«НЕ ІСТЕЙІН?»: Бір ауыз сөзбен отбасын сақтап қалған азаматтың әңгімесі

0
1 918

Олар ажырасып кетуге сәл-ақ қалған...


«НЕ ІСТЕЙІН?»: Бір ауыз сөзбен отбасын сақтап қалған азаматтың әңгімесі

Ажырасқандар арасында өзгені кінәлайтындар көп. Асқар бұндай адамдарды некесін сақтап қалуға тырыспағағандар дейді. Оның айтуынша, шайқалған шаңырақты түзеу үшін кейде бір ауыз сөз де жеткілікті екен. Иә, Асқар мен әйелін бір ауыз сөз ажырасу жолынан кері қайтарыпты. Ол қандай сөз?


Бұл туралы Асқар ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Ол былай дейді:

«Біз 23 жаста үлкен махаббатпен бас қосқанбыз. Екеуміз түйдей құрдаспыз. Қызықты да, шыжықты да бастан өткердік. Отандасқан 15 жыл ішінде бізде ұрыс-керіс, реніш, жылау, айыптау да болды. Бірақ «Сенсіз өмір сүре алмаймын. Кешірші» деп, қайта татуласып, бәрін жылдам ұмытып кететінбіз. Ал соңғы жылдары біз «Сенімен өмір сүре алмаймын» деп айтатын күйге жеттік.

Бір-бірінен тебілетін аттас зарядтардай боламыз деп еш ойламаған едім. Бірақ өмірде бәрі мүмкін екен. Біз 15 жылдан соң ит пен мысыққа айналдық. Қит еткенге ашуланып, ұрысып қала бердік.

Бұрын әйелім жұмыста сәл бөгелсем, қайта-қайта қоңырау шалып мазамды алатын. Мен келгенше ұйықтамай күтетін еді. Ал енді керісінше, әйелім менсіз жақсы ұйықтайды. Үйден гөрі түзде көп жүргенімді қалайды. Тіпті демалыс күндері де үйде алаңсыз демалып жата алмай қалдым, үйден «қуады». Бұрын менің кейбір ісім, оның кей тамағы ұнамай қалатын болса, енді тіпті дауыстарымыз да жақпайтын болды. Көргіміз де келмейді.

Жұмыстан қайтқым келмейді. Өйткені әйелім мен үйде болмасам, ол өзін еркін сезініп, әндетіп көңілді жүреді. Бұны қызымнан естідім. Ал мені көрсе қабағы түйіліп, жекіріп сөйлейді. Менде де солай, оны көрсем ашуым қысады. Бірақ біз бұның себебін іздемедік. Ашық сөйлеспедік.


Бір күні қызым «Папа, бүгін үйге көрші апай келді. Мамам «Ары қарай өмір сүре алмаймын, ажырасамын» деді. Ажырассаңыздар, біз кімде қаламыз? Әлде мүлікпен бірге бізді де бөлісесіздер ме?» деп сұрады. Жауап бере алмадым.

Әйелім екеуміздің арамыздағы салқындықты, қарым-қатынасымыздағы мәселелерді жұмыстағы үлкен бір әріптесіме айтып едім, ол бұны «отбасылық дағдарыс» деп түсіндірді. Ол да әйелімен ажырасқан еркек, түсінеді деп мұңымды соған айтқаным ғой. Сол күні жол апатына түскен бір әйелге операция жасап, шаршап отырғанбыз. Әріптес ағам «Асқар, өлім мен өмір арасында жатқан әйелдің өмірін сақтап қалу үшін бар біліміңді, күшіңді салдың. Ал отбасыңды сақтап қалу үшін не істедің? Қандай әрекет жасадың, айтшы. Операцияға төрт сағат уақытыңды жұмсадың ғой, ал өз мәселеңді шешуге күн сайын қанша сағат бөліп жүрсің? Ажырасу оңай. Ажыраспа демеймін, егер бірге өмір сүру шынымен қиын болса, ары қарай бір-біріңді қинаудың қажеті жоқ. Бірақ алдымен некеңді сақтап қалуға әрекет жаса, нәтиже болмаса содан кейін ажыраса берсең болады. Мен кезінде әрекет жасамағаныма өкінем» деді.


Расында, ойлап отырсам мен қиындыққа тап болған талай досыма көмектескен екенмін. Ал өзіме неге көмектесуге тырыспаймын? Сонда маған өз өмірімнің құны болмағаны ма? Сан сұрақ санамнан кетпей қойды. Әріптес ағамның сөзі менің ойымды өзгертті.


Мен ажырасудан бұрын бір ай әрекет етіп көрмекке бел будым. Бірақ мен күткендей әйелімнің тарапынан ешқандай қадам болмады. Оны өзгерте алмайтынымды түсінген соң, өзім өзгеріп көрейін деп ұмтылдым. Егер сол кезде де қарым-қатынасымыз өзгермесе, онда өкінішсіз ажырасамын деп шешім қабылдадым.

Бір жексенбі күні балалар мұз айдынына кетті де, үйде екеуміз ғана қалдық. Мен шай ішіп отырмын, ал Жанна әдеттегідей теріс қарап газет оқып отыр. Әңгімеміздің таусылғанына біраз жыл болған. «Сенің бүгінгі күнің жақсы өту үшін не істейін?» дедім әңіге бастап. Үндемеді. Сұрағымды қайталадым. «Ешнәрсе істемей-ақ қой» деді ащы дауыспен ол. Ашуым келді, бірақ өзімді ұстап үндемедім. Түстен кейін әлгі сұрағымды тағы да қойдым. Бірер минут үнсіздіктен кейін Жанна «Оны неге сұрап жатырсың?» деді. «Өйткені мен соңғы уақытта саған не ұнайтынын білмей жүрмін. Сенің бұрынғыдай жадырап жүруің үшін не істеуім керек?» дей бергенімде, «Шынымен бе?» деп мырс етті. Содан соң сөзін жалғап «Үйді тазала, тамақ істе, қоқыстарды төк» деді де, бөлмесіне кіріп жатып қалды. Мен үйде кезде ол осылай жатып қалады, ал мен кете салысымен орнынан тұратынын қызымнан естіп жүрмін.


