«Бұндай еркектер ешқашан түзелмейді»: қарағандылық ақсақал қыздарға ақыл айтты

0
4 229

Бұны біліп алыңыз.


«Бұндай еркектер ешқашан түзелмейді»: қарағандылық ақсақал қыздарға ақыл айтты

Қарағандылық зейнеткер Хусайын келіншектер, қыз өсіріп отырған ата-аналар өзгермейтін үш еркекке жоламаса екен дейді. Оның айтуынша, мұндай еркектерге ешқашан ес те, ақыл да кірмейді екен.

Өмірде көргені ғана емес, көкейге түйгені көп Хусайын атай түзелмейтін еркектерді ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғаларында сипаттады.



«Көп адаммен араластым, досым да, танысым да аз болмады. Құдай мені ағайын-туыстан да қыспады. Бір анадан туған сегіз бауырым бар, ал әкем он ағайынды.

Асқақ абырой да, мол несібе де берді маған Жаратушы. Бірақ бір-ақ нәрседе сараңдық жасады, ұлым жоқ. Әрине ол үшін ешкімді кінәламаймын, бір кем дүние ғой. Бастысы, отағасымын, әкемін, атамын. Осындай ең биік атауларға жеткізген жеті қызымның бар екеніне шүкір етем.

Қыздарым көп болғандықтан мен қызметтес әйелдердің, айналамдағы келіншектердің отбасылық өміріндегі жағдайларға, тәшпүшіне бей-жай қарай алмайтынмын. Тағдыр талқысы қажытқан әйелдерді көргенде кішкентай қыздарымның ертеңін ойлап уайымдайтынмын.

Қыздарымның тағдырына алаңдағандықтан шығар, мен үлкен үш қызыма күйеуді өзім іздеп тапқанмын. Ал қалған қыздарым өздері тапты, бірақ танысқан жігітімен мені таныстырмайынша кездесуге рұқсат бермейтінмін.

Адам тануға деген қызығушылығым сол кездерде пайда болған еді. Бұл тұрғыда өмірлік тәжірибесі мол адамтанушымын деп айтсам да болады.

Мен қандай еркектен жақсы отағасы шығатынын, қай жігіт жаман әдетін қоя алмайтынын, қай жаманның түзелетінін айтып бере аламын.

Ешқашан түзелмейтін еркектің біріншісі – нашақор деп нақты айта аламын. Бұған бала кезден аралас-құралас болған сыныптасымның көз алдымда өткен өкінішті өмірі мысал. Ол 14 жасынан бастап темекі шекті. Студент кезде мен де оған еріп темекіні үйрендім. Бірақ үйленіп, балалы болған жаста екеуміз де бұл зиянды әдетті тастауға әрекеттендік. Мен біржолата тастадым. Демек ұзақ жыл темекі тартқан адам шын қаласа одан кез келген жаста бас тарта алады.

Ал сыныптас досым бір тастап, қайта бастап, соңында елітетін шөптерге әуестене бастады. Әсері күшті есірткілердің дәмін көруге қызыға бастағанда, талай рет ұрсып та, ескертіп те айттым, тыңдамады.

Екеумізге ортақ бір досымыз нарколог боп жұмыс істейтін. Ол адаса бастаған сыныптасымды емханаға жатқызып емдеді. Сыныптасым емханадан шықты да әдетіне қайтып бастады. Әйелі бірнеше рет кетіп қалды, біз араласпай қойдық. Ойлансын, түзелсін дегеніміз ғой, бірақ ол одан сайын ерегісіп үдетті.

Есірткіге елітіп алғанда әйелін өлімші етіп ұрып тастайтын. Егер әйелі ажырасып кетпегенде, өмірі қорлықпен өтер еді деп ойлаймын. Өйткені сыныптасым бір күні қарт әкесімен төбелесіп, өлтіріп қойды. Ана байғұс істі жасырып, ұлын темір тордан аман алып қалды. Алайда сыныптасым бұл жағдайлардан сабақ алмады.

66 жасында қу таяқ боп арықтап, ауыра берді. Ағзасы әбден уланған екен. Ақыры қатарластарынан бұрын о дүниеге аттанып кетті. Өзінің де, ата-анасы мен әйелінің де өмірін өкісікке айналдыратын есірткіге еліткен еркекті түзеу өте қиын.

Бір сыныптасымды ғана емес, елітетін шөпке әуес болған талай еркекті өмірде көрдім. Ешқайсысы түзелмеді. Өйткені нәпсінің бұндай құмарын жеңу оңай емес.

