​«Көйлекке таласқан «көкбет» құдашам боп шықты»: шымкенттік әйел құрбысы екеуінің арасындағы ыңғайсыз жағдайды айтып берді

0
1 523

«Ауырып жатқанда үйіме келіп, қамқорлығын көрсеткенін ұмытпаймын»


​«Көйлекке таласқан «көкбет» құдашам боп шықты»: шымкенттік әйел құрбысы екеуінің арасындағы ыңғайсыз жағдайды айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кейде адам білместіктен түрлі қателіктерге бой алдырып қояды. Соңынан істеген ісіңе өкініп, ұяттан өртенуге шақ қаласың. Бірақ болары болып, бояуы сіңіп қойғасын не істесең де жағдайды өзгерте алмайсың. Осыдан бірер жыл менің басымнан ыңғасыз жағдай өтті. Ол кезде күлу қайда, қазір ғой ойлағанда еріксіз езу тартасың», - дейді Мәншүк есімді әйел.


Оқырманымыздың туған құдашасымен таныстығы ұрыс-жанжалмен басталыпты. Оқиғаның қалай болғанын Мәншүк ханымның өзі ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Осыдан бірнеше жыл бұрын ғой, туған інім келін алатын боп, соның құдалығына, тойына киетін көйлек іздеп бірнеше күн аяқтан тоздым. Өзім толықпын, сол себепті көңілге жағатын, денеге қона қалатын әдемі көйлек табу оңай шаруа емес. Фигурама қарамай талғампаз болғаныма кейде өзім де жыным келеді. «Семіз адам сыйғанын киеді» деген қағида маған жүрмейді, Шымкенттің бүкіл базарын шаршасам да аралап, ұнатқанымды кимесем көңілім көншімейді.


Қош, сонымен, інімнің қуанышына аппақ көйлек кигім келіп, базарды әбден шарладым. Үшінші күн дегенде баяғы «Жібек жолы» деген базардан әдемі «тройка» көріп, ұнатып қалдым. Бір өкініштісі, маған шақ келетін размері таусылып кетіпті. «Апай, асығыс болмасаңыз аптаның соңына қарай тағы тауар келеді, осыны тағы алдырып жатырмыз. Егер қаласаңыз сізге шағын алып қояйын» деп сатушы қыз жағдайды айтты. Ұнатқан киімімнің табылғанына қуандым, бірақ сатушы қыздың тауары дәл той күні келеді екен, сыя ма, келе ме, келмей қала ма, ол жағынан тағы күмәнданып, ақырында тәуекелге бел будым. «Мен сол күні азанда келіп, аламын. Тек сен менің размерімді ешкімге сатпай, сақтап қой. Алдын ала біраз ақшасын беріп кетейін» деп сатушы қызға ақша ұсынып едім, алмады. «Уайымдамаңыз, алып қоям, келе беріңіз» деп көңілімді демдеп, шығарып салды.


Белгіленген күні алып-ұшып базарға жетіп барсам, тауар түсіп жатыр екен. Мен алам деген «тройканы» бір әйел ары да, бері де киіп көріп тұр. «Сіңлім, мен келдім, алып қойған затыңды бері шығара ғой, киіп көрейін, асығып тұрмын» десем, әлгі сатушы қыз күмілжіп, жерге қарап қалсын. «Әпше, айып етпеңізші, сіздің «тройкаңызды» мына апай киіп тұр, қазір ұнамаса шешіп береді, сосын аласыз» деп мұрнының астымен міңгірлеп тұр. Мұншалықты ашуланбаспын. Дүкенді басыма көтердім. «Әй, сен уәде бердің ғой, алып қоям дедің, мынауың не енді» десем, «бұл кісі қожайынның құрбысы еді, кимеңіз деп айта алмадым» дейді.


Сатушымен салғыласып тұратын уақыт жоқ, менің киімімді киіп тұрған әйелге тіке тарттым. «Кешіріңіз, мен мына «тройканы» өткен жолы ұнатып, размеріме тапсырыс беріп кетіп едім, шешіп бересіз бе, асығып тұрмын» деймін. «Сіз заклад беріп кетіп пе едіңіз. Естуімше ондай ештеңе болмаған, сондықтан бұл киімді мен алам деп тұрмын. Сізден бұрын киіп көрдім, ұнап тұр, сондықтан ренжімеңіз» деп әлгі әйел бет бақтырмайды. Оның да дәл сол күні тойы бар екен, «мен киіп кете берем» деп шешер емес. Шілденің ми қайнатар ыстығы мен дүкендегі мына жағдай давлениемді одан сайын көтерді-ау. Әлгі әйелмен әжептеуір сөзге келіп қалдық. «Маған қайсыңыз алсаңыз да бәрібір, өзара келісіңіздер» дегендей сатушы қыз бір бұрышқа кіріп кеткен. Көкбет әйелді сөзбен жеңе алмасымды білдім де, дүкеннің қожайынына телефон соқтым. «Осындай да, осындай...» деп жағдайды айтып ем, түсінігі бар адам екен, құрбысына айтып, мен ұнатқан көйлекті алдыртып берді.


Көңілімді демдеп, қалағанымды киіп інімнің тойына барсам... таңертең базарда айқайласып, төбелесуге шақ қалған әйел құдаша боп төрде отыр. Ұялғаным-ай... құданың туған қарындасы екен. Мені көрді де түрі өзгеріп сала берді. «Жүр, құдаларды «алдыртып» келейік деп сіңлім сүйреп, төрге бардым. Құдашаға қарайтын бет жоқ, күндіз бір-бірімізді «көкбет» деп тілдеп алғанбыз. Амал жоқ, қыз беріп отқасын алдында «маймыл» болдым. Ат-тон айыбым деп кешірім сұрап, алдына тек өзіне арнап дәм алдырып, арақ-шарабын сөмкесіне салып беріп, құдашамның өкпесін әрең жазып алдым.


Тойдан кейін бірнеше ай өткен. Орнымнан тұра алмай ауырып қалдым. Қарасатын бай жоқ, екі қызым тұрмыста. Жер бауырлап жатып қалғам, бойымда әл жоқ. Қадам аттап шай қойып іше алмайтын жағдайда жатырмын. «Ойпырым-ай, мені іздейтін жан болсайшы, не қыздарым, не бауырларым екі күннен бері «қалайсың» деп жағдай сұрауға жарамады ғой деп өзімше ренжіп жатқам.

Үйімнің телефоны шырылдай жөнелді. Сүйретіліп орнымнан тұрып, тұтқаны көтерсем баяғы көйлекке таласқан құдашам ғой. «Құдаша, қалайсың, сені кешке тамаққа шақырайын деп едім» деп хабарласып тұр. «Бара алмаймын, ренжімеші, мазам жоқ, ауырып тұрмын» дегенім сол, ай-шайға қарамай ауылынан айран-сүтін, бір пісім майын, қаймағын алып үйіме келіпті.

«Көз тиген ғой саған, әдемі «тройканы» киіп алып әбден биледің, кел мен сені емдейін» деп қазаныма жармасып, қайнатпа сорпасын істеп тастады. Тұз суға шомылдырып, үйдің бәрін аластап, әп-сәтте жанымды кіргізіп қойды. Құдашамның адамгершілігіне риза болдым.


Сол сәттен бастап құдашам менің ең жақын құрбыма айналды. Қазір бір үйдің қызындай боп араласамыз. «Баяғы көйлек есіңде ме?» деп анда-санда күліп, еске аламыз...»