​«Құдай бізді жұп қып жаратқан»: үшінші күйеуінен бағы жанған келіншек ешкімге айтпаған сырын жайып салды

0
1 738

«Біріншісі тиран болды, екіншісі кісі өлтіріп, түрмеге түсті»


​«Құдай бізді жұп қып жаратқан»: үшінші күйеуінен бағы жанған келіншек ешкімге айтпаған сырын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тағдырдан қашып құтыла алмайсың. Мұны ата-бабам «пешенеңе жазылғанды көрмей, көрге кірмейсің» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп қойған ғой. Сол айтпақшы, мен де тағдырымды өзім жасаймын деп талай адасып, ақыры Құдайдың бұйыртқанына көндігіп, бақытты өмір сүріп жатырмын», - дейді Жарқынай есімді оқырманымыз.


Екі рет тұрмысқа шығып, бағы жанбаған келіншектің ERNUR.KZ тілшісіне айтары бар екен.


«Мектепті «Алтын белгіге» бітірген адаммын. Сабаққа «баспен кіргенім» соншалық, артымнан жүгірген жігіттердің ешбіріне көз салмадым. Бар арманым оқу оқып, мықты маман боп шығу еді. Мектепте оқып жүргенде Айбек деген бір жігіт өлердей ғашық болды. Өзі сондай көңілді, ойындағысын ірікпей айта салатын, ашық мінезді-тұғын. Менің назарымды өзіне аудару үшін бір жылдай әрекет етті. Мерекелерде сыйлық сыйлап, бұрылып қарамасам да үйіме дейін соңымнан жүріп шығарып салатын. Оның маған ұнау үшін барын салып жүргені ұнаса да қырсықтығыма басып, бетін қайтарып тастай бердім.


Мектеп бітірер жылдың қысы еді, жер көк тайғақ, дала аяз, кештете мектептен шығып, үйге келе жатқам. Артымнан мені шығарып салу үшін Айбек ілесіпті. Есіктің алдына келгенде алдымнан ағам шықты да, не қара басқанын білмеймін «Ғабит, мені мына жігіт аңдып жүр, күнде артымнан ілесіп жүреді» деп Айбекті жамандап жібердім.

«Менің қарындасымның жанына жоласаң, екі аяғыңды сындырып тастаймын» деп ағам Айбектің жағына жұдырық тартып жіберді. Сол кезде ақкөңіл Айбектің алғаш рет ашуланғанын көрдім. «Жарқынай, сен менің аппақ сезіміме түкіріп тұрсың! Құдай бізді мәңгі бірге болуға жазып қойған, сен оны қазір сезбей тұрсың, осыдан қара, түбінде менікі боласың» деп көшені басына көтере айқайлады да, кетіп қалды.


Баламын ғой, Айбектің әлгі айтқанына мырс етіп күлдім де, түк болмағандай жүре бердім. Айбек сол күннен бастап мен жаққа қарамады, баяғыдай күлдіруге тырыспады. Осылайша мектепті бітіріп, өз жөнімізге кеттік.


Айбек Алматыға оқуға түсті, грант жеңіп алыпты деп естідім. Ал мен Шымкентте қалдым. Студенттік шақтың қызығына батып, екінші курсты оқып жүргенде бір жігіт ай-шайға қаратпай алып қашып кетті. Бір-екі мәрте көргенім болмаса, сырын да, жырын да білмеймін. Әкем қатал адам еді, «барған жерінен келмесін, елге масқара боламыз» деп сәлем айтыпты. Амалсыз қалып, Ғалымжанның келіншегі болдым.


Негізі өзіне сенімді адам қызды бұлай алып қашпайды екен. Ғалымжанның мінезі нашар, сөз көтере алмайтын адам боп шықты. Сонысынан да қызбен жүріп, тіл табыса алмаған шығар. Үйлене сала мені қызғанып, ұрыс шығарып, бертін келе ұратын болды. Ұрғанда да «мен сені өлтіргім келеді» деп шашымнан сүйреп, далаға алып шығатын. Бір күні қатты ұрысып қалдық, «Жарқынай, кет, обалыңа қалмайын, сені көрсем қызғанбай тұра алмаймын, қызғаныштың соңында қылқындырып, өлтіріп тастағым кеп тұрады. Майып болмай тұрғанда кетіп қал» деп өзі босатты. Мына сөзден кейін ол үйде қалу мүмкін емес еді, алды-артыма қарамай зыттым.


