Жатыр түтікшесін тіктіріп тастаса да төрт баланың анасы атанған

0
2 764

Ешкім алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Ол да білмеген...


Жатыр түтікшесін тіктіріп тастаса да төрт баланың анасы атанған

Кез келген ана перзентін ол өмірде болғаны үшін ғана жақсы көреді. Балаға да анасын сүю үшін оған басқа себеп қажет емес. Ал басқа біреудің баласы жақсы көру үшін ше?

Бұл сұраққа жауапты Ұлбазар есімді қарағандылық әйелдің өмір жолынан іздеп көрейік. Ол қиындыққа толы өмірін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Ұлбазар өзін бақыттылар қатарына да, бақытсыздар тізіміне де қоса алмайды. Өйткені ол бақытты боп жүріп бақытсыздыққа тап болған, бақытсыздықтан бақыт тапқан әйел.

Ол 25 жасында сүйгеніне тұрмысқа шығып, одан бір бала туыпты. Өзі көп балалы отбасында жоқшылықты көріп өскендіктен, анасының нан таба алмай қиналғанын көргендіктен, бір баладан артық туғысы келмейтін. Сондықтан да тұңғышынан соң жатыр түтікшелерінің аузын тіктіріп тастапты.

«Әнші, жұлдыздардың көбісінде бір бала ғана. Олар ешкімнен кем емес. Мен де бір баланы барлық қажеттілікпен қамтамасыз етіп өсіремін. Шетелде оқытамын. Ол мен кимегенді киіп, мен бармаған жерлерге саяхаттайды» деп, жиі айтатын. Алайда Ұлбазар тағдырының оған арнап басқа жоспар құрып қойғанын білмеді.

Ұлбазар 11 жастағы ұлы мен күйеуінен бір күнде айырылып қалды. Олар жол апатынан қайтыс болды.

- Адамның бақыт табуы өте қиын болса, ал бақытсыз болуы бір пәсте екен. Бір күнде өміріңдегі ең жақын, ең жақсы көретін екі адамды жоғалтудан ауыр нәрсе жоқ. Басыма түскенді көтере алмай ұзақ уақыт қалай қиналсам, өз-өзіме қол жұмсай алмай да қиналдым, - дейді Ұлбазар.


Ол бірнеше рет өлуге оқталады. Үйінен табылған бүкіл дәріні араластырып, кезек-кезек жұтады. Бірақ артынша-ақ жүрегі айнып, асқазаны дәріні қабылдамай сыртқа шығарып тастайды. Мойнына арқан да салады. Жіп мойнын қиып, терісін сылып түскенімен, жан шықпайды. Тәннен жан тек Жаратушының бұйрығымен ғана шығатынына көзі жеткен соң ғана Ұлбазар жазмышқа көндіге бастайды.

Өз әрекеттерінен соң ол адамға жан беретін, алатын да тек Жаратушының әмірімен орындалатынын ұғып, күйеуі мен ұлының өлімі құдайдың қалауымен болғанына амалсыз көнеді.

Тірі тіршілігін жасайды. Арада 5-6 жыл өткен соң анасы, бауырлары «Әйелге тірек керек» деп, Ұлбазардың тағы да тұрмысқа шыққанын қалайды. Жан-жағындағы таныстары оны тағдырлас ер-азаматтармен таныстыра бастайды.


- Мен тағы да бақытты болуға талпындым. Әу баста жатыр түтікшесін тіктірерде оның қайтадан қалыпқа келмейтінін дәрігер ескерткен. Үйленбеген жігіттер ұсыныс айтқанда бала туа алмайтынымды ойлап, амалсыздан бас тарттым. Сол бір әрекетім үшін өкінген кезім көп. Сондықтан да әйелі қайтыс болған, балалары бар ер-азаматтың етегінен ұстадым, - дейді өз қолымен жасаған қателігіне өкінген әйел.

Ұлбазар бір күнде төрт баланың анасы боп шыға келеді. Бірақ олар бұны анам екен демей өсті. Өйткені бұл үйге келгенде перзенттерінің үлкені отбасын құрып, кішісі мектепте оқитын. Яғни, бәрі есейіп қалған балалар.

Айтуға оңай, бірақ, өзгенің балаларына ана болу оңай емес. Ұлбазар аттаған босағасына қызмет етіп, бәрінің көңілін табуға барын салады. Арман, мақсат, қызығушылықтың бәрін, тіпті өзін де ұмытады. Әйткенмен үлкен үш ұл ұнатпайтынын анық сездіруші еді. Әкесі бар кезде үндемегенімен, ол жоқта талай рет өгей ананы жылатқан. Ең кенже ұлы ғана Ұлбазарды жақсы көретін. Бірақ кенже ұлдың жақын болып бара жатқанын үлкендері қаламай, қасынан әкетіп қалатын. Олар анасының қазасына осы бір әйел кінәлі сияқты, жау көретін. Сонда да Ұлбазар бәріне шыдауға тырысады.

