​«Екі ұлымнан күйеу балам артық шықты»: түркістандық қария баспанасынан қалай айырылып қалғанын айтты

0
1 330

«Кіші келін келгелі үйімізден береке кетті»


​«Екі ұлымнан күйеу балам артық шықты»: түркістандық қария баспанасынан қалай айырылып қалғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазақтың «орта жолда атың өлмесін, орта жаста жарың өлмесін» дейтұғын сөзі дөп айтылған екен. Әйел адамға еркексіз оңайлау ғой, бірдеңе етіп көндігіп, тіршілігін жалғастырып кетеді. Ал еркекке әйелсіз қалған өте қиын екен» дейді Тұрар есімді қария.


Бір қыз, екі ұлды тәрбиелеп, жеткізген оқырманымыз үш жылдан бері жиналып қалған іш-дертін ERNUR.KZ тілшісіне ағынан жарыла әңгімелеп берді.


«Құдай қосқан қосағымнан үш перзент сүйдім. Барынша жақсы тәрбие беріп, ештеңеден кем қылмай өсірдік. «Осы көзге көрінгендеріміздің рахатын көрейік» деп кемпірімді барынша күтіп-баптауға тырыстым. Бірақ жылдар бойы бойына жабысқан аурудан қашып құтыла алмады.


Үлкеніміз қыз, ол Қызылордаға тұрмысқа шыққан. Одан кейінгі бала үйленіп, келініміздің босанатын айы-күні жетіп отырғанда кемпірден айырылдым. Ауырып, мазасы болмай жүрсе де келініне алаңдап, «осы немеремді көріп кетсем арманым жоқ» деп отырушы еді. Бұйырмаған екен, немеренің маңдайынан сүйіп, иіскей алмады. Жеті күндік асын беріп жатқанда келінім перзентханаға түсіп, өмірге Жансая деген қызды алып келді. Атын өзім қойдым, жалғыз қалған жаныма сая болсыншы деп өзіме сол немерені жұбаныш еттім.


Айтқандай-ақ Жансаяммен шырағы сөнген үйіме қайта жарық толды. Өзім қарадым. Алты айға толғанда анасын ембей қойды да, «келін, сен жұмысыңа алаңдамай шыға бер, өзім бағам» деп немеремді қасыма алып жатып, анасынан артық қарадым. Оның да мен дегенде шығарға жаны бөлек. Әке-шешесі бір тәтті әкелсе жартысын маған бергенше тыным таппай, сырттан кіргенімді күтіп отырады. Немерең жаннан тәтті деген рас екен.


Жансая немерем екі жасқа толғанда екінші ұл келін әкеп қуантты. Көп ұзамай олар да ұлды болды. Екінші келін ұлды болғанға дейін абысынымен өте тату тұрды. Екеуі апалы-сіңлідей әңгіме айтып, шүйіркелесіп шай ішіп, не істесе де бір-біріне көмектесіп жүретін. Олардың бұл тірлігіне риза боп, көңілім марқайып, ішімнен шүкіршілігімді айтып отыратынмын.


Бірақ кіші келін босанып, үйде отырып қалды да, мінезі өзгеріп сала берді. Абысынының жұмыста жүргенін көре алмай ма, қит етсе екеуі сөзге келіп, шапылдасып қалатынды шығарды.

«Сен азаннан кешке дейін жұмыстасың, мына үйдің бар шаруасы менің мойнымда» деп сөйлейді. Үлкені де қалыспай, «үйде отырсаң тапқан табысты осы үйге әкеп, ас-ауқатымен қамтамасыз етіп жатырмыз» деп шықты. Не керек, күндердің күні келгенде екі келіннің ерегісінен үйде тамақ істелмей қалатын жағдайға жеттік. Екеуі бөлмелерінен шықпай, жатып алғанда кімге өкпелерімді білмей, қазан-ошаққа қалай араласып кеткенімді түсінбей қалдым.


