«Келінімнің үйден қуып шыққанына қуанамын»: павлодарлық келіншек Түркістаннан қалай көшіп кеткенін айтып берді

0
3 331

Түркістан облысынан Солтүстік Қазақстанға көшіп кеткен бір мұғалімнің өмірі


«Келінімнің үйден қуып шыққанына қуанамын»: павлодарлық келіншек Түркістаннан қалай көшіп кеткенін айтып берді

Кейде мәселелер адамға өмірін өзгерту үшін беріледі. Бірақ бұны аңғара бермейміз. Тіпті кей қиындықтар құрған жоспардың орындалуына себепші болып жатқанын түсінбей аһ ұрамыз.

Павлодарлық Нағима есімді келіншек мәселеге тап болғанда «Өмірімді өзгертетін, жайлылық ортадан шығатын кез келген шығар деп ойлап, әрекет ету керек» дейді. Ол өмірінің қалай өзгергенін ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.



«Мен Түркістан облысында туып-өскенмін. Жалғыз бауырым бар, ол інім – Ерұлан. Ата-анамыз өздері оқымаса да біздің мектептен соң білімімізді жоғарылатуымызға көмектесті.

Ата-ана басқа жақсылық жасай алмаса да перзентіне жоғары білім әпергені дұрыс екен. Егер менде диплом болмағанда қазіргі күйім қандай болатынын елестете алмаймын. Мамандығым болғандықтан мен қиындық туғанда тәуекел жасай алдым деп ойлаймын.

Інім екінші курста оқып жүрген шақта әке-шешемізден айрылып қалдық. Жыладық, қайғырдық, бірақ тіршілік жалғасады екен.

Мен ауылдағы мектепте жұмыс істедім. Ай сайын жалақымды ала салысымен, ініме салып жіберетін болдым. Өзім қара нан мен қара суды азық етсем де інімнің тоқ жүргенін, қатарынан қалмай киінгенін қаладым. Сөйтіп жүріп, ол да оқуын аяқтап, дипломды болды.

Бастапқыда қалада әр түрлі жұмыс істеп жүрді. Алайда арада үш жыл уақыт өтсе де ол мамандығы бойынша жұмыс таба алмады. Сондай-ақ жұмысы да тұрақталмай-ақ қойды. Бір күні оған «Қалада өмір сүріп көрдің, оңай еместігін түсінген боларсың. Ауылға қайт. Мектепке жұмысқа орналасасың. Қалада күніңді әрең көріп жүрсің ғой» дедім. Інім «Жарайды, ауылға келемін. Бірақ жұмыстан бұрын басқа мәселе боп тұр» деді.


Інімнің сүйген қызы бар екен және ол екіқабат. Енді қайтпекпін? Жігіт деген алдымен тым болмаса қалыңмалға ақша жинамай ма екен? Жағдайына қарамай қызбен жүргені несі?


Бірақ ол сұрақтар іште қалды. Айта алмадым. Ойыма ауылдағы пайызбен қарызға ақша беретін Кеңесбек деген кісі түсе қалды да «Қызыңды алып кел, бір мәнісі болар» дедім. Інім екі күннен кейін қызды алып келетін болды. Екі күннің ішінде қарыз алып, беташарға соятын қой, күріш пен май сатып алып, көрші-қолаңды шақырып бауырсақ пісіріп дайындық жасадық.

Келін Жамбыл облысының бір ауылының қызы. Бірақ беташардың ертеңіне сиырды бірінші көріп тұрғандай, шоши қарады. «Нан жаба алмаймын» деп айтты. Өзі бір-ақ сиырымыз бар. Оны таңертең жұмысқа дейін сауып, сүтін пісіру маған еш қиын емес. Нан жабу да соншалықты қиын шаруа емес қой, келінге біртіндеп үйретемін дегенмін. Бірақ менің үйретпек болғанымды ол басқаша түсінді.

«Мен ата-енеге қызмет етпейін деп әдейі әке-шешесі жоқ жігітке тұрмысқа шықтым. Ешнәрсе үйренбеймін, қажет емес. Керек кезде үйреніп алармын» деді.

