​«Оның тоқалы болуға дайын едім»: шымкенттік әйел құдасының кім болғанын айтты

0
1 666

«Енді онымен қалай жекжат боп араласатынымды түсінбеймін»


​«Оның тоқалы болуға дайын едім»: шымкенттік әйел құдасының кім болғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мен тұратын қалада миллиондаған халық бар деп айта алмайсың. Себебі мұндағылар бірін-бірі таниды, сұраса кетсең туысың, танысың боп шыға келеді. Мен де таяуда жиырма екі жыл бұрын өзім құлай сүйген жігітті кездестіріп қалдым. Ыңғайсыз жағдай болды, ол жігіттің ұлы мен менің қызым үйленеміз деп сөз байласыпты. Тәтті шайдың үстінде екеуміз абдырап, асып-сасып қалдық», - дейді Мереке есімді әйел.


Оқырманымыз ешкімге айтпаған құпиясын ERNUR.KZ тілшісімен бөлісті.


«Университеттің төртінші курсында оқып жатқан кезім. Соңымнан жүгіретін жігіттер көп. Бірақ ешбіріне мойын бұрмай, бар ойым дипломдық жұмысты ойдағыдай жазып, қорғап шығу боп жүрген кезде мен Нұрланды жолықтырдым.


Біздің кезімізде қоғамдық көліктер кез келген жерге тоқтап, қол көтерген адамды әкете беруші еді ғой. Күн кешкіріп, университеттен қайтатын маршрутты күтіп жол жиегінде тұрғам, жаныма аппақ джип тоқтады. Жасы менен біршама үлкен жігіт екен, «Қарындас, отырыңыз, апарып тастайын» деді. Ондайға елеңдей қоятын мен емес, «рахмет, мен 77-ні күтіп тұрмын» дедім.

Не керек, әлгі жігіт сол жерден кетпей, мені бақылап біраз тұрды. Сол аралықта мен күткен «газель» келді де, отырып кеттім. Бір қарасам, әлгі джип газельдің артынан ілесіп, әр аялдамаға тоқтаған сайын менің қай жерден түсетінімді аңдып келе жатыр. Шындап қорқайын дедім. Бір жағы менімен танысуға осыншалықты ынтық болғаны ұнап қалды.


Солай Нұрлан екеуміз менің үйімнің аялдамасында таныстық. Ол менің нөмірімді алды. Содан бастап күн аралатып құшақ-құшақ гүл келетін. Кафе-мейрамхана, басқа ма, соның бәріне апарды. Шыны керек, ол кісіні бойдақ деп ойладым. Мен арасында отбасы жайлы әңгіме қозғаған кезімде жалғастырғысы келмейтін.
Содан кейін, ажырасуы ауыр өткен шығар, не әйелі қайтыс болды ма екен деген сұрақтар болды санамда. Бірақ өзі айта алатын кезінде айтсын деп бұл тақырып төңірегінде ештеңе сұрамадым, айтпадым.


Сөйтіп жүргенде біздің кездескенімізге жарты жылдай уақыт болды. Ол қамқорлық танытқанын, сыйлық жасағанын тоқтатпады. Бірақ үйлену жайлы әңгіме қозғалмайтын. Мен де бір-бірімізді жақын білгенімізді қалап жүрген шығар деп оған ештеңе демедім. Бірақ күн өткен сайын оған сезімім ашылып, көрмесем тұра алмайтын, даусын естімесем есімнен адаса жаздайтын жағдайға жеттім.


Бір күні ол мені қаладағы ең қымбат деген мейрамханаға шақырды. Өзі аздап ішіп алған екен. Үстел басында тағы ішті, сөйтіп әжептеуір масайып қалды. Бәлкім маған айта алмай жүрген ішіндегі сырын осылай ақтарғысы келген шығар. Әйтеуір сол кеште ағынан жарылды.

«Мирош, мен сондай бақытсыз адаммын. Әкемнің айтуымен оның досының қызына үйлендім. Ол маған бір емес үш қыз туып берді. Қазір денсаулығы жоқ, ал маған ұл керек. Ажырасып кетейін десем үш қызымды қимаймын, ажыраспайын десем сені қимаймын» деп жылады.

«Саған бір көргеннен ғашық боп қалдым, енді қайтем, айтшы, мұның бір амалы бар ма» деп маған жаутаңдап қарағанда жаным ашып, қосыла жыладым. Сүйгенімнің басы бос болмай шыққаны жаныма батты.


Арада біраз уақыт өткенде ол маған «екінші әйелім бол» деп ұсыныс білдірді. «Жағдайыңды жасап қоям, маған ұл туып берсең болды» деп уәдені үйіп төкті. Шынымды айтайын, Нұрлан маған не десе де көнуге дайын жүрген едім. Оның бұл ұсынысына бірден келістім. «Сені көңілдесім сияқты көрінген жерге сүйрелемеймін. Келесі аптада дайын бол, әке-шешеме таныстырып, солардың рұқсатымен бас қосамыз» деді. Оның бұл батылдығына өзім де риза болдым.


Бірақ уәде еткен келесі аптасында оның әңгімесі басқаша боп өзгеріп кетті. «Кешір, сенің тағдырыңмен ойнауға менің құқым жоқ. Сен пәк қызсың, менен де жақсы жігітке лайықсың» деп жағдайды түсіндіріп, мәңгіге қоштасып кете барды. Шынымды айтсам, не болғанын, неге көзқарасы өзгеріп шыға келгенін сол күйі түсінбей қала бердім.


Бәріне уақыт емші ғой, арада төрт жыл уақыт өткенде қазіргі күйеуімді жолықтырып, үйлендік. Қазір бес баланың ата-анасымыз. Үлкен қызымыз – студент. Жақында өзінің жігітімен таныстырып, тұрмысқа шығатынын айтқасын, құдалармен кездесуге барсам, қарсы алдымнан баяғы Нұрлан шықты. Жанында маған жылап айтқан «сүймейтін» әйелі бар. «Үш қыз, бір ұлымыз бар» дегенде мән-жайды түсіндім. Демек, Нұрлан әйелінің жүкті екенін біліп, менен бас тартқан екен. Сол туған бала енді менің күйеу балам болмақ...


Нұрлан мені танымаған кейіп танытты. Оңаша қалғанда да ештеңе айтпады. Бірақ көзқарасынан, жанарынан менен ыңғайсызданғанын сездім. Болашақ құдағиым ашық-жарқын, әп-әдемі әйел екен. «Тойды қашанға белгілейміз» деп әңгіме бастағалы отыр еді, «асығыс жоқ, қызымыз дипломын ала берсін, көктемге қарай көреміз» деп уақытты создым. Не үшін олай еткенімді өзім де түсінбеймін. Біртүрлі күйде отырдым.


Ендігі жағдайдың қалай боларын, ол кісілермен қалай құда-жекжат боп араласатынымды әлі түсінбей отырмын. Қызым жігітін сүйеді, екеуінің арасына түсуге арым жібермейді. Мұндайда қайтпек керек? Ақыл-кеңестеріңізді айта отырсаңыздар екен...»