Екеуі тыныш болсын деп кейде киімдерімді де өзім жуып, жая салам. Әйел ашуланса үйде береке болмайды екен. Осындайда кемпірімнің жоқтығы жаныма қатты бататын. Кіші келінге де «балаңды маған тастап, жұмысыңа бара бер» деп айтайын десем, онысы тым беймаза, еметіні тағы бар. Бір өзіме қарау қиын болды. Айналдырған екі жылдың ішінде ынтымақты отбасымның сау-тамтығы қалмады. Екі баламда да ес жоқ екен, әйелдерінің сөзіне еріп, жиі ренжісіп қала берді.


Тірі өлік болдым да қалдым. Шырылдап, бірлікке шақырғанымды тыңдай қоятын ұл да, келін де жоқ. Сөйтіп жүргенде үлкен ұл «біз бөлек кетеміз» бір күннің ішінде келіннің артынан келген дүние-мүліктерін тиеп, кете барды. Бәрінен де жанымнан бір елі қалмайтын немеремді ойлап, жүрегім езілді. «Атамның қасында қалам» деп шырқыраған қызымды шешесі қолынан сүйреген күйі шығып кетті. Арттарынан көзімнің жасын әрең тыйып қарап тұрдым.


Кешке кіші балам жұмыстан келгенде жыларман боп болған жағдайды баяндап бердім. «Кеткені дұрыс болған екен, мәңгі бірге тұру мүмкін емес» деп шықты ол. «Осының бәрі сенің әйеліңнің шығарғаны. Кіші боп абысынына шапылдамай, сыйлауы керек еді» деп едім, бәлеге қалдым. Ұлымның да көзін шел басқан екен. Шындықты жалған деп, бар жағдайға өзімді кінәлап шықты.


Бір рет жүз шайысқаннан кейін қайта татуласып кету қиын екен. Жарты жылдан соң екінші балам «біз де қалаға көшеміз, ауданға барып-келіп жұмыс істеу қиын» деп шықты. «Қара шаңырақты ешкімге тастамаймын, кетсең өзің кете бер» деп отырып алдым. Бірақ балам мен келін әрі-бері айналдырып, қалаға көшуге көндірді. Үйді сатып, қалғанын несиеге рәсімдеп екі бөлмелі пәтер сатып алдық.


Шынымды айтсам ол үйде өмір сүре алмадым. Әбден кең далада, көрші-қолаңмен әңгімелесіп, азын-аулақ малымды ермек қылып өмір сүріп қалған адамға тас үйге қамалып отыру қиынға соқты. Тынысым тарылып, өкпем қысылып, үйімді сатып кеткеніме ішім күйді. «Ауылға кетем, бұлай өмір сүре алмаймын» деп балама айтып ем, «қайда тұрасыз, үйіміз жоқ қой» демеді. «Мейлі, өзіңіз білесіз» деп шығарып салды. Амал жоқ, інімнің қолына бардым. Ол жақта төрт ай сыйдым. Қанша дегенмен емін-еркін оңаша тұрып қалған адамдар ғой, бірте-бірте ол келін де қабағын түйіп, жақтырмайтынын анық байқатты.


Қазір енді қызымның қолындамын. Менің әр жерде босып жүргенімді көрген соң арнайы күйеуімен іздеп келіп, алып кетті. Олар таңнан кешке дейін жұмыста, мен жиендерімді мектепке апарып, әкеліп, үйірмелеріне жеткізіп жүрмін. Бар ермегім солар болды. «Ата, сіздің келгеніңіз жақсы болды, көңіл-қарнымыз тыныш» деп күйеу балам мәз. Бірақ құдалардан ұялып жүрмін. Қартайғанда екі баладан мейірім таппай, Қызылордадағы күйеу баладан қайыр табам деп кім ойлаған? Өмір-ай десейші...»



Өз басыңыздан өткен ерекше оқиғаңыз, көпшілікпен бөлісетін ойыңыз, айтар әңгімеңіз болса, онда біздің редакцияға хат жазып, хабарлассаңыздар болады. Байланыс нөмірі - 8-771-669-36-69.