«Әкесі жоқ жігітке тұрмысқа шығамын»: түркістандық келіншек себебін айтты

0
1 660

Саяжан танысқан жігіттерге ең бірінші "Әкең бар ма?" деген сұрақ қояды екен. Неге?


«Әкесі жоқ жігітке тұрмысқа шығамын»: түркістандық келіншек себебін айтты

Көбіне келіннің кетіп қалуына енесі себепші боп жатады. Ал Саяжан ажырасуына қайынатасын кінәлайды. Енді ол әкесі жоқ жігітке ғана тұрмысқа шығамын дейді.


Саяжан ERNUR.KZ тілшісіне өз оқиғасын былай баяндады:

«Мектептен соң колледжге оқуға түстім. Әке-шешем бақуатты тұратын ол кезде. Оқуымды жоғарылатамын деп жүргенімде әкемнің қызметтес бір досы өзінің үлкен ағасының ұлына айттырып келді. Жігіт университеттің соңғы курсында сыртқы бөлімде оқиды. Ауданда мемлекеттік бір мекемеде жұмыс та істейді екен.

Үлкендер бізді кездестірді, бір-бірімізді ұнаттық. Жігіт араға бір ай салмай үйленді. Екі жақта да дүркіреп той өтті.

Нұрлан үйінің үлкені, одан кейін екі қарындасы бар, олар қалада студент. Қайнатамның ұн тартатын үлкен диірмені бар. Қол астында бірнеше жұмысшысы бар.

Білуімше, қайынатам Алматыдағы бір институтты бітірген. Бірақ «Ақырғанның бәрі арыстан емес, үндеменнің бәрі данышпан емес» дегендей, жоғары білімі бардың бәрі мәдениетті бола бермейтіні де рас екен. Ол арсыздау кісі. Достары қонаққа келгенде айтқан анекдоттарын естігенде бетім қызаратын. Ол дастархан басында ұл отыр, келін отыр деп қымсынуды білмейді. Үйде белінен жоғары жағын жалаңаштап жүре беретін. Енем ұрсып жүріп, көйлегін кигізетін.

Енем мектепте мұғалім. Үйде көбіне мен жалғыз қаламын. Қайынатам да көбіне үйде. Оның жұмыстан ерте келіп алып, үйде жататыны ұнамайтын. Жас келінмін, үй тазалаймын, еден жуамын. Ал қайынатам ортаңғы бөлмеде көсіліп жатып алады.

Ол үйде кезде ыңғайсызданып еркін тірлік жасай алмай қиналатынмын. Оның үстіне қайынатамның өңменіңнен өтіп кетердей тесіле қарайтыны да ұнамайтын еді.


Келіндік өмірге 6 айда үйреніп те қалдым. Күйеуім дипломалды емтихандарын тапсырып келмек боп Алматыға кетті. Ертеңіне әдеттегідей үй тірлігімен жүргенмін. Енем күндегідей мектепте жұмысында. Қайнатам 43 жасқа толған туған күнін тойлағалы екі-үш күннен бері тоқтай алмай ішіп жүрген.

Таңертең бір жаққа кеткен қайнатам түске таяу үйге келді де «Келін, тамақ бар ма?» деді. Тамақ ысытып құйып бердім де, бөлмеме кіріп күйеуімнің шашып кеткен киімдерін реттеп жатқанмын. Бір уақытта ту сыртымнан біреу қадалып қарап тұрғандай болды. Бұрылып есікке қарадым, біреу ары қарай кеткендей сезілді. Ойымда ешнәрсе жоқ, теріс қарап отыра бердім.

Арада 5 минут уақыт өтті ме, өтпеді ме қайынатам шай сұрады. Шай құйып беріп отырғанымда "Ұлымның талғамына ризамын. Сендей әйел маған бұйырмады ғой. Бөксе десе бөксең бар, төсің де менмұндалап тұр" деп, кеудеме тесіле қарады. Қайынатамнан мұндай сөз естимін деп ойламағанмын. Ашуланғаныммен "Не айтып отырсыз? Ұялмайсыз ба?" дегеннен артық ешнәрсе айта алмадым. Жылап шығып кеттім.

Үйге кіруге қорқып, енем келгенше сыртта жүрдім. Бірақ енем жұмыстан келгенде қайынатамның бейәдеп сөздерін айта алмадым.

Енем жылағанымды байқап, ұлымен арада реніш болған деп ойлады. «Бір аптадан соң келеді, диплом алады ғой» деп өзімен-өзі сөйлеп жүріп, мені үйге кіргізді. Ал мен одан сайын ызам келіп, қалай айтарымды білмей тұрмын. Бір кезде айқайлап жылап жібердім. Қайынатам түк болмағандай, "Ата-анасын сағынған шығар, төркініне жібер, барып қайтсын" деді.