Мен қадам жасағаныммен, оның теріс бұрылғанына ызам келді. Сонда да айтқанының бәрін бір ай орындап көрейін, шыдайын дедім.

Асүйден қоқыс шелегін ала бергенімде, шкафтың қирап жатқан есігіне көзім түсті. Әйелім бір жыл бұрын айтқан болатын, тыңдамағанмын ғой. Үйде осылай қисайып тұрған, еркектің қолын қажет ететін зат көп екен.

Палау істемек боп етті турайын десем, пышақ өтпейді. Бұны да әйелім айта-айта шаршап, соңында былтыр өзі базарға барып қайратып әкелгені есімде. Содан бері қайралмаған. Ойланып қарасам, мен соңғы жылдары әйелімді «тыңдамаппын». Дұрысы, мен оның айтқандарын «естуден» қалған екенмін.

Палауым да балаларыма ұнады, бірақ әйелімнің қабағы ашылмады. Еңбегімді бағаламағаны, «Дәмді бопты» деген бір ауыз сөзді айта алмағаны көңілімді түсірді. Оның күні бойы жасаған тірліктерін елемейтінім оның көңілсіздігінің бір себебі екенін осы күні ұқтым.

Ертеңіне жұмысқа кетіп бара жатып «Жанна, бүгінгі күніңнің жақсы болуы үшін не істейін?» деп сұрадым. «Гаражды пайдаланбайтын заттарыңнан тазала» деді селсоқ. Бетіме де қараған жоқ. Менің көзіме қарағысы келмейтіндей, не істеп қойып едім білмедім. Кешке жұмыстан келдім де киімімді ауыстырып, гаражды тазаладым. Қаншама жылдан бері жиналған қоқысты шығару оңай болмады. Сілем қатып, төсекке кеп қалай талып ұйықтап қалғанымды да білмеймін. Таңертең кештеу тұрдым. Шай ішуге уақытым болмады. Аяқ киімімді киіп жатып, әдеттегі сұрағымды қайталадым. Бір ай осы сұрақты қоямын деп өзіме сөз бергенмін.

«Өмірімді жақсарту үшін сен ешнәрсе істей алмайсың! Осы сұрақты қоймашы маған. Доғаршы бәрін» деп айқайлады Жанна. Не дерімді білмей есік алдында сілейіп тұрып қалдым. «Кетші. Жұмысыңа баршы» деп мені итерген онымен көзім түйісіп қалды. Сол-ақ екен, көзі жасқа толып, «Неге арамыз суып кетті? Мәселе сенде емес, менде сияқты ғой» деп жылады. Құшақтап, жұбаттым. Ал ол қыстығып ұзақ жылады. Жылап тұрып «Соңғы уақытта өзімді өзім түсінбей жүрмін. Кешірші! Мен өзгеремін» деді...

Ертеңіне мен күтпеген қызық жағдай болды. Әншейінде менің жұмысқа кеткенімді күтіп, орнынан тұрмай жататын әйелім төсекте жоқ. Асүйде менің жақсы көретін бәлішімді пісіріп жатыр екен. Таңқалдым. Киініп жатқанымда қасыма келген Жанна «Сенің бүгінгі күнің жақсы өтуі үшін не істейін?» деді. Сізге күлкілі шығар, бірақ менің көңілім босап кетті. Бұл сөзді біреуге айту басқа да, естігендегі сезім басқа екен. Менің күнімді, көңілімді ойлаған әйелімді жақсы көріп кеттім. Көзіме жас үйірілді. Көзіміз түйіскенде оның да көзі жасаурап тұр еді. Бұл көз жасы емес, екеуміздің жүрегімізде қатқан мұздың еріп жатқаны сияқты...


Сол күннен бастап күнде таңертең бір-бірімізден «Сенің бүгінгі күнің жақсы өтуі үшін не істейін?» деп сұрайтын болдық. Не істесе көңілім көтерілетінін айтамын, ол да. Және оны орындауға тырыстық.


Бір айда қарым-қатынасымыз қайтадан жақсарды. Мен оның өтініштерін естуді, ол менің ескертпелерімді тыңдауды үйренді. Әрине мүлде ұрыспайтын болдық демеймін, бірақ бұрынғыдай болмашыны керіске айналдыруды доғардық.

Қазір егер сол кезде біз ажырасып кеткенде не болар еді деп ойланамын. Егер Жаннаның тарапынан да өзгеруге талпыныс болмағанда, мүмкін жалғыз менің әрекетімнен түк шықпас па еді, кім білсін?! Ал әйелімді әрекетке итермелеген менің «Сенің бүгінгі күнің жақсы өтуі үшін не істейін?» деген бір ауыз сөзім еді. Мені ше? Маған әріптес ағамның «Сен отбасыңды сақтап қалу үшін не істедің?» деген сұрағы әсер етті...»


Асқардың отбасын сақтап қалуда қолданған әдісі сізге де көмектесер. Қолданып көріңіз! Ал сізге қандай сөз жәрдемдескен?

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:


«9 рет құрсақ көтердім, бірақ тумадым»: жамбылдық әйел өкінішін айтып берді


«Әкесі жоқ жігітке тұрмысқа шығамын»: түркістандық келіншек себебін айтты