​«Қызметшімнің қызы күйеуімнен боп шықты»: түркістандық әйел өзін күйеуінің қалай алдағанын айтып берді

0
2 234

«Салонда істетпесең бәрін әйеліңе айтып берем» деп қорқытыпты»


​«Қызметшімнің қызы күйеуімнен боп шықты»: түркістандық әйел өзін күйеуінің қалай алдағанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жасым қырыққа таяса да баладай аңқау екенмін. Мұны енді ұқтым. Тіпті қазір студент қыздардың өзі махаббат, ер мен әйелдің қарым-қатынасы мәселесінде менен пысық шығар. Аңқаулығым мен ақымақтығыма қазір ішім ашып отыр», - дейді Зейнеп есімді түркістандық әйел.


Үш баланың анасы күйеуінің опасыздығын ERNUR.KZ арқылы көпшілікке жайып салды.


«Темірхан екеуміздің тұрмыс құрғанымызға он бес жыл болды. Мен студент боп жүргенде ол қолына дипломын алып, басқармаға жас маман боп орналасқан еді. Әке-шешесі «үйлен» деп қоймағасын біз көп жүрмедік. Танысуымыз да, кездесуіміз де, тойымыз да бір жылдың ішінде зу етіп өте шықты. Дегенмен күні кешеге дейін Темірханның әйелі болғаныма өкінген емеспін. Ата-енеміз ауылда, қарапайым жандар. «Сен келінсің» деп түртпектеген емес. Менің оқуым, күйеуімнің жұмысы деп үйлене сала еншімізді алып кеткенбіз. Дипломмен жағаластырып жүріп тұңғышымды дүниеге әкелдім. Оны емізіп жүріп екіншісіне жүкті болдым. Қысқасы, мықты маман болам деген арманым ас үй мен бесіктің айналасында қалып қойды.


Үйде отырған он екі жылда жеткен жетістігім – үш балам. Соларды ауыртпай өсіру үшін, түрлі үйірмелерге қатыстырып, күйеуімнің бабын жасау үшін үйде отырдым. Аллаға шүкір, күйеуім ештеңеден тарықтырған жоқ. Қазір ол әжептеуір қызметте істейді. Табысы жақсы, үй салып, астыма көлік әперді. Балаларына да қамқор әке. Бір қарағанда оны сыртта жүріс жасайды, көңілдесі бар адам деп айтпайсың. Бірақ, «адамның аласы ішінде» екен.


Кіші ұлым бастауышты бітірген соң жұмысқа шығайын деп шештім. Шынымды айтсам үйде отырып жалықтым. Бірақ мамандығым бойынша мектепке кіруге жүрексіндім. Баяғыдай жас емеспін, батылдық жоқ, оның үстіне мектептің бағдарламасы да бұрынғыдай емес. «Темірхан, маған салон ашып бер, соны басқарайын. Өз алдыма кәсіп бастайын, балалар өсіп қалды, оларды аяқтан тұрғызу үшін ақша керек, бір жағыңа болысайын» деп әрең көндірдім. Жолдасым «несие алдым» деп салонды ашуға біраз қаражат берді.


Үш жылдан бері осы кәсіппен айналысып отырмын. Өзім де қарап жүрмей қас бояу, кірпік жабыстыру секілді курстарды бітіріп алғам. Қазір әжептеуір клиентім бар. Табысым жаман емес. Жұмысқа шыққалы араласатын ортам пайда болып, көңілім көтеріліп қалды.


Айтайын дегенім, салонымызға екі жыл бұрын бір қыз келген. Маникюр жасайды. Өзінің клиенті көп, тілі де пысық. Біздің ауыл жақтың қызы екен. Келгеннен «әпкелеп» іші-бауырыма кіріп кетті. Таңертең барсам кофемді дайындап, алдымнан елпілдеп шығады. Отыра қалып сырымды да, жырымды да ақтарам. «Қойыңызшы, рас па...» деп ұйып тыңдап алады. Талай мәрте үйіме де шақырып, қонағымды күтіскен. Бір сөзбен айтқанда, туған сіңлімдей боп кеткен қыз ғой.


