​«Коронавируспен ауырған соң тоқал аламын деп шықты»: шымкенттік келіншек көпшіліктен кеңес күтеді

0
3 857

"Ұл керек болса менің де бала табатын шамам бар, бірақ оны күйеуім қаламайды"


​«Коронавируспен ауырған соң тоқал аламын деп шықты»: шымкенттік келіншек көпшіліктен кеңес күтеді


Елімізге ентелеп кіріп келген коронавирус дертінің талай адамның өміріне өзгеріс әкелгені анық. Көбіміз денсаулықтың қадірін түсіндік. Күтінуді, салауатты өмір салтын ұстануды үйрендік. Ал Назымның отбасына бұл дерт басқаша әсер етіпті.
«Бұған дейінгі өмірімнің күл-талқаны шықты. Отбасымның бұрынғы қалыпқа келгенін қалаймын. Бірақ ол үшін не істерімді білмеймін», - деген Назым өзін толғандырған мәселені ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.

- Жолдасым маған бір көргеннен ғашық болып, алып қашқан. Үлкен әулетке келін болып түстім. Ең кішкентай келінмін. Сондықтан ата-енем біздің еншімізді беріп, көп ұзамай қалаға қоныс аудардық.

Бастапқыда бізде ешқандай дүние болмады. Мен студентпін, күйеуім оқымаған. Бірақ базарда сауда жасайтын. Орыс кемпірдің аядай үйінде, бір бөлмесін жалдап өмір сүрдік. Обалы не керек, күйеуім пысық болып шықты. Тапқанының берекесі артып, жер алып, үй салдық. Кейін оны сатып жібердік те, одан үлкенін алдық. Қысқасы, біздің тұрмыс жағдайымыз жыл өткен сайын жақсара түсті. Жұрт қызығатын отбасы болдық. Құдай перзенттен де қысқан жоқ, алдымен екі қыз, сосын бір ұл, кейін тағы бір қызды болдық. Қазір мен мектепте мұғалім болып істеймін. Жолдасым сол баяғы кәсібімен айналысады. Даңғарадай, зәулім үйіміз бар. Екеуміз де көліктіміз. Бір сөзбен айтқанда, кешегі күнге дейін балқып-шалқып өмір сүрдік.


Маған мұндай бақытты шақ ешқашан бітпестей көрінетін. Бойжетіп келе жатқан қыздарымызды ұзатамыз, сосын көп ұзамай немерелі болсақ деп армандайтынмын. Алайда былтыр елдің бәрі коронавируспен ауырғанда біз де сұлқ түстік. Алдымен мен ауырдым. Артынша күйеуіме жұқты.

Әйелдің қырық шырақты екенін осыдан-ақ білуге болатын шығар, өзім өлейін деп жатсам да күйеуіме күтім жасайын деп барымды салдым. Күні-түні ыстық сорпасын дайындап, дәрілерін уақтылы ішкізіп, терлетіп дегендей... қысқасы, бір өлімнен аман қалды ғой.


Аман қалғаны бар болсын, осы аурудан соң күйеуімнің мінез-құлқы күрт өзгеріп кетті. Бұрын бар тапқан табысын маған әкелетін. Қазір оны оңды-солды шашатын болған. «Өмір адамға бір-ақ рет беріледі екен. Бір күні өлесің де қаласың. Тірнектеп жинай бергенше рахатыңа жұмсау керек» деп достарымен таңға дейін сауналатады. Бір-екі жеңілтек досы бар еді, солармен жиі қыдыратынды шығарды. Тапқанын отбасына да жұмсаса дейсің ғой, бірақ қайдан... Қыздарына келгенде «тиынға тіс сындыратын» болды. Ақша сұрасаң «Не үшін керек, не алдың?» деп тергейді.


Бұрын жылына бір рет шипажайға барып демалатынбыз. Биыл жалғыз өзі кетті. Соңғы кезде менің төркін жағымда той-жиын болса, сылтауратып бармай қалатын болды. Күйеуі жоқ адамдай жалғыз жүруден мен де жалыға бастадым.


Ол – ол ма, соңғы екі айдан бері тоқал аламын дегенді шығарды. «Үш қыз, бір ұлым бар. Менің ұрпағымды көбейтетін ұл керек, былтыр ауырғанда осы нәрсе менің жаныма қатты батты. Мен екінші әйел аламын» деп қиғылық салуда. Онысын тіпті қыздарынан да, менің төркінімнен де жасырмайтын болды. Бастапқыда әзілдеп жүрген шығар деп мән бермейтінмін. Қазір екі сөзінің бірі тоқалға келіп тірелетін болды.


Бұл жағдай менің жаныма қатты батып жүр. Сол үшін бүкіл өмірімді арнағаным, шаңырағының шырайын кіргізіп, балаларын мәпелеп өсіргенім, ағайын-туысының той-жиынында жанымды салып қызмет қылғаным, бәрі-бәрі көк тиын болғаны ма?


Ұл керек болса менің де бала табатын шамам бар негізі. Бірақ оны күйеуім қаламайды. «Аламынға» басып отыр. Ал мен күйеуімді, екеуіміздің тірнектеп жиған дүниемізді өзге біреумен бөліскім келмейді. Балаларымның қамкөңіл болғанын қаламаймын. «Күйеуі тоқал алыпты» деген әңгімені естігенше өлгенім артық сияқты.

Ішімдегі сырымды құрбыларыммен бөлісе алмаймын, өсектеп кетеді. Төркінімен де сырымды аша алмаймын. Олардың жүрегін ауыртқым келмейді. Не істесем болады? Басым қатып кетті...»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Жеңгем құдалықтағы бүкіл дастарханды алып кетті»: түркістандық келіншек жаға ұстатар жайтты айтты


"«Телефон соғып «КІМ БҰЛ?» деп сұрайды»: тараздық әйел күйеуінің тексеруінен шаршаған