«Шешесінің өгей екенін соттасқанға дейін білмепті»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Үйге талас, мүлік дауы дегенді баяғыда тек кинодан көруші едік. Қазір бұл жағдай қазақтардың арасында да кездесіп жатыр. Мен бүгін ауылдағы көрші атаның шаңырағы туралы айтып берсем деймін. Атам марқұм ол үйдің әр қышын өзі құйып, өзі тұрғызып еді. Қазір ол үй үйіндіге айналды», - дейді Аяжан есімді келіншек.
Көршісінің отбасындағы жағдайды оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Көрші атаның атын атамай-ақ қояйын. Марқұм өте жақсы кісі еді. Біз ол кезде баламыз, мектепке барарда, келерде көрші атаның үйіне қызыға қарап, ішінде не бар екен деп қиялдап өтетінбіз. Ол кезде көрші ата анау айтқандай кәрі емес екен ғой. Тек жалғыз тұратынына таңданып қалушы едім.
Көрші атаның үйі ауылдағы мен деген үйдің бірі еді. Әке-шешем «Құдай адамды бір пейілінен қысады екен ғой. Көршінің бақытты болар күні туар ма еді» деп күбірлесіп отыратын. Бір күні әлгі көршіміздің үйленгенін естідік. «Жесір келіншекті алыпты» деп ел біраз шулады. «Жесір деген не» деп мамамнан тықақтап сұрап алушы едім. «Есейіп қалған үш баласын төркініне қалдырып кеткен екен» деп тағы өсек болды.
Мен есейіп, оң-солымды тани бастағанда көрші мен оның жесір әйелі бір бала асырап алды. Ол бала менің ініммен жасты еді, үйге келіп, екеуі ойнайтын. Кейін білгенім, Бақтыбек көрші атаның қарындасының баласы екен.
Бақтыбек мектепті жақсы оқыды. Қоғамдық жұмыстарға, концерттік іс-шараларға белсене араласатын еді. Бірақ мектеп бітірген соң оқуға түсе алмады. Естігенім, ақылы бөлімге түсіретін әкесінің шамасы болмапты. Содан ауылдағы кәсіптік колледжді бітіріп, "сварщик" боп істеді. Табысы жақсы еді, қолынан өнері тамған, ауылдың адамдары Бақтыбекті жалдауға кезекке тұратын. Пысық жігіт там-тұмдап жинап үйінің айналасын тап-тұйнақтай етіп қойды. «Арка» деген енді шығып жатқан кез, ауылға мүлдем таңсық дүние еді. Бақтыбек алғашқылардың бірі болып үйіне арка жасады. Қолынан келгесін қойсын ба, есігінің алдына тапшан, кәуап пісіретін бастырма, қысқасы, бірталай дүние жасады.
«Мына балаға үйлен дедім, сөйлесіп жүрген қызы бар екен. Келесі апта әкелетін болды. Соятын қойың бар ма?» деп көрші атаның әкеме келгені есімде. Бір аптадан кейін көршінің үйінде беташар болды. Бірақ келген келін бір жылға жетпей кетіп қалды. Себебі өгей ене күн бермеген еді. Жасырып қайтейін, көрші атаның әйелі беймаз кісі еді. Бақтыбекке де жақсы қарады деп айта алмаймын. Жаңа түскен келін мен баланың ортасына түсіп, көршілерге жамандайтын да отыратын. Ақыры шыдамай, екеуі ажырасып тынды.
Көрші ата «Әйелден жолым болмады, жалғызымды сыйғызбады» деп ішіп келіп әкеме мұң шаққан. Көп ұзамай қан қысымы көтеріліп, қайтыс болды. Атаның қырқы өте сала әйелі үш баласының біреуін бала-шағасымен қолына көшіріп алды. Мәселенің бәрі осы кезде басталды. Қалада жұмыс істеп жүрген Бақтыбек әкесінің қырық күндік асына келсе үйде бөтен адамдар жүр. «Бұлар кім, неғып жүр?» деп шешесінен сұрайды ғой. «Бұл менің балам, мынау келінім, енді олар осы үйде тұрады» дейді өгей шеше.
«Аға, айтыңызшы, олардың мына үйге қандай қатысы бар? Шешеме айтсам түсінбейді, маған заттарыңды жинап, кет деп отыр» деп біздің үйге шағымданып келген. «Балам, кет дегенге кете саласың ба, тірнектеп жүріп үйдің керегін өзің түгендедің ғой. Қазір заң бар, сот бар, дауласып, үйді өзіңе ал» деп әкем кеңес берген. Содан өгей шеше мен баланың арасында сот басталды.
Мамам мен әкем, басқа да көршілер сотта куә ретінде қатысып келді. Бәрі Бақтыбектің сөзін сөйлеп шыққан. Ақырында сот өгей шеше мен Бақтыбекке мүлікті теңдей бөлу туралы шешім шығарып берді. Сол кездегі өгей шешенің долданғанын көрсеңіз, үйге келіп есігінің алдын астаң-кестең еткен. «Мен мына үйді оқытам, бәрібір бұл шаңырақта бақытты бола алмайсың» деп Бақтыбекке қолына түскен заттың бәрін лақтырып, есігінің алдындағы шөпті өртеп, ит масқарасы шықты. «Бұл үйде сен де бақытты бола алмайсың, одан да сатып, ақшасын бөліп алайық» деп Бақтыбек долы шешеден құтылғанша асықты. Айтпақшы, ол шешесінің өгей екенін сотқа жүгінгенше білмеген екен.
Сонымен, не керек, үйді ауылдағы мектепке ауданнан келген мұғалім 500 мың теңгеге сатып алды. Бір жылдан кейін еңселі үйден тек үйінді қалды. «Мына жерді бау-бақша етем, суы жақсы екен» деп, өзі ауданға көшіп кетті. Сол оқиғадан кейін Бақтыбектен хабарсыз қалғанбыз. Кеше ауылға, мектеп бітіргендеріне жиырма жылдық кездесу болып, соған келіпті. «Ағаммен амандасып кетейін» деп біздің үйге арнайы соғыпты. Мен де төркініме қыдырып келген ем, кездесіп, біраз шер тарқаттық.
«Үй сатылған соң шешемнің қайда кеткенінен хабарсызбын. Ал мен үлесімнен тиген ақшаға қаланың шетінен жер алып қойған едім. Қазір сол жерден үй тұрғызып алдым. Баяғы кеткен келіншегіммен қайта жарасқанбыз, екі баламыз бар» дегенде Бақтыбек үшін шын қуандым. Бірақ ол тып-типыл болған қара шаңырақты көргенде өзін ұстай алмады. Жылап жіберді...
Қазақ кең халық еді ғой. Қолдағы барын бауырынан аямайтын ел едік. «Болса, туғаныма болсын» дейтінбіз. Бірақ қазір ондайды ұмыттық-ау, жүректен қанағат кеткен сияқты...»