Әйелсіз үйдің жағдайы белгілі ғой, барлық нәрсенің тозығы жеткен. Ал Ұлбазар келгелі қазан оттан түспей, көрпе-төсек, перде жаңарып, сән кіреді. Бірте-бірте Ұлбазар балаларға бауыр басып, оларды жанына жақын тұтып, барын салып қызмет етеді. Күні бойы тынбай, шашын сыпыртқы, қолын көсеу етсе де, балалардың жүрегі жібімейді.


- Балалар қойған сұрағыма да жауап бермейтін. Тек кенже ұл ғана сабағындағы қызықтарды айтып, күлетін. Осы күлкісінің өзі мені қуантып қоятын. Ал басқалары тамақтанып болып, бөлмелеріне кіріп кетеді.


Үйленген тұңғыш ұлы бөлек тұрады. Анда-санда келгенімен, өгей ананың жүрегіне ұзақ уақыт жазылмайтын жара салып кетеді. Оның әйелінің де жаны жылымайтынын байқау қиын емес.

Одан кейінгі ұл үйленген соң жұмыс бабымен басқа қалаға кетіп қалады. Той-томалақта ғана келеді, бірақ, ол да Ұлбазарға сол үйдің күңі сияқты қарайды.

Үшінші ұл да үйленеді. Ол келген күні-ақ «Сіз ешкім емессіз» деп, Ұлбазардың көңіліне қаяу салып үлгерген. Олар бір жылдай қара шаңырақта ата-енемен бірге тұрады. Осы уақытта Ұлбазарға әбден көресіні көрсетеді.

Шектен шығып бара жатқан соң Ұлбазар келінге үлкендік ақылын айтпақ болады. Сонда келін «Кезінде күйеуім екінші әйел алмаңыз деп әкесіне талай рет айтқанда, қайын атам ұлын тыңдамаған екен. Енді не үшін ұлы әкесін тыңдауы керек? Бұл үйде ешкім ешнәрсе міндетті емес» деп шап ете қалады. Сонда кенже ұл келіп қалады да «Бұл үйдің тәртібіне көнбейтін болсаңыздар үйден шығып кетіңіздер, бөлек тұрыңыздар» деп араласады.

Келін мен ұл ертеңіне киімдерін жинап, бөлек шығып кетеді. Олардың кеткеніне Ұлбазар өзін кінәлайды.

Арада қанша жыл өтсе де, балалардың жүрегіне жол таба алмағанына өзін айыптайды. Талай еңбегі сіңсе де, құрметке ие бола алмағаны үшін өзін-өзі жазғырумен болады.

Уақыт өте береді. Үлбазардың жанына салынған жаралар біртіндеп жазыла бастағанда кенже ұл институтты аяқтап, үйленетінін айтады. Ұлбазар тағы бір келіннен зәбір көретінін ойлап уайымға салынады.


- Екі жылдан соң кенже ұлды да үйлендірдік. Келін келген күннен бастап кенже ұл «Бұл анамдай болған адам. Сенің енең. Сыйлауға міндеттісің» деп айтты. Әйеліне мені сыйлауды үйретті. Бәрі ұлға байланысты екен ғой, - деген Ұлбазар, осы кезде ғана өзін ана, ене ретінде сезінгенін айтады.

Немеренің қандай болатынын да кенже келіні босанғанда ғана Ұлбазар түсініпті. Кіші келіні келгелі Ұлбазар көп нәрсені түсінді. Ол адам бақытты болу үшін көп адамның жақсы көргені керек емес екенін, бір адам жақсы көріп, бір адам сыйласа жететінін ұғады.

Ол бұрынғыдай мұңайып, қамықпайды. Өзін-өзі кінәлап мүжілмейді. «Өз аналарынан кем қылмай қарап, қуаныштары мен жетістіктеріне бірге қуанып, солар үшін еткен адал еңбегімнің қайтарымы осы ма» деп күрсінбейді де. Өйткені ол қазір шын бақытты.


- Бақытқа жету үшін көп қызмет, уақыт керек деп ойлайтынмын. Мен бақытты басқа адамдардан іздейтінмін. Бұның бәрі қате. Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Сондықтан әр күннен, әр ісіңнен ләззат алып, өзіңмен өзің үйлесімділікте өмір сүру қажет, - дейді ол.


Ұлбазар «Алдымен адам өзіне өзі ұнауы керек. Өмірің мен ісің де сенің өзіңе ұнауы тиіс. Сонда ғана шын бақытты болады екенсің. Барлық адамға ұнауды, өткен істі қайта-қайта саралауды ойлауға, өзгелерге ренжуге өмір қысқа. Оның бәрін ойлай берсең шын бақытты сезе алмайсың» дейді.


(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөзден алынды)


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Омырауымды үлкейткісі келеді»


«Тоқал әпергім келеді»