі немерелі болам деп ойлаушы едім. Арманыма жеткізбедің сен» деп, маған тиісетінді шығарды. Онсыз да жаным жараланып жүргенде енемнің бұл сөздерін көтеру маған қиын болды. Немерелі болғанда тіпті мені «бедеу» деп те атады. Өзге енелер 7-9 жыл бала тумаған келіндеріне де ондай ауыр сөз айтпайды. Ал менің ол үйге барғаныма небәрі екі-ақ жыл болды ғой. Бір күні енемнің тағы да қайынсіңліме «бедеу келінге айт, тамаққа тұзды көп қоспасын» дегенін естіп қалдым. «Менің атым бедеу емес, Нұржамал» дедім енеме.

Сол күні енемнің маған айтпаған сөзі қалмады. Менің де ренішке, ашуға толы қабымның аузы ағытылып кетті. Не керек, енем менің киімдерімді далаға лақтырды. Иә, «Кет!» дегені ғой.

Ажырасқанымда құрсағымда бір айлық шаранам бар еді. Күйеуіме жүкті екенімді айтқанымда «Кімнен?» деді ол. Ал енем «Екі жыл құрсақ көтермей, төркініңде болған екі аптада қалай жүкті бола қалдың?» деп сенбеді. Олар ажыраспаудың амалын жасап жатыр деп ойлады. Енем жүктілігіме, ал күйеуім әкесі өзі екеніне сенбеген соң, ақталғым да, дәлелдегім де келмеді. Ажырастық.


Үйдегілердің барлығы аборт жасатуымды дұрыс көрді. «Жассың, сен әлі тұрмысқа шығуың керек, ал бала сенің бақытыңа кедергі болады» деді олар.


Расында, ол кезде мен 20 жаста едім. Жүктілігімнің үшінші айында аборт жасатпақ болғанымда, екі баласы бар жеңгем «Сәбиге жан бітіп қалған ғой, қалай оны өлтіре салмақшысың? Қажет болмаса мен бауырыма басамын. Менің балам болады» деп, райымнан қайтарды.

Балам өмірге келді. Жеңгем баламды бір жыл емізіп беруімді өтінді. Бір жылдан соң мен балама әбден бауыр басып қалдым да, оны ешкімге бергім де келмеді, ешқандай бақытқа айырбастай алмайтынымды да түсіндім. Айналамдағы адамдардың «Балаңмен сені ешкім алмайды» деген сөзі әбден санама сіңіп қалғандықтан, өз-өзіме тұрмысқа да шықпаймын дегенмін.

Ұлым төрт жасқа толғанда алыс бір жекжатымыз 30 жастағы ұлын ертіп, қонақ боп келді. Мені көруге келіпті. Жігіттің анасы баласы бар келін іздеп жүрген көрінеді. Бірақ ұлы мүлде үйленбеген. Бастапқыда ұлының бір дерті бар болар деп ойлағанмын. Жоқ, болашақ енемнің айтуынша, ағайын-туыстарында бірнеше жылдан бері бала таба алмай жүрген келіндер бар екен. Жалғыз ұлының жары да бала таппай ма деп қорыққандықтан, бала туған әйелге үйлендіргісі келеді. Бір рет бала тапқан әйел ол үшін «туа алады» деген нақты диагноз секілді.


Несін айтайын, мен балам бақытыма жол ашады деп ойламаған едім. Осылай мен үйленбеген, қызметі бар, тұрмысы мен түрі келісті жігітке екінші рет тұрмысқа шықтым.


Бара салып аяғым ауырлады. Ата-енем де, күйеуім де жүкті екенімді білгенде қатты қуанды. Ұл босандым. Ол бір жасқа толмай жатып тағы да жүкті боп қалдым. Мен оны іштегі бала қимылдағанда ғана сезген едім. Дүниеге егіз қыз алып келдім. Қазір мен төрт баланың анасымын. Үлкен ұлымды ата-енем еш шеттеткен емес. Туған немересіндей көреді, «Үйімізге құт боп келген немерем» деп отырады.

Иә, ол да менің өмірімнің құты. Бақытыма жол ашқан перзентім. Егер бірінші күйеуімнен ажырасқан соң айналамдағы адамдардың сөзіне еріп баламды алдырып тастағанымда, одан соң туа алар ма едім, кім білсін?! Сондай-ақ егер мен баламды алдырып тастағанымда қазір кім білсін, әлі жалғыз жүрер ме едім...»


Осындай оқиғаларды естігенде, «құдайдың әр адамға құрған өз жоспары бар» деген сөз рас па екен деп ойланамын. Сіз ше?


(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:


«Намазға жығады деп едім»: Келінінен көңілі қалған ана енді ұлынан ажырап қалам ба деп қорқады

«Түріктерше қолын сүйгізеді»: Енесінің қылығына налыған келіншек ренішін жеткізді