Алматылық әйел бөлесінің күйеуімен алғашқы түнді өткізгеніне өкінеді

0
2 635

Гүл-өмірінің жауласумен өтіп, ерте солғанына кімді кінәларын білмейді.


Алматылық әйел бөлесінің күйеуімен алғашқы түнді өткізгеніне өкінеді

Адамдар көбіне тілі арқылы жау арттырып алады. Бірақ жауласу мен өшкенділіктің соңы ешқашан жақсылыққа апармайды. Бұған Сая есімді алматылық әйелдің өмірі мысал бола алады. Ол ызамен жасаған қадамының өмір бойы өкіндіріп келе жатқанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Сая әңгімесін «Не піссе де, пісті, мойыннан жүк түсті деп ойсыз қадам жасауға болмайды екен» деп бастады. Ол туған бөлесінен «дұшпан жасаған» өзі екенін мойындайды. Гүл-өмірінің жауласумен өтіп, ерте солғанына ешкімді кінәлай да алмайды.

Өтті, кетті, өкінгенмен пайда жоқ екенін білгенімен, соңы не боларын ойламай сорлап қалғанына күйінетін Сая өзгелерге сабақ болсын деп, өмірін баяндап берді.

Айтуынша, Сая 7 жасында тұл жетім боп қалыпты. Әке-шешесі жол апатынан қаза болып, анасының сіңлісі қамқорлығына алады. Кішкентай жетім қыз Айман әпкесінің қызымен қатарласып бірге өседі.

Айман үнемі қызын «жалғызым» деп отыратын. Ағайын-туыстары «Олай деме! Сая да сенің қызың. Екі қызың бар!» дей қалса, «Әпкемнің қызын бауырыма басқаным рас. Алайда Шолпанымның орны да, жөні де бөлек» деп шамданып шыға келетін. Бұндай сөздер анасындай көріп жүрген Саяның мейірімге зәру жүрегін жаралайтын. Мұндайда Саяның өксігі өңешіне кептеліп тұрса да білдірмейтін. Бірақ осы сәттен бастап кішкентай қыздың жүрегі бірте-бірте ыза мен кекке тола бастаған.

- Анамдай көрген Айман әпкемді бөлемнен, яғни, оның қызы Шолпаннан қызғанған шығармын. Әйтеуір, әпкемнің әрбір сөзі мені алалап жатқандай түйілетін. Сондықтан да менде бөле сіңліме деген өшпенділік пайда болып еді, - дейді Сая.


Әпкесінің мал-дүниесі түгел, төрт құбыласы сай болғанымен, ол Саяға ешқашан жаңа киім-бұйым сатып әпермеген екен. Жалғыз қызынан қалған киімдерді, ол бір-екі рет пайдаланған заттарды Саяға береді. Бала көңілі «неге мені бөлектейді?», «әпкем қызына киім сатып алғанда маған да арнап біреуін ала салса қайтеді?» деп ренжиді.

Кейде тіпті, Айман қызына «Біз тірі тұрғанда сенің бейшара боп жүргеніңді көргім келмейді» деп те айтатын. Мүмкін ол ондай сөздерді «күйеуге тигеннен соң, ол саған жаңа киім ұдайы сатып әпере бермес» деген оймен айтқан болар. Бірақ Саяның жетім, жадау көңіліне ауыр тиетін еді.

Сая мен Шолпан жарысып бойжетеді. Екеуі тетелес болғандықтан шығар, Айман да қызы мен Саяны көп салыстыратын.

Мектепті аяқтаған соң Сая өз білімінің арқасында студент атанады. Бір жылдан соң Шолпан да оқушылық өмірдің есігін жауып, институт табалдырығын аттайды. Екі қыз екі оқу орнында білім алғанымен, құрбы-достары ортақ болды.

Сая бөле сіңлісінен қалған киімдерді киетінін құрбы-достарынан жасыру үшін көйлекті белінен қырқып юбка етіп тігіп алса, бірінің түймесін ауыстырып қадайтын. Осылай оның тігіншілікке қызығушылыға артады. Демалыс күндері ол бөлмелердің перделерін сәнді етіп тігіп ауыстыратын. Тоқуды да өз бетінше үйреніп, шәйнекқап та тоқитын. Әпкесі мен жездесінің достары, әріптестері қонақ боп келгенде Саяның тоқыған бұйымдарын көріп, «Қыздар бойжетіп қалыпты» деп тәнті болатын. Әзіл-шынын араластырып бірі қайнысын, екіншісі інісін мақтай жөнелетін. Ондай кезде Айман: «Жақсы жігіт болса, Шолпанмен таныстырыңдар», - деп қолқа салатын.