Өз аузынан күйеуден ажырасып кеткенін естігем. «Енем нашар еді, күйеуім екеуміздің арамызға түсіп, мені үйден қуып шықты. Қазір бір қызым бар, әкесі анда-санда келіп тұрады» деп көзі мөлтілдегенде енесінің тірлігіне қоса күйінгем. Сөйтсем айтқан сөзінің бәрі жалған екен. Қызым деп ертіп келіп жүретін бес жасар бүлдіршіннің әкесі менің Темірханым боп шықты.


Темірхан ара-тұра салонға келіп, шашын қысқартып тұратын. Бірақ келген сайын көп бөгелмей, ешкіммен артық әңгімелеспей, тез кетіп қалатын. Бір күні салонға қажетті заттарды әкелуге базарға шыққам. Көлігім жоқ, такси шақырып, базарға жете бергенде соткамның салонда қалып кеткенін білдім. Бар ақша соның ішінде, тіпті таксиге беретін тиын жоқ. Амалсыз кері қайтуға мәжбүр болдым. Келсем күйеуімнің машинасы салонның алдында тұр. Оны көргенде қуанып кеттім. Өзімше таксиге беретін ақшаны үнемдеп, жолдасыммен жетіп алам деп ойлап қоям. Дереу ішке кіріп, кассадағы қыздан таксипұлдың ақшасын алып, төлеп жібердім.

Кірген бетте ерлер залы ғой, бірақ ол жақтан Темірханды байқамадым. «Ішкі жақта шашын жуғызып жатқан шығар» деп төргі бөлімге өтсем, күйеуім мен әлгі «сіңлім» аймаласып жатыр. Мені көргенде екеуі де сілейі тұрып қалды. Базарға кетті, кемі екі сағатсыз қайтпайды деп ойласа керек.


Салонда ештеңе демедім, күйеуім зып беріп шығып кетті. Ал «сіңлімді» сол мезетте жұмыстан босатып, мәдениетті түрде қуып шықтым. Жанжалдың көкесі кешке, үйде болды. Әңгіменің соңы «кездесіп жүргендеріңе қанша болды» деген сұраққа тірелді ғой. «Бес жыл...» деп міңгірледі байым. Естігенде көзім шарасынан шығып кете жаздады. Ол қызды танығаныма екі жыл болды. Сонда бұл қалай?..


Сөйтсем күйеуім ауылға бара жатып жолдан осы қызды ала кеткен. Екеуі машинада танысып, телефон алмасқан. Қалаға келгесін қайта кездесіп, соңыра махаббатқа ұласып, бес жылдан бері менің көзіме шөп салып жүріпті. «Енем оңбаған» дегенінің бәрі өтірік екен. 4 жасар қыздың әкесі менің Темірханым боп шықты.


«Мен сенің салоныңа қалай жұмысқа тұрғанын білмеймін, сені өзі іздеп, тауып алған ғой. Көрген кезде өзім де таңғалдым. «Кет, әйелімнен, отбасымнан аулақ жүр» деп ескертіп едім, «менің қайда істейтініме тыйым сала алмайсың, әйтпесе бәрін әйеліңе айтып берем» деп қорқытты. Сосын амалсыз, үндемей жүрдім» деп сенген күйеуім бар шындықты жайып салды.


Әдетте әйелдер күйеуінің суыт жүрісін тез байқайды ғой, күйеуі үйіне кеш келеді, қонбай қалады, сыланып-сипанып жүретін болады. Ал менің Темірханымнан оның біреуін де байқамаппын. Білдірмеді. Көңілдесі түгілі көз алдымда жүгіріп жүрген қызы барын аңғармаған ақымақпын мен.


Бірақ мен басқа әйелдер сияқты жылап-сықтап, ажыраса салмаймын. Іші-бауырыма кіріп, асымды ішіп, сыртымнан күліп жүрген оңбағанға дап-дайын күйеуді бермеймін деп шештім. Бірақ күйеуімді кешірмейтінімді айтып, «ажырасамын» деп қорқытып жүрмін. «Жаздым, жаңылдым, сенен басқа ешкім керек емес, ол бір сәттік қателіктің кесірі» деп аяғыма жығылды. Тағы біраз жалынсын.


Қыздар, абайлаңдаршы, ақшалы, еркектің басын айналдырып алатын арсыздар көбейген заман болды. Көзіңді ала бере қағып кетеді. «Еркекке сенбе, екі босағаңа сен» деген рас екен...»