Төркініме келіп, оқуымды қайта жалғастырып, көрген қиыншылықтарым ұмытыла бастағанда Дархан деген жігітпен таныстым. Оқыған, сыпайы жігіт менің артымнан біраз жүгірді. «Мен бұрын тұрмыста болғам, ал сен үйленбегесің» дегеніме қараған жоқ, «бізге ол кедергі емес» деп келісімімді алып, алып қашты.


Енем мен барған күннен жақтырмады. «Баламның басын айналдырып тидің, әйтпесе қыз алатын жігіт еді» деп әр тірлігімнен мін іздеп, шұқи беретін. Ене мен келіннің арасындағы салқындық Дарханға да әсер етсе керек, баяғдай алып-ұшқан сезімі бәсеңдеп, көршілерше өмір сүріп жаттық. Енеме өкпелеп, соның көңілін табам деп тыраштанып жүргенде Дарханнан «айырылып» қалдым. Ол сырттан жылу іздеймін деп жүріп, күні-түні көше кезетін. Достарымен сыралататын кезі жиі болатын. Сондай күндердің бірінде біреулермен ерегісіп, төбелес шығып, соңында өрімдей бір студент жігіт қайтыс болды. «Дархан кінәлі» деп достары басын ала қашқасын, амал жоқ, сегіз жылды арқалап түрмеге тоғытылды.


Күйеуімнің басындағы жағдаймен алысып жүріп, сот болатын күні процеске қатысуға барсам, баяғы сыныптасым Айбекті көріп қалдым. Университетті бітіріп, сот мәжілісінің хатшысы боп орналасқан екен. Қырсыққанда дәл Дарханның ісін қарайтын судьяның көмекшісі екен, сот процесіне толық қатысып жүріп менің басымдағы жағдайды толық біліп алды. Телефон нөмірімді де тауып үлгеріпті, сот біткесін шайға шақырып, екеуміз кездестік. «Сен сондай қырсық, бірбеткей қыз едің, басылып қалыпсың» деп күлді. Баяғы ағамның ұрғанын еске алып, сыныптастырымызды айтып, көңілім бір серпіліп қалды.


Айбекпен кездесіп үйге келсем енем киім-кешегімді жинап, далаға шығарып қойыпты. «Сен келіп үйімізге проблема әкелдің, баламның басы бәлеге шатылды. Бақытсыз еттің, енді сені үйімде көргім келмейді» деп қуып шықты. Шынымды айтсам, сол сәтте балалы болмағаныма қуандым. Тағы да сол, сүмірейіп әке-шешемнің алдына бардым. «Сорың басым қыз екенсің, қайтейін» деп шешем егіле жылап, қарсы алды.


«Еркінбайдың қызы екінші күйеуінен де ажырасып келіпті» деп көрші-қолаң рахаттана өсектеді. Әкем жиі күрсініп, жатып қалатын болған. Олардың мұндай күйін көрмей, басқа қалаға кетіп қалайын деп жүргенде Айбек қайта хабарласып, баяғы сөзін есіме салды. «Жарқынай, сен мен үшін жаралғансың, осыны қашан түсінесің. Құдай бізді о бастан жұп етіп жаратқан ғой. Тағдырыңа мойынсұнып, менің жарым бол» деп сөз салды. «Қой, айналайын, екі рет тұрмысқа шыққан адаммын. Сенің де әке-шешең көзіме көк шыбын үймелетіп, үшінші рет ажырасыпты деген атқа қалғым келмейді» деп ат-тонымды ала қаштым. Бірақ Айбегім баяғы әдетіне қайта басып, қыр-соңымнан қалмайтын.


Жарты жыл дегенде әке-шешемнің алдына барып, өзі танысып, жағдайды түсіндіріп, мені үйіне келін етіп түсірді. «Құдайым бізді расында да жұп етіп жаратқан екен. Ата-енем бар ықыласымен қарсы алып, беташарымды жасап, үлкен тойымызды дүркіретіп өткізіп берді. Атамның мен дегенде шығарға жаны бөлек, күн сайын ақ батасын беріп, маңдайымнан сүйіп отырады. Айбек екеуміздің екі қызымыз бар, ең бақытты жұп болып өмір сүріп жатырмыз.


Баяғы қырсықтығым есіме түссе, қазір жыным келеді. Әп-әдемі жігітті менсінбей жүрген ақымақ боппын. Сол кезде Айбекке жылы қабақ танытсам нем кетер еді деп ойланып қоям. Бірақ осы күніме де мың да бір шүкір...»