Қаршадай келінімнің бұл сөзін естігенде аузыма сөз түспей абдырап қалдым. Енелердің жайын түсінгендей болдым. Олар ұлының бақыты үшін көбінесе үндемейді екен ғой. Мен де інімнің бақыты үшін осыдан кейін үй шаруасын өзім атқарып жүре беретін болдым.

«Апама жездем сай» деген мәтел де тауып айтылған екен. Жұмыстан шаршап келсем, екеуі менің тамақ істегенімді күтіп отыратын. «Ертең жұмыстан қаншада келесіз? Кешкі асқа палау пісіріңізші» дейді інім маған қарап. Осылай күнде қандай тамақ жегісі келетінін айтып алдын ала маған тапсырыс береді. Бірде ініме «Азық-түлік тұр. Қалаған тамағыңды келіншегіңе жасатып жей берсейші» дегенмін. Інім ашуланып өзіме ұрсып шықпасы бар ма?!

«Келініңіз екіқабат. Оған көп қимылдауға болмайды. Сіз екіқабат болмаған соң келініңіздің жағдайын түсінбейсіз» деген інім асүйдің есігін тарс жауып шығып кетті.

Осыдан кейін біраз уақытқа дейін менімен сөйлеспей жүрді. Уақыт зымырап өте берді. Үйдегі кикілжің үдемесе кемімеді. Енді келін тамақты қазаннан бөлек салып алып, жатын бөлмесіне алып кіріп, інім екеуі бөлек жейтінді шығарды.


Үйде өзі үш-ақ адамбыз. Неге олар мені көргісі келмейді? Менің оларға не зияным тиіп жатыр? Керісінше жалақысын осыларға жұмсап жүрген – мені сыйлап құрметтесе жараспай ма?!


Мен тіпті інім үйленгелі үстіме жаңа көйлек те сатып алмаппын. Жазда берілетін демалысақыны да, кей-кейде басқа мұғалімнің орнына сабақ өтсем, жалақым көптеу шықса да оны өзіме жұмсамайтынымды көріп, біліп жүр ғой. Інімнің беташары мен қалыңмалы үшін Кеңесбектен алған қарызды да өзім төлеймін. Үйдің тірлігін де өзім істеймін. Ал менің бұл еңбегімді бағалап жатқан інім де, келін де жоқ. Мені өздеріне жау көреді. Ал бұндай өмір маған керек пе? Басым ауған жаққа кетіп-ақ келгім келеді, бірақ менсіз бұл екеуінің күні не болмақ?

Келін ұл босанған соң тіпті інімнің иығына мініп алды. Ініме ірі-ірі сөйлейді, ұл туып бергенін міндетсінеді. Баласының жаялықтарын ініме жуғызады. Әрине, үндемей жүргеніммен, бірде шыдамым таусылып, келініме қатты-қатты айттым. Ініме жаным ашып айтқан едім. Бірақ інім келіншегінің сөзін сөйлеп өзіме қарсы шықты.


«Түу, неге біздің өмірімізге араласа бересіз? Отбасымыздың шырқын бұзасыз да жүресіз. Қыз – қонақ, қашанғы бізбен бірге тұратын ойыңыз бар? Тұрмысқа шығып кетсеңізші. Бізді жайымызға қалдырыңызшы» деді үстелді тоқпақтап інім.


Көңілсіз күндер өтіп жатты. Бір күні жұмыстан келсем, менің киімдерім мен төсегімді ас бөлмеге жайғастырып қойыпты. Аңтарылып тұрған маған келін «Бала бір жастан асты, енді ол ата-анасынан бөлек жатуы керек. Оның өз жеке бөлмесі болуы қажет. Сіз жай қонақсыз ғой бұл үйде. Сондықтан уақытша ас бөлмеде тұрасыз» деп түсіндірді. Інім оның сөзін мақұлдап, әр сөзіне «дұрыс» дегендей басын қайта-қайта изеп тұр.

Көзіме іркілген жасты тыйып қала алмадым. Ауыл шетінде тұратын әріптесім Жамал апайдың үйіне шейін жылап бардым. Зейнеткер жасына жеткен, анам сияқты қамқор апай еді ол. Мән-жайды түсіндіріп айтып бердім. Жамал апай бір күрсініп алды да Солтүстік Қазақстанда тұратын бір танысымен сөйлесті.