Ойынқұмар ер-азаматтардың да арасында нәпсісін тежей білгені ілуде біреу-екеу ғана шығар?! Басқаны қайдам, мен танитын, білетін жігіттердің ешқайсысы карта, букмерлік ойынханалардың құмар ойындарынан оңған жоқ. Тапқанын ғана емес, әркімнен қарыз алып қомақты қаражатты ойынға салып жібере салатындарына таң қалатынмын. Он жыл ойнаса да олардың ешқайсысы ойыннан ұтқан емес, сонда да қолы қалт етсе, қолына тиын тисе ойынханада отыратын еді.

Баласының жөргекпұлын, әке-шешесінің зейнетақысын, әйелінің жалақысын талай жыл ойынға жұмсағандарды көріп қынжылдым. Жалғыз бауырының үйін құмар ойынға «салып» жібергенді де көргенмін. Түзелетін еркек әйелі еңіреп, ата-анасы зар жылағанда, туысы мен досы сүйектен өтетін қарғыс айтқанда ойынын қояр еді ғой. Бірақ әріптес әйелдің күйеуі, құдайы қонсым, бір мекемеде жұмыс істеген білікті маман да құмар ойынынан ойын басқа нәрсеге бұра алмады. Қасында ешкім қалмаса да, бәрінен айырылса да ойынға құмары ауып тұрады. Сондықтан мен құмар ойынға ақша тіккен адамның түзелетініне сенбеймін.

Түзелмейтін еркектің үшіншісі кім деп ойлайсыз? Араққұмар дерсіз. Мүмкін, бірақ мен таныс-біліс болған ер-азаматтар арасында бөтелкеден бас тартып, өмірін өзгерткендері көп.

Ал әйелін ұратын тиран еркектердің бәрі де «Болды, енді ұрмаймын. Бұл жігіттік сөзім» деген уәдесінде тұрған жоқ. Бір досым бар, қартайса да әлі әйеліне қол көтереді.

Алысқа бармай-ақ өз қайынатамды айтайыншы. Қаусаған шал шағында да кемпірін ұрып, сол бір әдетін өле-өлгенше тастай алмай кетті. Ол ішіп келген бір күні кемпірін ұрып, енемнің көз тамырларын жарып жіберген еді. Енем қартайғанда бала-шағасының қызығын естісе де, көре алмады. Атамның соққысынан кейін көзі мүлде көрмей, қарттығы қор боп өтті.

Негізі қол көтеретін еркекті үйленбей тұрып тануға болады. Оларды ашуландырып сынау керек. Қарындасымның күйеуі үйленбей тұрғанда-ақ бір жағдайға ашуланып жұдырық жұмсаған. Ағам екеуміз күйеу баланың сазайын бердік. Қарындасқа «Ол бұл әдетін қоймайды. Жолама» деп айттық, құлақ аспады. Қол ұстасып қашып кетті, бірақ күйеуінің ұрғанын айтып шағымданып көп келді. Лауазымды адамдарды ортаға салып, бірнеше рет күйеу баланы қамап тастадық. Жалынып айтқан сөзіне сендік, ал ол тез ұмытты. Қарындасымыздың мұрнын сындырғанда ажыратып та алдық. «Түзелем, адам болам» деген күйеу баланың сөзіне алданып қарындасым қайта татуласты.

Бірер жыл тәуір боп жүрген күйеу 40-тан асқанда әйелінің шашынан сүйреп, төртінші жүктілігінде ішіне ұрып, шаранасын түсік тастатты. Араша түссек, қарындасым шыр-пыр боп күйеуін қорғап шыға келетін. Қазір сол күйеу баламыз елу жаста, әлі ес кірмеген.

Бұндай еркектерді қабір түземесе, түрме де түзей алмас. Сондықтан өмірін қор еткісі келмеген әйел бұндай үш еркектен өзін ертерек арашалап алғаны дұрыс. Ал қыздар мұндайлардан өзін алыс ұстағаны абзал»


Хусайын атай түзелмейтін еркектердің төртінші тобы да бар екенін айтты. Сіздің ше, бұл топқа қандай еркектер кіреді? Ойыңызды комментарийге жазып қалдырыңыз.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиғалар:

«Күйеуің таксист болмасын»: шымкенттік келіншек бұл сөздің бекерге айтылмағанын растап отыр


«Келінімнің үйден қуып шыққанына қуанамын»: павлодарлық келіншек Түркістаннан қалай көшіп кеткенін айтып берді