​«Қару ұрлады деп жала жауып, қаматып жіберген еді»: алматылық азамат әйелінің сатқындығын есіне алды

0
6 964

«Сымбат от әйел еді, ақыры жалынына күйдіріп тынды»


​«Қару ұрлады деп жала жауып, қаматып жіберген еді»: алматылық азамат әйелінің сатқындығын есіне алды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Сатқындықтың не екенін дәмін сезген адам ғана біледі. Мен оны сезіндім, ең жақын әріптес-досым мен балаларымның анасы ту сыртымнан пышақ ұрды. Соның кесірінен 3 жыл 8 ай уақытымды абақтыда өткіздім», - дейді Қайрат есімді алматылық азамат.


Әскери қызметтің бірнеше сатысынан өтіп, жоғары шенге ие болған Қайрекең қазір кәсіппен айналысып жүр. Сүйікті жұмысынан кетуінің себебін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Бала күнімнен әскери формаға қызықтым. Сол арманмен оқу бітіре сала әскерге кеттім. Әке-шешем жібергісі келмеген, «таныстарды араға салып, өзіміздің қалаға алып қалайын» деп әкем марқұм ниет білдірген. Мен көнбей қойдым. Бұйырған жеріне барып, борышымды өтеу мен үшін қызық болды. Өскеменнен бір-ақ шықтым, ең қиын деген топқа түстім. Бірақ бұл қиындық мені одан әрі шыңдай түсті. Әскери өмірдің қыр-сырын үйренуге құлшынып, армиядан әскери қызметкер болатыныма бек сенімді боп оралдым.


Ауылға оралған соң көп бөгелмей оқуға түстім. Бітірген соң бірден жұмысқа алды. Сүйікті кәсібіме қолым жеткен соң барымды салып жұмыс істедім. Осы қасиетімді байқаған басшылық көп кешіктірмей менің қызметімді жоғарылатты. Екі жылдан соң Астанаға қызмет ауыстырып, сол жақтан пәтер алдым.


Әскер, оқу, жұмыс деп жүргенде жасымның отызға таяғанын сезбеппін. Сыныптастарымның алды ұлына той жасап жатқанда жан-жағыма көз салып, үйленетін қыз іздей бастадым. Менің жүрегімдіт Сымбат деген ару жаулады. Ол менің көзіме ай мен күн боп көрінген. «Қойшы, мінезі біртүрлі» деп жанымдағы достарым әзіл-шыны аралас, астарлап жеткізсе де, Сымбатты теңдесі жоқ жандай есім кете сүйдім. Сол сезіммен бір жылдан кейін бас қостық.


«Кәрі қыз ұл таппайды, ұл тапса, қоярға жер таппайды» деген мақалдың кеш үйленген еркекке де қатысы бар-ау. Үйленгеннен кейін әйелімнің жанынан бір елі ұзап шыға алмай қалдым. Бақыттын басым айналып, жұмыс біткенше тыпыршып, әрең шыдайтын едім. Бұрын апталап іссапарға шығатын Қайрекең басшыларға түрлі сылтау айта бастады. Сымбаттың мені өзіне тартатын қандай құдіреті барын білмейм, әйтеуір от еді. Шын бақыттың дәмін сезініп, екі баланың әкесі боп, солар ештеңеден кем болмасын деп шапқылап жүргенде басыма Құдайдың сынағы түсті.


Бұл уақта мен әскери бөлім басшысының орынбасары қызметіне дейін көтеріліп қалғам. Өмір осы арнамен кете береді деп арқаны кеңге салып қойдым ба, күндердің күнінде жұмысымнан біртіндеп шикіліктер шыға бастады. Жаңадан келген басшы әр нәрседен ілік іздеп, түртпектейтін болды. Үйдегі атмосфера да бұрынғыдай емес. Есіктен кіргенде мойныма асыла кететін Сымбаттан салқындық байқадым. Жиі басы ауырып, балтыры сыздап, болмашыға ашуланатын мінез шығарды.


Көп ұзамай менің үстімнен іс қозғалды. Алдымен күдікті ретінде тергеуге жапты. Өзімнің ақ екеніме бек сенімдімін. «Сәл шыдасам үйге қайтам» деп өз-өзімді жігерлендіріп қоям. Бірақ тергеу ұзаққа созылып, ақырында сот залынан бір-аұ шықтым. «Сізге қоймадан қару-жарақ ұрлап, сатқан деген айып тағылды» дегенде естен тана жаздадым.

Ал сот залына маған қарсы куәліке ету үшін өзімнің Сымбатым келіпті. Ақ болсам да, адал болсам да, қара жердің тесігі болса кіріп кетуге шақ тұрдым. Өзім үшін емес, ол үшін ұялдым. Адал жар таңдай алмай қор болған өзімді аядым. Сымбаттың баяғы жанып тұрған көздері сөніп қалған, маған тіке қарай алмайды. Біреудің жаттатқан «ертегісін» ұмытып қалмайын дегендей аптығып айтып берді де, сот залынан шығып кетті. Басқа емес, қойнымдағы әйелімнің қақпан құрғанын білгенде өкініштен өртеніп кеткендей болдым.

Бірақ оның жалғыз өзі мұндайға бармайды ғой, ақыл қосқан біреу барына сенімді едім. Сөйтсем, ең жақын, бауырымдай араласып кеткен әріптес-досым Әмірхан мен Сымбаттың арасында махаббат бар екен.


«Әйелім төркініне кеткен, бүгін сенің үйіңнен тамақ ішейін» деп келгіштеп жүріп байланысқан екен. Менің шенімнің өскенін, қызметте әлдеқайда көтеріліп кеткенімді көре алмаған болды ғой. Сымбатым Әмірханның әдемі сөзіне алданып қалды ма, екі баламыздың тағдырын қыл үстіне қойып, мені түрмеге тоғыта салды.


Ішімнің ашитыны - Сымбаттың сатқындығы. Бетіне қарсы келмегем, қалағанының бәрін аузын ашқаннан әпере беруші едім. Бүйтіп қинағанша «мен сені сүймеймін, ажырасайық» десе, көңілі қалағанын бұлжытпай орындаудан тайынбайтын адаммын. Бірақ ол сатқындықты таңдады. Бірақ бұл қадам оған құтты болмады. Сенген Әмірханы әйелімен ажыраспай, Сымбатты ысырып тастай салды.


Екі баламмен байланысым үзілген емес. Ара-тұра ақшалай жәрдемдесіп, жылына екі рет арнайы іздеп барып, кездесіп тұрам. Биыл үлкен балам мектеп бітіріп жатыр. Жұмыстан босап, жанына бара алмадым. Соны ойлағанда әйелімнің сатқындығы есіме түсіп, сіздерге сырымды ашып отырмын.


Сымбат қазір жалғыз, кешірім сұрап, қайта қосылғысы келген. Бірақ қалған көңіл шыққан жанмен тең деген рас екен, кешіре алмадым. Қазір Алматыма қайта оралып, саудамен айналысып жатырмын. Бақытты болатыныма сенемін, тек бала күннен арман еткен сүйікті қызметтен кеткеніме ішім ашиды...»