Жамал апай маған Солтүстік Қазақстанға кетуге ұсыныс тастады. «Інің мен келініңді уайымдама. Олар сен кеткен соң өздері-ақ ақша табуға әрекеттенеді. Өзіңді де ойласайшы. Мүмкін ол жақтан теңіңді тауып, тұрмысқа да шығарсың. Ал ауылда жүре берсең сені кім көреді, кіммен танысасың? Тым болмаса солтүстік өңірді көріп қайтасың. Ол жақта мәңгі қалмайсың ғой, ұнамаса қайтып келесің. Нең кетеді?» деді.

Көп ойланбадым. Өйткені ініме қатты ренжулі едім. «Кетем» деп шештім. Жамал апайдың күйеуі әкімшілікке ертіп барып, қажетті құжаттарды жинап, өңірлік квотамен қоныс аударуыма көмектесті.

Алғашқы жылдары ауылды сағынатынмын. Бірнеше рет қайтып кетпекші де болдым. Бірақ мұнда өсуге, өзгеруге мүмкіндік бар екенін ойлап, жаңа өмір бастауға өзімді көндірдім. Қызметтік баспана берілді. Жұмыспен қамтыды.

Жыл сайын Солтүстік Қазақстанға әр аймақтан квотамен көшіп келетіндер көп. Отбасылылар да, бойдақтар да бар. Тек мұғалімдер ғана емес, егін егіп, шаруашылықпен айналысып жатқан әр түрлі мамандар да, өз кәсібін ашып дөңгелетіп жатқандар да жетерлік.

Бірде мектептегі мұғалімдерден ауданның білім бөліміне түркістандық бір жігіт келді деп естідім. Оны көрсем, ауылымды көргендей болармын деп ойладым ба, әлде тағдыр айдады ма екен, сол күні өзім барып таныстым.

Ақжарқын, ашық жігіт. Ол да өмірін өзгерткісі келіп, Түркістаннан көшіп кетіпті. Әңгімеміз әу дегеннен-ақ жарасты. Күнде кешке сырласып, серуен құратын болдық.

Ол ажырасқан екен. Әйелі өзі кетіп қалыпты. Өткен өмірін, әйелін ұмыту үшін солтүстік өңірге келіпті.

Бір-бірімізге сырымызды айтып жүріп, арамызда махаббат сезімі тұтанғанын байқамай да қалдық. Бір жылдан соң ол маған үйленуге ұсыныс жасады. Мен келістім. Өйткені оған қатты бауыр басып қалып едім.

Қазір шүкір, Інжу, Маржан есімді екі қызымыз бар. Бақыттымын. Қыздарым «мама» деп еркелегенде, күйеуімнің қамқорлығын көргенде, ауылдан кетуге көмектескен Жамал апайға рахмет айтамын.

Інім мен келініме де алғысым шексіз. Егер сол екеуі тым жақсы қарым-қатынаста болғанда мен әлі күнге дейін солармен бірге тұрып жатар ма едім, кім білсін?!

Отбасылық мәселе осылай менің өмірімнің өзгеруіне, өмірлік жарымды табуыма, ана бақытын сезінуге түрткі болды. Егер сондай мәселе болмағанда менің өмірімде осындай өзгеріс те, бақыт та болмас еді деп ойлаймын. Әр қиындықтан жақсылық іздеп, бағытты өзгертуге тырысқан жөн екен...»


Өмір-ұстаз шебер ғой, бәрін өзі ұйымдастырып, дұрыс жолды көрсетеді. Ол біреу арқылы қалай өмірді өзгертуге болатынын «айтады», әлдебіреу арқылы жол «көрсетеді». Тек оны көре білу керек, ести білген жөн.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиғалар:


«Ажырасуды ойлайтын қыздардан қорқатынмын»: талдықорғандық жігіт неліктен кеш үйленгенін айтты

«16 жасымда зорлап кеткен»: Қызылордалық әйел екі жігіттің құрбаны болғанын айтып берді