​«Күйеуімнің елесімен шай ішем, ұйықтаймын»: көкшетаулық әйел тылсым өмірге тап болғанын айтып берді

0
1 260

«Қыздарым мен құрбыларым мені емдетпекші»


​«Күйеуімнің елесімен шай ішем,  ұйықтаймын»: көкшетаулық әйел тылсым өмірге тап болғанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қыздарым да, әріптестерім де, тіпті ең жақын құрбым да мені «ауру» деп ойлайды. «Жүйкең жұқарған, емделші» деп айтады. Әсіресе екі қызымның жаны қалмай, шыр-пыр боп жүр. Бірақ мен ауру емеспін, жай ғана күйеуімнің әруағымен тілдесіп жүрген қарапайым адаммын» дейді Нұрсұлу есімді әйел.


Көкшетауда мұғалім боп істейтін оқырманымыз бір жыл бұрын жолдасынан айырылып, жалғыздықтан жабығып жүргенде күйеуінің елесімен тілдесетін бопты. Мән-жайды Нұрсұлудың өзі ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Күйеуім екеуміз тату-тәтті 28 жыл өмір сүрдік. Құдайдың берген екі қызына қанағат еттік. Ол да, мен де мектепте жұмыс істедік. Көзі тірісінде екі қызды да жайландырып, той-парызын атқарып, немере көріп үлгердік. Соған шүкір етем.


Неге екенін қайдам, күйеуім «бір бала асырап алайықшы» деп көп айтатын. Өзім балаға суықтау адаммын, бөтен біреудің баласын бауырға басуды қаламадым. «Ертең мен кетіп қалсам жалғыз қаласың ғой, асырап алайықшы» дей беретін Менің көнбейтінімді білгесін үлкен қыздың қызына «құда түсті». Мен оған да қарсы болдым, жалпы, әр бала өз ата-анасының бауырында өсуі тиіс. Күйеуім өмірден ерте кететін сезді ме, менің жалғыз қалатыныма қатты алаңдайтын.


Бауыр церрозынан өмірден өтті. Аса көп қиналған жоқ, бауыр деген білдірмей «мүжитін» ауру екен ғой. Уақыт өткізіп алыппыз. Емдетейік деп қанша шапқылағанымызбен, нәтиже шықпады. Төсек тартып біраз жатқан күйеуім ана өмірге аттанып кетті.


Екі қыздың өз отбасы, бала-шағасы, ата-енесі бар. Менің жанымда қашанғы қалсын, әкелерінің қырық күндік асын өткізгесін үйлеріне қайтты. Ал мен төрт бөлмелі пәтерде жалғыз қалдым. Жұмысқа шыққан алғашқы күні қатты шаршап келіп, киімімді шешпестен төсекке құлай кеткем. Бір уақта аяқ жағымнан біреу түртіп өткендей болды. Көзім шайдай ашылды, жан-жағыма қарасам ешкім жоқ. Дереу орнымнан тұрып, киімімді ауыстырып, жуынып алдым.


Ертеңіне таңертең оқушылардың дәптерлерін қарап отырғам. Артымда біреу тұрғандай болды. Бұл жолы бар күшімді жинап, «Медет, бұл сенсің бе? Мені уайымдама, жалғыздықтан қорықпаймын» дедім. Бір-екі минутта әлгі елес көзден ғайып болды. Күн жұма еді, дереу орнымнан тұрып шелпегімді пісіріп, бар білген дұғамды жасадым.


Осы екі сәтті үлкен қызыма айтып едім, «Мама, қорқытпашы, жалғыздық саған кері әсер етіп жатыр. Менің үйіме келіп тұршы» деп жылап қалды. Әдеттегідей қырсық мінезіме басып, оның ұсынысынан бас тарттым. Бірақ әлгі елес оншақты күн мені мазаламай қойды.


Бір күні үйде теледидар көріп отырып «баяғыда Медет бала асырап алайықшы дегенде бекер көне салмаппын» деп ойлағаным сол еді, иығымнан біреу ұстады. «Медет, бұл сен бе, белгі берші» деп едім, әлгі ұстаған қол иығымды әлсін ғана қысты. Содан кейін мен ол елестен қорықпайтын болдым. Үйде өзіммен өзім сөйлесіп жүрем. Медетке мектептегі қызықтарды, оқушыларды айтып берем. Немерелерінің тәтті қылықтарын айтып, өз-өзіммен күліп алам.


«Әкелеріңнің рухы тірі, ол біздің үйде жүр. Екеуіміз күнде сөйлесеміз» деп қыздарыма мәз боп айтып ем, екеуі сүйрелеп дәрігерге апарды. «Сіздің жүйкеңіз аздап шаршаған. Жақсылап ем алып, тынығу керек» деді апарған неврологы. Олар содан мені дереу шипажайға жіберді. Бес күнді әрең өткіздім, шынымды айтсам үйді қатты сағындым, Медетім менсіз жалғызсырап қалғандай күйге түстім.


Қазір бәрі жақсы, үйге келіп ем, Медеттің елесі қайта пайда болды. Не істесем де артымнан қарап тұрады. Кейде шашымнан сипап өтеді. Жағдайды ең жақын деген құрбыма, жұмыстағы әріптесіме айтып ем, «сен емшілерге көрінші, мүмкін мықты психиатрға апарармыз» деп отыр. Олар мені жынданды деп ойлайды. Бірақ менің ақыл-есім бүтін, балаларға жап-жақсы сабақ беріп жүрмін. Тек күйеуімнің рухымен тілдесіп, мауқымды басып аламын.


Осындай жағдай кімнің басында болды? Мен сияқты елеспен сөйлесіп жүрген адам бар ма? Жалпы, бұл нәрсе қалыпты ма өзі? Емшіге де, дәрігерде де көрінгім келмейді, олай етсем күйеуімді ренжітіп алатындай алаңдап тұрам».