​«Баламның іші шар сияқты кеуіп кетті»: алматылық ана Кеген ауданының дәрігерлерін айыптап отыр

0
4 230

«Кәдімгі соқырішекті үш дәрігер жабылып жүріп таба алмады»


​«Баламның іші шар сияқты кеуіп кетті»: алматылық ана Кеген ауданының дәрігерлерін айыптап отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Алматы облысына қарасты Кеген аудандық ауруханасының хирургтары Тұйық ауылынан келген Нұрәли есімді екі жасар науқас сәбиге екі күн бойы дигноз қоя алмай, жағдайын нашарлатып алған. Бұл туралы журналист Динара Мазен өзінің «Фейсбуктегі» парақшасында жазды.


ERNUR.KZ тілшісі осы оқиға бойынша сырқаттанған баланың анасы Аида Мақсатпен байланысқа шығып, мән-жайды сұрастырды.


«23-шілде күні үйімізде үлкен той болған. Балам ертеңіне түске дейін тәп-тәуір ойнап жүрген. Түс қайта мазасы болмай, ыстығы шығып, жатып қалды. Өзі дұрыстап сөйлей де алмайды, әлі кішкентай ғой. Әлсіз, тамақ іше алмай, уайымға салды. Алдын тамағы суықтап, ангинасы шықса осылай ауыратыны бар еді. Тамағы шығар деп үйдегі бар дәрілермен емдеп көрдім.


Ертеңіне «ішім» деп жылай бастады. Жағдайы нашарлап бара жатқасын қорықтым да, «жедел жәрдем» шақырттым. Бұл шілденің жиырма алтысы күнгі жағдай. Келген дәрігерлер «бала әбден әлсіреп қалған, алып кетпесек болмайды» деп Нұрәлиді өздерімен алып кетті. Әлі жасына толмаған тағы бір балам болғасын қасына еріп бара алмадым. Қайынағам кеткен. Таңға дейін баламнан қан, зәр алып, анализдерін тексеріпті. Бірақ нақты диагноз қоя алмаған. Артынан енем барып еді, тек әлсіздігіне қарсы системалар құйып жатқыза салыпты. Болмағасын баламды енеме тастап, ауруханаға өзім бардым.


Бір емес, үш хирург баламды қайта-қайта келіп тексереді де «пневмония» деген диагноз қойды. Бірақ ертеңіне баламның іші шар сияқты үрленіп, кеуіп кетті. «Мынау тегін емес қой, тексеріңіздерші жақсылап» деп едім, «іші қатып қалған шығар, клизма жасап көрейік» деп, кәдімгі үлкендерге арналған грушамен баланың артынан үш рет сұйықтық жіберді. Іші қатқан бала болса сол сәтте үлкен дәретке отыруы тиіс еді ғой, бірақ баламның ішіне құйған сұйықтық қайтып шықпады. Керісінше, іші одан бетер үлкейіп, жарылып кетердей болды. Бір уақта біреуі «балаңның іші қатқанда не істейтін едің» деп сұрады. Анда-санда кір сабынды кесіп алып, сулап тығатыным бар еді, соны айттым. «Онда сабын тығып көрші» деді. Тік ішегіне тығып едім, бағана жіберген судың біразы шықты, бірақ үлкен дәреті жоқ.


«Балаңыздың іші кеуіп жатыр ғой, дәріханадан «Боботик» сияқты дәрі алдырып, беріп көріңіз» дегесін «БиоГая» деген препаратты алдыртып, оны бердім. Еш нәтиже шықпағасын дәрігерлер баламның тік ішегіне зонт тықты. Өзі неше күннен бері тамақ ішпей, әлсіреп қалған баламды әбден қинап тастады. «УЗИ, КТ сияқты аппараттарыңыз жоқ па, неге түсірмейсіздер» деп едім, «УЗИ бар болған күнде де оны «оқитын» маманымыз жоқ» деген уәж айтты. Мынадай дамыған заманда білдей бір аудандық ауруханада УЗИ маманы болмағаны сорақылық емей немене?


Дәрігерлер баламды бір емес, төрт рет рентгенге түсірді. Төртіншісінде ғана бас дәрігер «тұрғызып түсіріп көріңдер» деп бұйырған екен, сол кезде барып «ішектер түйіліп тұр» деп болжапты. Азанғы уақыт еді, рентгеннің нәтижесі шыға сала дәрігерлер абыржып, өзара сыбырласып, «бірдеңе бола қалса мен ештеңе істемедім, «тек клизма жасадық, зонт тықтық» деп айтамыз» жүгіріп кетті. Бір уақта ақ халат киген ер кісі палатаға келді де, «балаға үлкендеу зонт тығып көрейік» деп кірісті. Балам жылап, зонтты тықтырмаған еді, «онда мен шынашағымды тығып, не боп жатқанын көрейін» деп қоймады. Амал жоқ, келістім. Бірақ дәрігер саусағын тықпақ түгілі, бүкіл қолын тықса да ештеңе таба алмас еді. Себебі білімі жетпейді. Әйтпесе үш бірдеу хирургтің титтей балаға диагноз қоя алмауы не сұмдық?!


«Мен қолхат жазып, баламды мына жерден алып кетемін, болмаса қалаға жолдама беріңіздер» деп сөйлегенде ғана «жедел жәрдем» шақыртып, бізді қалалық ауруханаға жөнелтпек болды. Қырсық қылғанда тап сол күні «Қымызмұрындық» деген іс-шара өтіп, бүкіл «жедел жәрдем» сол жаққа жұмылдырылған екен. Түсте бір-ақ келді.


Қалалық аурухананың мамандары Нұрәлиіме шұғыл түрде ота жасау керегін айтты. «Ішектері түйіліп тұр, кесарь тілігін жасап, ашып көрмесек, қазір нақты ештеңе айта алмаймыз» дегесін келісімімізді бердік. Екі жарым сағаттан кейін ота жасап шыққан хирург «Балаңыз кәдімгі соқырішекболған екен. Бірақ уақытты өткізіп алғансыздар, ішек жарылып, ішіндегі ірің бүкіл ағзаны жайлап кеткен. Ішекті жуып, ішін тазалап, тоқ ішекті сыртқа тігіп қойдық. Ағзасы өте әлсіз, қалғаны тек Құдайдың қолында енді» деп ашығын айтты.


Сонда кегендік дәрігерлер кәдімгі қарапайым соқырішекті таба алмай, баламды үш күн әуреге салған болды ғой. Онысымен қоймай ішіне 1 литрге жуық су жіберіп, ішекті одан бетер жарып жіберген. Нәтижесінде ірің денесіне жайылып, қанға араласып кетіп отыр.


Бес күн жан сақтау бөлімінде жатқан баламды бүгін палатаға шығарды. Тамақ ішуге болмайды. Әлі қанды тазалау үшін укол, системалар салып жатыр. Ішекті сыртқа шығарып, пакетке жалғап берген. Кемінде жарты жыл солай жүру керек екен.


Негізінде соқырішек ауруын несеп талдамасын жасап, лейкоцит көп болса, содан-ақ табуға болатын, отаның ең жеңіл түрі ғой. Ауданымыздың дәрігерлі соны да білмейтін боп шықты. Үшеуі жабылып таба алмағасын, басқа не айтуға болады? Балам өз-өзіне келіп алсын, ары қарайғы ісім осы дәрігерлермен болсын...»


Аида Мақсат осылай деп ашынып отыр. Кеген аудандық ауруханасының дәрігерлері бұған байланысты нендей уәж айтар екен? Құдай ананы баламен сынамасын, Нұрәли балапан сауығып кетсін деп тілейміз.