Төркініме келгеннен соң да қайынатамның сөздерін анама айта алмадым. Естісе есі шығып кететінін түсіндім. Тек жеңгеме ғана айтуға батылым барды. Жеңгем "Бұны күйеуіңе де айтпа. Ол бәрібір саған сенбейді. Бірақ енші алып бөлек шығуға күйеуіңді көндір" деп ақылын айтты.


Күйеуім дипломын алып келді. Өміріміз жалғасып жатты. Бірақ қайынатам мас кезде және оңашада сөзімен тиісуін қоймады. Қолымен тиіскен емес, бірақ сонда да үйде жалғыз қалғанда бойымды үрей билеп алады. Сондықтан да күндіз де бөлмемді кілттеп алатын болдым.

Ішпесе жап-жақсы адам ғой. Алайда ол "тамақасты" деп те, себепсіз кейде көп ішіп кетеді. Сондайда көзі қызарып менен көз алмайды. Енем аңғарады да сосын ашуын менен алады. Соңғы кезде енем мені өзінің бір бақталасы сияқты көретін болды. Не үшін маған қаталдық танытып жатқанын ол айта алмайды, бірақ мен түсінемін.

Қайынатаммен үйде жалғыз қалмаудың жолдарын іздей бастадым. Күйеуіме үйде отыра беруден шаршағанымды айттым. Жұмыс істегім келетінін жеткіздім. Күйеуім де, енем де қарсы болды.

"Үйдің тірлігіне үлгеріп алсайшы. Не жетпей жатыр?" деді олар. "Қорқам" деп бастадым әңгімемді. Бірақ тағы да ары қарай айта алмай күмілжідім. "Әрине даңғарадай үйде жалғыз қалудан қорқатын шығарсың. Бірақ қайынатаң жұмыстан ерте келеді, қорықпа" деді енем. Бәрінен де шындықты айта алмау қиын екен ғой.


Бір күні өлесі мас боп келген қайынатам тағы да ұятсыз сөздерін арнады. Өзімді қор санадым. Неге көшедегі жолбикелерге айтатын сөзді мен естуім керек? Зығырданым қайнады. Бөлмеме кіріп, ішінен кілттеп алдым. Қайынатама мені ашуландырған ұнайтын шығар, ол кілттеулі есігімді бірнеше рет жайлап тоқылдатты. Қатты қорықтым. Күйеуім үйінің жалғыз ұлы. Демек мен өмір бойы ата-ененің қолында тұрам. Сонда қайынатам қартайып өлгенше мен одан қорқып өмір сүруім керек пе? Көп ойланып, кешке жұмыстан келген күйеуіме қайынатамның есігімді қаққанын, маған тесіле қарайтынын және кейбір сөздерін айтып бердім. Күйеуім "Түу, үйде отырып қорқынышты фильмдерді көп көріп қойғансың-ау?! Сериал көре бермесейші" деп, сөзіме мүлде сенбеді. Тіпті менің сөзім оны ойландырмады да.

Бұрын қалай айтарымды білмей қиналсам, енді сөзіме ешкімді сендіре алмай қиналдым.

Қайынатамның оңашада айтатын сөздерін саралай келе психикалық бір ауытқуы бар екенін аңғардым. Ал ондай ауру адаммен бірге өмір сүру, онымен оңаша қалу қорқынышты. Сондықтан да мен ол үйден кетуге шешім қабылдадым.


Әрине күйеуімді қимаймын. Сондықтан да Нұрланға "Не бөлек шығайық, не ажырасайық" деп ұсыныс айттым. Нұрлан "Неге келіндер ата-енесімен тұрғысы келмейді? Менің ата-анама қызмет еткің келмей ме? Не істеп шаршап жатырсың?" деп, ашуланып шыға келді.


Сол күні екеуміз ұзақ ұрыстық. Соңында "Мен ата-анамды таңдаймын. Кете бер, ұстамаймын" деді.

Сөмкемді алдым да төркініме кетіп қалдым. Үш ай күттім. Күйеуім соңымнан келмеді. Мүмкін ол да мені қайтып келеді деп үш ай күткен шығар, төртінші айда соттан қағаз келді. Күйеуім ажырасуға арыз жазыпты.

Ажырастық. Көп ұзамай күйеуімнің екінші рет үйленгенін естідім. Бірақ ол да кетіп қалыпты. Ол келіншек те шындықты айта алмай кеткен болар, әйтпесе қайынатам туралы гулеген сөз бізге де жетер еді ғой. Ал жұрт қайынатам туралы тек жақсы пікірде.

Санап отырсам, ажырасқаныма төрт жыл уақыт болыпты. Қазірше тек әкесі бар жігіттер жолығып жатыр. Ал мен әкесі жоқ жігітке ғана тұрмысқа шығамын..."


Саяжан осылай дейді. Оның соңғы сөзіне қарағанда бізге де шындықты айта алмай отырған сияқты. Ал, оқырман, сіздің қайынатаңыз қандай?

(Суреттер ашық дерекөздерден алынды)