​«Күйеуі де, асырап алған баласы да белсіз болды»: түркістандық әйел құрбысының қасіретін айтып берді

0
603

«Немересінің кімнен екенін біле алмай отыр»


​«Күйеуі де, асырап алған баласы да белсіз болды»: түркістандық әйел құрбысының қасіретін айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Айбарша – группалас қыздардың ішіндегі ажарлысы еді. Әлі де өңін бермеген. Отырыстың гүлі, әңгімешіл, айналасын жандырып жібереді. Бірақ соңғы уақытта мазасы болмай жүр. Оның себебін өзінен сұрап едім, ерекше оқиғасын айтып берді», - дейді Фатима есімді әйел.


Оқырманымыз құрбысының басындағы жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Кооперативтік училищиені бітіргенімізге биыл 40 жыл бопты. Осыған орай группамыздағы ең белсенді қызымыз телефон нөмірімізді тауып, бәрімізді бір чатқа жинаған. «Ағайымыз әлі бар екен, оқыған ауылымызға барып, бір бас қосайық, кездесу ұйымдастырайық» деп ұсыныс тастағасын бәріміз келісіп, шұрқыраса қауыштық.


«Сен пәленше емессің бе», «мен сені танымай тұрмын» деп бәріміз мәз-мейрам болдық, ол да бір қызық екен. Бірақ бірін-бірі қырық жыл көрмеген адамның бір кездесуден етене араласып кетуі қиын ғой. Келесі айда тағы да бас қостық. Ол жерге тек шын араласқысы келетіндер келген екен. «Енді осы құраммен гәп бастайық» деп шықтық. Қазір, міне, алты ай болды, қыздар боп бас қосып, бала күнгі достығымызды нығайтып жатырмыз.


Айтайын дегенім, арамызда Айбарша есімді бір қызымыз Ташкентке тұрмысқа шыққан екен. Бірақ кейін, күйеуі қайтыс болғасын шекарадан бері өтіп, тіршілігін жалғастырып жатыр. «Жалғыз ұлым бар, содан жақында немере сүйіп, өзімнің 60 жылдық мерейтойым мен тұсау кесер тойды бірге жасадық» деп қуанып отырған. Өткен жолғы гәпке көңіл-күйі болмай келді. «Ауырып тұрсың ба, өңің сынық қой» деп едім, іші толып отыр екен, сыртқа шығарып сырын айтып берді.


«Е, несін сұрайсың, біреуге айта алмайтын қасірет бар ішімде. Ағайын-туысқа айтсаң артын ашып күледі. Қазір адамдарға сену де қиын ғой. Бірақ айтпасам жарылып кетердей боп жүрмін», - деп бастады әңгімесін.

– Балам бар деп бәріңе суретін көрсеткен баланы шалым екеуміз асырап алғанбыз. Шалым белсіз боп шыққан. Оны сегіз жыл өткенде бір-ақ білдім. «Кінә менен емес, өзің тексеріліп көр» дей бергесін басымды тауға да, тасқа да соғып жүре беріппін. Бармаған тәуіп, емші, дәрігер қалмаған. «Сенің бала тууға қабілетің бар» дейді, үйге келіп айтсам күйеуім ашуланып, «олар оттай береді» деп өзіме қарсы шабатын. «Сен де тексеріліп көрші» деп жалынам, көнбейді.


Сегізінші жылға аяқ басқанда өзінің белсіздігін мойындады ғой. «Сенен айырылып қалуға қорықтым» деп тіземе басын қойып жылағанда не айтарымды білмей қалдым. Бірақ, обалы не керек, күйеуім өте іскер, қолы гүл кісі еді. Үйдің ішін жайнатып, қазанымды қайнатып қоятын. Кісіге қылдай қиянаты жоқ, баладай ақкөңіл адам-тұғын. Сонысын сыйлап қасында қалуға бекіндім. Бір жағы, мен кетсем оған кім қарайды, әркімнің есігінде қор болатыны белгілі. Обалына қалудан қорықтым.


Осылайша біздер Шымкентке келіп, балалар үйінен бала асырап алдық. Оның да машақаты оңай болған жоқ. Ұлтымыз қазақ болғанымен, Өзбекстанның азаматтарымыз. Өйтіп-бүйтіп құжаттарын реттестіріп, баланы өзімізбен алып кеттік. Күйеуім ұлын ерекше жақсы көрді. Қанаттығы қақтырмай, ең жақсыны баласына беріп өсірді. Жоғары білім әперді. Жақсы азамат етіп тәрбиеледі. Бірақ енді өсіп, рахатын көрер шақта өмірден өтті де кетті. Мені жалғыз қалмасын деген шығар, әйтеуір жұбанышым балам боп, қайғыдан еңсемді тіктей алдым.


Сол баламды үш жыл бұрын үйлендіргем. Өздері танысып, кездесіп, ұнатып шаңырақ көтерді ғой. Келін келе сала жүкті боп, қыз тапқан. Қазір сол немереммен таңым атып, күнім батады. Жолында өлуге дайынмын.


Бірақ кешегі апта келінім «мен ажырасам» деп қиғылық салып отыр. Кешеге дейін жап-жақсы жүрген, екеуінің ұрысып-таласқанын байқамадым. Аяқ астынан неге шала бүлінді деп келінді әңгімеге тартсам, «кінәнің бәрі балаңыздан» деп төтеннен қойып қалды.


«Балаңыз мені жарытпайды, төсекте қауқары жоқ. Келген кезде сондай еді, бір дәрілерді ішіп жүретін. «Бізде бәрі жақсы болады» деп мені сендіріп, жұбатып келді. Бірақ жақсы болатынына көзім жетер емес. Менің де әйел ретінде рахатты сезініп, жұбайлық өмірді толыққанды сүрсем деймін. Бұл проблеманы балаңыз сізге айта алмай, ұялып жүр. Бірақ қашанғы жасырамыз, шыдамның да шегі бар...» деп жайып салды.


Келінім немеремді өзімен әкетпекші. «Қоя тұрыңдар, дәрігерлерге тексертейік, қазір бәрі дамып кетті ғой» деп шырылдасам, балам «мама, кете берсін, жолын байламаңыз» деп бет бақтырар емес. Екі ортада отқа түскен көбелектей күйіп-пісіп мен қалдым. Келінім ажырасуға арыз беріп, немереммен төркініне кетіп қалды. Бала күйеуімнен боп, ауруы тұқым қуаласа бір сәрі, асырап алған баламыздың бұлай болғанына аң-таңмын. Белсіз болса келін қызды кімнен, қалай туды? Бұл сұрақты балама қойсам, үнсіз. Ол да іштей мүжіліп бара жатыр».


Құрбымның әңгімесін естігенде жұбатарға сөз таппай қалдым. Не күйеуден, не баладан қызық көрмей, соған қарамай жайраң қағып жүрген мықты әйел екен. Мәселесі оңынан шешіліп, ұлының денсаулығы түзеліп кетсе болар еді...»