- Қызметі, баспанасы бар дәулетті жігіт жөнінде әңгіме бола қалса, өзінің қызына тең көретін де, ал, ешкімі жоқ жетім немесе құрылысшы секілді қарапайым жігіттерді маған теңейтін. Әпкемнің мені бағаламайтыны, төмен санайтыны ренжітетін, ызаландыратын. Тіпті, әпкемнің бірде ойламай «Байғұс тигенін жейді, бай сүйгенін жейді» деп айтқаны жүрегімді тілгілеп өтіп еді. Осы сөзден соң мен Айман әпкеге шындап өшіктім, - деген Сая өткен шақта қалған сәттерді есіне алды.


Ол сол уақытта әр сөздің астарына үңілгеніне өкінгенімен, «Өзіңе ұнамағанды өзгеге лайық көрме» деген мәтелді әркім әркез жадында ұстап, біреудің намысына тиетін сөзді айтудан аулақ болғаны жөн дейді.

«Ара бізімен, адам сөзімен шағады» дейді даналарымыз. «Тілің – жауың» деген ақылман аналарымыз. Шолпан мен Саяны өмірлік күндес еткен Айманның салыстыратын сөздері, бөлесін зұлымға айналдырған оның аңдамай айтқан сөздері еді.

Айман жасы кіші болса да ең бірінші өз қызын күйеуге беруді ойлайды. Бақуатты тұратын достарының ұлдарының арасынан жақсысын сұрастырып жүріп, біреуімен Шолпанның танысуына мұрындық болады. Саяның айтуынша, Айманның қызына тапқан жігіттің есімі – Болат. Ол ақкөңіл, ойы таза, жұмысына жауапты, білімді жігіт.

Шолпанның болашақ жарымен танысқан дос-құрбылары Болатты мақтаған сайын, Саяның кеудесін қызғаныш кернейді. Қызғаныштың қызыл иті ашынса адамның ойы уланады емес пе?! Сая кейде қызғаныштан ойша түрлі жоспар құрып та үлгеретін.

Шолпанды ұзататын күн белгіленеді. Айманның құрбылары, көршілері Шолпанға арнап көрпе-төсек тігіп, қызу дайындалып жатады. Сондай күндердің бірінде көрші-қолаңдағы келіншектер «Сая, сен де бір күні өз саяңды табасың. Жұғысты болсын» деп, 2-3 бокал шарап ішкізеді. Сая сол күнге дейін ішімдік атаулыны татып алмаған. Сондықтан болар, жүрегі айнып, жайсыз сезінеді. Оны байқаған Шолпан далаға ертіп шығады.

Екі қыз аулада ағаш отырғышта отырғанда Болат келеді. Үшеуі орталықтағы мейрамханалардың біріне барады. Шолпанның еркелігі басым, «Неге маған гүл әкелмедің?» деп бастайды сөзін. Осы секілді назға толы сөздерінің біріне Болат қалжыңдап қисық жауап қайтарады да, Шолпан ренжіп сыртқа шығып кетеді. Соңынан кеткен Болат біршама уақыттан соң қайтып келіп, «Тым ерке екен ғой. Сөзіме тоқтамай таксиге мініп кетіп қалды» дейді. Ашуланып тұрған ол даяшыға арақ алдыртады. Саяның да ішінде қызуы бар, Болат екеуі ұзақ әңгімелеседі.


- Болат қатты мас боп қалды. Бір кезде ол «Менің мынау мас күйімді әкем көрсе уайымдайды. Көлігімді осы жерге автотұраққа қойдыршы күзетшілерге айтып. Мен бүгін қонақүйде түнеймін» деді тілі күрмеліп. Болатты таксимен жақын маңдағы қонақүйдің біріне жеткіздім. Ол таксиден түскенімен, әрең тұр. Қонақүйдің бөлмесіне кіргізіп жатқызып қайтпақ ойым болды. Алайда бөлмеге кіргеннен соң ол мені құшақтап жібермей қойды, - дейді Сая.


Ол бастапқыда жігітті аяғанын, кейін өткен-кеткеннің бәрі есіне түсіп, көңілі босағанын айтады. Шараптың қызуы мен Айман әпкесіне деген өшпенділігі қосылып, іші өртенеді. Осы кезде оған сұмдық ой келеді. «Неге мен ылғи Шолпаннан қалған бұйымдарды пайдалануым керек?» дейді іштей. Болат та құшағынан босатар емес, бойы балқып барады. Олар бір сәттік ләззаттың жетегіне ереді.

