«Күйеуін үйінен бездіріп жіберді»: жамбылдық әйел құрбысының сырын жайып салды

0
5 240

​«Ол күйеуіне тамақ бермей қоятын»


«Күйеуін үйінен бездіріп жіберді»: жамбылдық әйел құрбысының сырын жайып салды

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

«Гүлбарашпен сонау студенттік шақтан құрбы болып келе жатсақ та, оның отбасында болған жағдайды көре отырып, үндемей қала алмадым. Бұл әңгімем бізбен қатар әйелдерге, кейінгі қыз-келіншектерге сабақ болса екен», - дейді Ләззат ханым.


Ол ERNUR.KZ тілшісіне құрбысының басынан өткен жәйтті баяндап берді.


«Қазақта асты қорлама, құстырар, еркекті қорлама, састырар» деген мақал бар. Осы сөз құп рас екен. Кей әйелдер көбіне еркетің алдына түсіп, «бәрін өзім қатырамынға» салып, асыра сілтеп жібереді. Бұл дұрыс емес.

Гүлбараш пен Дүйсен студенттік шақтан қыз бен жігіт болып жүрген. Кейін екеуі отау құрды. Сол кезден бері біз отбасымызбен араласып келеміз. Бір-бірімзге құрттай қатынап, туыстай жақын болып кеттік. Гүлбараш бір мемлекеттік мекемеде бас маман, ал күйеуі ұлттық компанияда заңгер болып істейді. Екі ұл, бір қыздары бар.

Бұрын біз бұл отбасына қызыға қарайтынбыз. Себебі күйеуі өте табысты,балалары үшін жанын беретін, жақсы жігіт еді. Гүлбараштың айтқанын екі етпейтін. Апта сайын балаларын қыдыртып, қымбат киімдер әперіп, құрбыма неше түрлі алтын әшекейлер сыйлап, барынша еркелететін. «Дүйсендей күйеуің бар неткен бақыттысың!» деп мақтайтынбыз.

Осындай отбасы жылдар өте келе ойрандалады деп ойлаппыз ба? Меніңше мұның бәріне құрбымның өзі кінәлі. Ол күйеуінің қадірін білмеді. Ашкөздігі өзінің түбіне жетті.


Дүйсен бар тапқанын Гүлбараштың қолына ұстататын. Басқа да табыс көзі болды ма, әйтеуір келіп жатқан ақшада есеп жоқ қой. Құрбым соның басым бөлігін төркініне жіберіп отырды. Қарт анасы бар, оған қарап отырған інісінің жағдайы мәз емес. Солар ішсін, жесін, балалары кисін деп ақшаны төркінге асыратын. «Ақша қайда?» деген күйеуіне «балаңа пәлен әпердім, қызыңа киім алдық, үйге ас-ауқат алдық, дәрі-дәрмек алдық» деп, әйтеуір есебін тауып жүрді.


Сосын әлгі желілік маркетинг деген бір жобаға тіркелді де, бірнеше мыңдаған долларды соған сала салды. Онысы алаяқтар болып шықты да, құрбым оңбай қалды. Күйеуі екеуінің арасында әжептеуір ұрыс болды. Дүйсекең «ақшаны өзім ұстаймын, орнымен жаратып, ел қатарды жер алайық, үй салайық» деген. Сол күннен бастап құрбым өзгеріп шыға келді. Күйеуінің тамағын істемейді, «ал, ақшаны өзің ұстасаң, онда ауқатты да өзің әкел» деп дастарханға нан мен қанттан басқа ештеңе қоймайтын болды.


Күйеуі келгенше ең тәтті, дәмді тағамдарды бала-шағасымен жеп алады. Күйеуіне етсіз кеспе көже пісіріп, «үйде дым жоқ» деп аузын қу шөппен сүртетін болды. Кей күндері тамақ та пісірмей қоя салатын. Балаларын да әкелеріне қарсы қойып, «көрдіңдер ме, мен болмасам аш қаласыңдар, әкелерің сендерді ойламайды» деп жамандай бастады.


Мұндай шешеден тәрбие алған ұл мен қыз оңсын ба, үй жиналмайды, барлық жер кір, шаң басып жататын. Гүлбараш кешке дейін жұмыста, бар шаруаны балаларына ысыра салған. Қысқасы, баяғы берекелі шаңырақтан қадір кетті.


Үйінде жылулық болмағасын еркектің ісі алға бассын ба, қызметінен босап қалды. Ақшалы кезінде қадірі болмаған еркек еді, жұмыстан шыққан соң мүлдем жүнжіп кетті. «Табыс таппайсың, жатыпішер жалқаусың!» деп Гүлбараш күнде шу шығарады. Ал өзі жұмысындағы әріптестерімен гәп ойнап, отбасына мүлдем көңіл бөлмеді.


Бір күні маған Дүйсен «Ләззат, мені «күйеуім» деп сыйламайтын, «әкем» деп аяқ тартпайтын адамдардың арасында неғып жүрмін? Қалайша мұндай күйге түстік? Миым жетер емес. Бір білетінім, мен енді бұлармен өмір сүре алмаймын. Кетемін. Орта жасқа келгенде отбасымнан ажырау маған да қиын болып тұр. Бірақ басқа амалым жоқ. Астанаға қоныс аударамын, әрі қарай бір мәнісі болар» деді. Оған ешқандай уәж айта алмадым.

Көп ұзамай солай болды, Гүлбараш күйеуімен заңды түрде ажырасты. Дүйсекең бас қалаға көшіп кетті. Қазір сол жақта, прокуратурада істейтін әп-әдемі келіншекпен бас қосқан. Ол әйел кезінде бала сүйе алмаған екен. Екеуі қыз асырап алған. Керемет отбасы болып отыр.


Ал Гүлбараштың бағы мен берекесі күйеуімен бірге кеткендей. Баласы көп ұзамай істі болды. Жаппай төбелеске қатысып, абайсызда біреуді жарақаттап алған екен. Сотталып кетті. Қызы тұрмысқа шығып еді, күйеуінен бір қызымен ажырасып, төркініне келіп қалды. Өзі де қызметтен босап қалған. Бұрынғыдай мол табыс жоқ. Бұрын күйеуіне «тамақ жоқ» деп өтірік айтса, енді ол сөз шындыққа айналып кетті. Кей күндері «Немерем барбарис жеймін деп жылайды, соны алуға ақша таппай қалдым» деп мұңын шаққанда баяғы тоқшылық заман еріксіз еске түседі.


Жалпы, адам баласы қолда бардың қадірін жоғалтқанда түсінеді ғой. Барында бағалай білуді үйрену керек екен. Егер сіздің күйеуіңіз ішпесе, шекпесе, табысы жақсы, мінезі жайлы болса, жуас екен, айтқаныма көне береді деп басыну жақсы емес. Шыдамның да шегі болатынын кейбір әйелдер ұмытпаса екен».


Ләззат ханым ешкім де, ештеңе де мәңгілік емес екенін айтады...


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қара шаңырақтан кеткім келеді»: жас келін жанайқайын жеткізді


«Күшік күйеу болғым келмейді»: жамбылдық азамат осылай деп мұңын шақты