Қарыздан құтқару үшін мүгедек жігітке тұрмысқа шыққан

0
2 182

Ағасының қарыздарын жабу үшін өмір сүріп жатқанына қынжылатын келіншектің өмірі өгей анасына тәуелді.


Қарыздан құтқару үшін мүгедек жігітке тұрмысқа шыққан

Тәуелсіз елде тұрсақ та, біреуге немесе бір нәрсеге тәуелді адамдар бар. Бірі араққа, екіншісі есірткіге тәуелді. Жібек өгей анасына тәуелді, ал ағасы құмар ойынына...

Жібектің барлық қайғысы, өкпе-реніші жеке басының басыбайлы тәуелділігінен туындаған. Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Жібек Алматы облысында тұрады. Оның қазіргі өмірі ғана емес, балалық шағы да шытырман оқиғамен өрілген. Айтуынша, әкесінің екі әйелі болған. Біріншісі заңды, екіншісі азаматтық неке. Бұл екінші некеден туған екен.

Әкесі бірінші жарымен ата-анасы қолқалап қоймағандықтан ғана бір жастықта бас қосқан. Ал Жібектің анасына сезіммен үйленген. Дұрысы, Жібектіңанасын әке-шешесі ұнатпаған, оған үйленуге қарсы болған. Бірақ сонда да ғашықтар кездесуін доғармаған.

Үйден гөрі түзде көп жүретін, тіпті, үйіне кейде қонбайтын күйеуінің аяғына тұсау салу үшін бірінші әйелі ертерек балалы болуды ойлайды. Енесі де «Еркектің үйдегі қазығы – бала. Топырлатып туып таста, сосын ешқайда бармайды» деп келініне ақыл айтады. Алайда бірінші әйелі бір ұлдан кейін бала туа алмапты. Өз айыбын білгендіктен болар, ол күйеуінің басқамен байланысы бар екенін білсе де, шу шығармаған, байбалам салмаған. Бұл аралықта күйеуі екінші әйелімен тұрып жатады. Жібек өмірге келеді.

Ол кішкентай кезін:

- Әкем үйде көп болмайтын еді. Анам үнемі «әкең іс-сапарда» дейтін. Кейін анам қатты сырқаттанып, көп уақыты ауруханада өтті. Мен кішкентай ғана бүлдіршін болсам да әкемнің анама жасаған сол кездегі қамқорлығын есімде сақтағанмын, - деп еске алды.


Оның анасы аурухана төсегінде көз жұмыпты. Бір кездегі махаббатын басты орынға қойып, отбасын тастап кеткен әкесі бірінші әйелімен қайта татуласыпты. Анасыз қалған Жібекті ертіп келгенде, ол аулада бір әйел мен өзінен бір-екі жас үлкен баланы көреді. Бала «Әке, әкем келді. Әке енді кетпейсің бе?» деп қуанып қарсы алады. Әкесі «Енді ешқайда кетпеймін» деп, маңдайынан сүйеді.


Сол күннен бастап Жібектің өмірінде басқа ана пайда болды. Иә, ол – әкесінің бірінші әйелі. Өгей ана кішкентай қызға мейірімін төгіп, бауырына басады. Ол бөтен әйелді «ана» деп үйрене бастағанда әкесі де шешесінің соңынан қайтпас сапарға аттанады. Анасы мен әкесінен айырылып, басқа барар жері болмаған Жібек өгей ананың қолында қалады.


- Ғалия шешем, ол мені туған перзентінен кем көрмеді. Ес біліп, етек жинаған шағымда да «жетімсің» деп бетіме баспаған. «Сенің анаң менің күйеуімді тартып алып, отбасымызға қайғы әкелді» деп қаралаған да емес. Әрбір қиындықты тағдырдың сынағы деп қабылдап, маған да әрнәрседе сабырлы, ұстамды болуды үйретті, - деген Жібектің өгей шешесімен қарым-қатынасы жақсы болғанын аңғару қиын емес.


Бес жасынан бастап бауырына басқан Ғалия шешесі расында да Жібекті өз қызындай жақсы көріпті. Ауырса бәйек болатын, жетістікке жетсе қуанатын. «Қыз бала анаға жақын болады» дегендей-ақ, Ғалияға туған ұлынан Жібек жақын болатын. Оның берген тәрбиесімен өскен Жібекке талай отбасы қызыға қарап, ұлдарына қалыңдық еткісі келетін сүйсініп.


- Ғалия анамның арқасында білікті маман атандым. Ал ағам (әкеміз бір, анамыз бөлек) ешқашан жұмыс істеп, үйге пайдасын тигізген емес. Жұмыста тұрақ таба алмай, әркімге қарызданып жүретін. Табысты оңай тапқысы келетін еді ол. «Алма піс, аузыма түс» дейтіннің нақ өзі, - дейді Жібек.

Жібек бір күні ағасының құмар ойынына барып жүргенін аңғарады. Көп адамға қарыз екенін ағасын үйіне іздеп бейтаныс адамдар келгенде біледі. Үнемі мұңайып жүретін Ғалия шешесіне жаны ашиды. Бірақ көмектесе алмайтынын анық біледі.

Бір күні ол оңаша бөлмеде қыстығып жылап отырған өгей анасын жұбатпақ боп, «Қолымнан келсе қайғыңызды жеңілдетер едім. Бірақ мен не істей аламын?» дейді. Сол-ақ екен, Ғалия «Көмектесе аласың. Сен ғана. Басқа жол жоқ» деп, Жібектің қолынан ұстап жібермей жалына бастайды. Өтінеді.