Сол бір сәтті Сая:

- Ішімде ұлыған аш қасқыр «не тындыр, не бүлдір, тоқтама» дегендей маза бермеді. Таңға жуық есін жинаған Болат менің пәк екенімді ақ жаймадан көргенде өзін кінәлі санап, қалтырай бастады. Түс көрдім деп ойла да ұмыт. Мен де ұмытамын деген сөзімнен кейін «Кешір, кешір мені» деп жалынды. Басқа сөз түспеді оның аузына. Неліктен мұндай қадамға барғанымды ол қайдан білсін?! Өз ойымдағыны жүзеге асырдым деп, қазір оңай айтып отырғаныммен, менің тәнім ғана емес, жаным да жараланған еді сол түні, - деп еске түсірді.


Сая бұл құпия түн туралы ешкімге айтпаймын деп ойлапты. Құрбымның үйіне түнедім деп, бөлесін де сендірген. Бірақ ызаланған сәтте қалай айтып қойғанын өзі де білмейді.

Шолпан тұрмысқа шығып, босанатын айы-күні жақындап отырған шақта Сая оның хал-жағдайын сұрап үйіне барады. Жаман ойы жоқ еді, оның ішіндегі қасқырды ашындырған бөлесінің өзі.

Шолпан «Сая, сен осылай жалғыз жүре бересің бе? Мен сенен бұрын ана атанайын деп жатырмын» дейді құрсағын сипалап. Содан соң «Болаттың бір досының көршісі бар, қала ішіндегі бағыттық автобуста жүргізуші. Ешкімі жоқ, дәл сен сияқты. Таныстырайын ба?» дейді. Бұл сөз Саяның сыздаған жеріне тиеді. Ашуын ауыздықтай алмаған ол «Кішкентайымнан тек сенен қалған, сен қолданған киім мен бұйымдар менікі болып еді. Ал есейгенде сен менен қалғанды иелендің. Сенен қалғанды қолданғаным үшін бұрын мұңайған шығармын, бірақ, сен өмір бойы мұңаясың» деп айтқанын аңғармай қалады. Адам бір оталса басылуы қиын ғой. Сая «Күйеуің сенен бұрын ақ төсекте менімен жатқан. Сенен қалған киімдерді кисем де, күйеуіңді сенен бұрын мен «пайдаландым» дейді мысқылдай күліп.

Шолпан ашынады, күйінеді. Бірақ Сая ойлағандай жыламайды. «Мейлі, рас-ақ болсын айтқаның, бірақ, бұны күйеуіме айтады деп ойламай-ақ қой. Сенің бұл ісіңді ешқашан ұмытпаймын, жауап қайтарамын. Күт!» дейді өзін әрең ұстап.

Бөлелердің алғашқы араздастығы осылай басталады. Ертеңіне Айман Саяны үйінен қуып жібереді...

Содан бері арада 30-40 жыл өтіпті. Сая сол күйі тұрмысқа шықпаған.


- Қайда барсам да балгерлер екі әйелдің дуа жасағанын, «өмір бойы жалғызбасты боп өтсін, қиналып өлсін» деп суретімді мазаратқа көмгенін айтады. Тіпті, Шолпан мен шешесін бейнелеп анық айтып берген көріпкел де болды. Соңғы кезде қорқынышты түстер көріп тыныш ұйықтай алмай жүрмін. Қара магияның әсері ме, әлде, біреудің бақытын қызғанып жасаған опасыздығымның жазасы ма екен?! - деген Саяның қазіргі күйі өте аянышты.


Саяның бөлесі – Шолпан қазір бала-шағалы, келін де түсіріп үлгеріпті. Ал Сая жалғыз. Ол осы уақытқа дейін тапқан табысын Шолпанның және оның анасының жасаған дуа-сиқырын қайтаруға, бақыт жолын аштыруға жұмсағанын айтады. Енді емделу үшін ақша жинап жатыр екен.

Ол «Балталымен алыссаң да, қалталымен алыспа» деген сөздің дөп айтылғанын айтады. Қаншама жылының текке жауласумен өткеніне қатты өкінетінін айтқан Сая: «Ақымақтықпен жасаған қателіктерімді түзей алмаймын. Бәрі де кеш» дейді. Бірақ ол өзгемен жауласып, «Сазайыңды беремін» деп кек сақтап жүргендер үшін райынан қайтуға кеш емес екенін айтады.


- Өшіккен иттің тісі өткір болады, бірақ, тістеймін, балтырын қанатам деген ойды өсірмей, дер кезінде өшірген дұрыс. Қол үшін бас жауапкер екенін әсте есте ұстаған жөн, - деген Саяның өмірі көпке сабақ боларлық.


(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:


"Тәнімді азаптады": Күйеуінен әбден қорлық көрген келіншек одан қалай құтылғанын айтты


«Бес жыл түрмеде отырғанымды ешкім білмейді»