"Күйеуім телефонымды аңдып отырады"
Фото: avatars.mds.yandex.net
«Кішкентай баласының күніне бірнеше рет «Ол кім?», «Мынау не?» деген сұрақтарына күліп отырып жауап береді ата-ана. Өйткені бұл баланың жетіліп, өсіп жатқанын білдіреді. Ал үп-үлкен адамның сұрақтары жүйкені тоздырып, арадағы сүйіспеншілікті өшіреді. Әсіресе, ерлі-зайыптының қызғанышпен қойған сұрақтары...»
Осылай деп жыларман болған тараздық Мейірім есімді келіншек ERNUR.KZ тілшісіне мұңын айтты:
«Биылғы жаңа жыл шерумен, еліміздегі тәртіпсіздікпен басталды. Жұрт «Тыныштыққа ешнәрсе жетпейді екен» деп айтып жатыр. Халық бір-екі аптаның ішінде кәдімгідей абыржып қалды.
Бұдан бір жыл бұрын құрған отбасым осы жағдайға ұқсап басталған. Алғашқы аптада-ақ менің тыныштығымнан түк те қалмады. Содан бері жаным да, әр күнім тынышталмай келеді.
Өзімді әр күні «Бұдан да тұрмысқа шықпай-ақ қоймадым ба? Тыныш өмірімді неге өз қолыммен бүлдірдім?» деп жазғырамын. Өмірімнің жаңа кезеңін басқаша елестетіп едім. Мен ойлағандай болмады.
Бұрын марқұм әжем «Тозақ жер бетінде де бар» десе түсінбейтінмін. Рас екен ғой, менің өмірім – тозақпен тең десем әбден болады. Тозақта тән жанады десе, менің жаным күнде күйіп жүр.
Күйеуім менен үш жас кіші. Жасы ғана кіші, ал денесі ірі, кең иықты, жұдырығы жуан. Бір ұрса оңдырмайды. Алайда ол маған ешқашан қол көтерген емес. Әйтсе де, сөзімен, қайталана беретін сұрақтарымен-ақ мені жүндей түтіп тастаған.
Тұрақты жұмысы жоқ. Мейлі, о баста мен оның жұмысқа епсіз екенін білгенмін. «Бастысы, баспанасы бар» деген есеп болған менде. Пәтерден-пәтерге көшуден шаршап жүрген кезімде танысқанмын онымен.
Сол жылы бірге пәтер жалдап тұратын қасымдағы екі қыз да тұрмысқа шығып кетіп, мен жалғыз қалған едім. Жұмыстан қасыма қыздар іздедім, бәрі туысқанының үйінде тұрады. Сонымен не керек, алты ай бір өзім тұрдым пәтерде. Ай сайынғы пәтерақыны төлеу ауырлау болды. Оның үстіне жұмыстан келем де таңға дейін жалғыз ұйықтауға қорқам, бөлменің жарығын қосып қоям. Таңертең ұйқым қанбай, мең-зең боп тұрам.
Осылай жаным жабырқап, өмірден шаршап жүргенімде Дарханмен танысып қалдым. Ол таксист, үйге дейін жеткенше әңгімеміз жарасып үлгерді. Үйленбеген, анасы қайтыс боп кеткен. Жалғыз әкесі мен бір қарындасы бар екен.
Екі күн кездестік те отбасы құрып кеттік. Қазір тым болмаса бір-екі ай кездеспегеніме өкінем. Мүмкін сол кезде оның қандай адам екенін танитын ба едім.
Екі бөлмелі пәтерде төртеуміз тұрамыз. Жөндеу көрмеген үй. Қайынатам бұрын әскери қызметте болған, ерте зейнеткерлікке шыққан адам. Сөздері дөрекі әрі анайы. Қайынсіңлім жоғары сынып оқушысы. Олардың мінездері де жүйкеге тиерліктей.
Үйдегі күйкі тіршіліктен бір ауық демалайын деген мақсатта бұрынғы медбикелік жұмысымды жалғастырдым. Күйеуім ескі көлігімен «таксист» боп жүр. Күнделікті тапқаны өзінің темекісі мен тамағынан артылмайды. Жұрттың күйеулері сияқты көп табыс таппаса да тыныш өмір сүруге мүмкіндік берсе де жетер еді.
Үйге кірісімен қайынатамнан, қайынсіңлімнен менің күні бойы не істегенімді, қайда болғанымды сұрайды. Ал өзіме әр жарты сағат сайын видеоқоңырау соғып, сөйлеседі. Қоңырауға жауап бермесем, бәлесіне қалам. Сондықтан қайда барсам да қалтамнан телефонымды тастамаймын.
Әпке-сіңлілеріммен еркін отырып сөйлесе де алмаймын, ешкіммен мұңымды бөлісе де алмаймын. Әпкем қоңырау шалса да, құрбыларыммен сөйлессем де әңгімемді тыңдап қасымда отырады. Сосын артынша «Кім ол?», «Не дейді?» деп сұрайды. Бәрін тәптіштеп айтып беруім керек, әйтпесе ұрыс шығарады.
Телефонымды әр сағат сайын ақтарып, тексереді. Смс келсе, бірінші сол алып оқиды. Кейде күндіз пациенттер қоңырау шалып, дәрігерлік кеңес сұрайды. Кейде нөмірден қателесіп қоңырау шалатындар да бар. Олардың әрқайсысының телефон нөмірін сақтап, аты-жөнін жазып отырмаймын ғой. Ал күйеуім кешке маған шалынған қоңыраудың әрбіріне телефон соғып, «Кім бұл?» деп сұрап шығады. Ерінбейді, шаршамайды.
Бір жылдан бері қайталанып келе жатқан осы бір сценарий. Оның бұл әдеті өзгермеді. Мені аңдығанша үйдің асыраушысы боп, жұмыс істеп ақша табуды ойласа болар еді. Қойшы бәрін, жаныма тыныштық берсе ғой, шіркін!
Жанның тыныштығы екен ғой ең басты бақыт та, байлық та. Қазір телефонымның әр шырылдағанына қан қысымым көтеріліп, жүрегім атқақтап кететін болған. Күйеуімнің «кім?» деген сұрағы да солай әсер етеді. Не істесем екен? Ақыл айтшы, оқырман?..»
Ұқсас оқиғалар:
«Күйеуім жұмыста болдым деп алдайды»: алматылық келіншек өтірікке тойғанын айтты
«Сіңлім бақытсыздығына мені кінәлайды»: шымкенттік әйел қателігін айтып берді