Ол өзінің бір танысының мүгедек ұлын айтып, «Соған тұрмысқа шығуың керек» дейді. Бай-дәулетті отбасы сырттай Ғалияға қолқа салып, Жібекті келіндікке бірнеше рет сұраған. Бірақ Ғалия қызының сүйген жігіті бар екенін айтып жақындатпайды.

Ғалия Жібектің жігітін таниды. Жақсы күйеу болатынын айтып, ұдайы «жігітің еңбексүйгіш, жұптарың жарасымды болатынына сенімдімін, тіл-көзім тасқа, тфә-тфә!» деп айтып отыратын. Ал енді өзгеріп, мүгедек жігітке тұрмысқа шығуға үгіттеп, көндіре алмай әуре. Осы уақытқа дейін өгей анасының айтқанын екі етпеген Жібек сезімсіз, қалауынсыз, өз пайдасы үшін тұрмысқа бермек ниетіне ашуланады.

«Неге ағамның қателігі үшін мен басымды бәйгеге тігуім керек?» деп, деп өгей анасына алғаш рет қарсы сөз айтады. Бірінші рет Ғалия да Жібекке өсіріп, баққанын міндетсінеді. Бірінші рет бес жасынан бастап әперген киімдері мен ас-ауқатты, оқу ақысын бәрін есептеп, қарыздар екенін айтады. Жібек өгей шешесін танымай қалады, мүлде басқа адам екенін көріп, бойын үрей билейді. Дірілдеп тұрғанда, сырттай тамашалап отырған ағасы «Айттым ғой, бұл өгейлігін істейді бәрібір. Осы қыз жетім қалғанда сіз басынан сипаған едіңіз, енді ол сізге көмектесуден бас тартып отыр» деп, тұтанған ұрыс отын көсей түседі. Онысымен қоймай, Жібекті жұдырығын түйіп қалады. «Анамның айтқанына келіспесең, өмірге келгеніңе өкінетін боласың» деп, қорқытады. Жібекке анасы араша түспеді.

Жібектің ешкімі жоқ. Ол көп ойланып, өгей анасы айтқан мүгедек жігітпен танысуға келіседі. Жігіттің аяғы сау, сөзі тура, тек оң қолы қысқа, шынтаққа дейін ғана. Шынтағында кішкентай ғана екі-үш саусағы бар.


- Бастапқыда күйеуімнің жетілмей қалған кеміс қолынан қорқып, оның саусақтары тәніме тигенде жаным түршігетін еді. Бірақ ойы мен сана-сезімі «мүгедек» ағамның мінез-қылықтарынан безіп кеткенімде, тәні кеміс болғанымен, жаны сау күйеуімнің адами тұлғасы биік екенін көре бастадым, - дейді Жібек.


Адам сұлу мүсінімен, сымбат-келбетімен емес, жан тазалығымен, иманды жүрегімен көрікті. Уақыт өткен сайын Жібек күйеуіне деген сезімі тереңдеп жатқанын байқайды.

Обалы не керек, ата-енесі де түсінігі мол, жүрегі ізігілікке толы адамдар. Енесі «Алтын келінімізге қанша алтын тақсақ та жарасады» деп, әр мерекеде алтын жүзік, алқа, туған күнінде гауһар сырға тағып, айналып-толғанып отырады. Енесі мұндай сыйлық-тартуларын Ғалия шешесіне де жасайды.


Күйеуін бақытқа бөлеп, оның қанынан жаралған баласын құрсағында көтеріп жүргені үшін және келіндік міндетін бұлжытпай орындаған Жібектен ата-енесі ешнәрсе аямайды. Олар ұлының таңертең көңілді боп оянғанын көрсе де Жібекке риза болатын. Қолына ақша ұстатып, «Қыдырып қайт. Ұнаған көйлегіңді сатып ал» дейді.


- Бірақ мен ол ақшаны өгей анам мен ағама әкеп беремін. Енем сыйлаған алтын алқа, сырғаларымның талайы ағамның құмар ойыны батырған батпақты «құрғату» үшін пұлданып жатыр. Төркіндеп келген сайын Ғалия шешем алтындарымды алып қалады. Амал жоқ, енеме «Жоғалтып алдым», «сөмкем таксиде қалып кетті, алтындарым соның ішінде еді» деп өтірік айтуға мәжбүрмін, - деп қынжылды.


Ол бұрын кеміс күйеуінен ұялса, қазір күйеуінің ақшасын ұрлап жүргеніне ұялады. Бұрын ағасынан ғана қорықса, қазір ұрлығы ашылып қалатынан да қорқады. Өтірік айтқызып, тағдырын тәлкекке салып отырған өгей анасы мен ағасына ренжулі. Олардан қалай құтыларын білмейді.

Ағасының құмар ойынын қашан қоятынын да, ертеңі не болатынын да болжай алмайтын келіншектің өзгеге тәуелді өмірі өкінішті. Оған тәуелділіктен құтылатын жолды нұсқай аласыз ба, оқырман?

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:


Алматылық әйел бөлесінің күйеуімен алғашқы түнді өткізгеніне өкінеді


Жатыр түтікшесін тіктіріп тастаса да төрт баланың анасы атанған