​«Шәйнекпен ұрып қансыратып тастаған»: күйеу баласын түрмеге тоғытқан әйел болған жағдайды айтып берді

0
1 417

«Қанның ізін жасырып мұздай суға жуындырған. Сіңлімнің түріне қарау мүмкін емес, сау тамтығы қалмаған...»


​«Шәйнекпен ұрып қансыратып тастаған»: күйеу баласын түрмеге тоғытқан әйел болған жағдайды айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әйелдің қырық жаны бар» дейміз. Бірақ солай екен деп, оны отырса опақ, тұрса сопақ ете беруге бола ма? Мәселен, З. дейтін келіншек бірнеше айдан бері төсекке таңылып жатыр. Көрер жарығы бар екен, дәрігерлер әрең дегенде аман алып қалған. Десе де әлі талай ем қабылдауы керек.


З.-ның күйуінен көрген қорлығын Б. деген әпкесі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Сіңлімнің тұрмысқа шыққанына бес жыл болған. Жігітпен танысып, кездесіп, екеуі бірін-бірі ұнатып қосылған. Бірақ күйеу бала екіжүзді біреу болып шықты. Зиялы, бай-бақуатты отбасында туған адам тәрбиелі болады деп қателесіппіз. Әке-шешесінің ақшасы мен атағына сеніп қалған, отбасын бағып-қағу үшін саусағының ұшын да қимылдатпайтын жалқау боп шықты. Әке-шешесі сыйлаған екі бөлмелі пәтерде таңнан кешке дейін жататын. Сіңлім байғұс мектепте мұғалім боп істейді, таңнан кешке дейін аяғынан тік тұрып сабақ беріп, кешке үйдің шаруасына үлгеріп, түн ауғанша дәптер тексеріп отырады. Сонда да күйеуіне жақпай қойды.


Әйелін қарадай қызғанады да тұрады. «Қайда жүрсің, кіммен болдың?» деп күн сайын құлақ етіңді жей берсе, жаныңа тимей ме, сіңлім де бірте-бірте күйеуіне сөз қайтаратын болса керек. Екеуінің жиі ұрысып қалатынын білетінмін. «Әпке, шыдай алмаймын, ажырасамын» деп менің үйіме талай мәрте жылап келген. Бір-екі мәрте райынан қайтарып, ондай-ондай қиыншылықтарға төзу керектігін айтқам. Кейін мен де шаршадым, «өз өмірің ғой, тұра алмасаң, проблемаң көбейе берсе ажырас» дедім. Бірақ күйеу бала есігіме келіп, жалынып, өлердегі сөзін айтып, сіңлімді өзімен ертіп кетті.


Арада бір апта өтер-өтпес ауруханадан «Пәленшеева Түгенше сіздің туысыңыз ба, реанимацияда жатыр» деп хабарласты. Біз тұратын қалада екеуміздің басқа бауырымыз жоқ, бәрі батыс өңірде тұрады. Дереу жанымды шүберекке түйіп, жетіп бардым. Барсам күйеу бала, шешесі мен інісі тұр екен. Үшеуі де үрпиісіп тұр, құдағи дереу ақталып, айтарлықтай қауіп жоқ деп мені жұбатпақшы болды.


Кейін, сіңлім тілге келген соң сұрасам, оқиға былай болыпты: Әдеттегідей тоқсан қорытылып жатқан кез, оқушылардан тест алып, тоқсандық бағаларды компьютерге енгізіп, құжаттармен мектепте қараңғы түскенше отырып қалыпты. «Мен кештеу қайтамын, алып кете аласың ба?» деп күйеуіне хабарлама жіберген екен, онысы ашып оқымаған да.


Кештетіп үйіне келсе араққа сылқия тойып алған күйеуі мен екі ұлы үйде екен. «Қайда жүрсің, қан...?» деп күйеуі аузына келгенін оттаған. Үйдегі көріністен көңілі құлазып, жұмыстан әрең жеткен адам ғой, «телефоныңды ашып қарамайсың ба, арақтан қолың тимейді сенің» деп күйеуіне қаттырақ сөйлепті. Осы аралықта баласын алып, горшокқа тосайын деп кетіп бара жатқан сіңлімді тірсегінен бір теуіп жерге құлатыпты. «Әпке, көтеріп алған балама да қараған жоқ. Ол байғұс жерге гүрс етіп қолымнан ұшып түсті. Шыңғырып жатыр. Балама барып жұбатуға шамамды келтірмеді, шашымнан асүйге дейін сүйреп апарды» деп сіңлім жылап жіберді.


Арақтан жынданған күйеу бала бір уақта әйелінің басын ас үйдегі ішінде тола шайы бар шәйнекпен ұра беріпті. Сосын ішінен, жамбасынан теуіп тастаған. Сіңлім ұрмашы деп жалыныпты, мектепте мұғалім болған соң бетіме зақым келмесін деп қолымен көлегейлеген. Сөйтсе күйеуі қолын күшпен сілкіп, дәл бетін тебе берген. Бұл уақта бақшаға баратын екі бала бәрін көріп тұрған, араша түспекші болған балапандарына да жүрегі жібімеген ғой. Айтқан сайын денем түршігеді, осыншалықты айуандық жасайтындай не көрінгенін...


Ол оңбаған сіңлімді өлімші етіп сабап, пәтерден шығып кеткен. Осы кезде төртке келген баласы подъезге шығып, үшінші қабатта тұратын көршінің есігін қағыпты. Абырой болғанда әлгі кісі үйінде екен, дереу жедел жәрдем шақырып, екі баланы өз үйіне алып кеткен. Сол жерде сіңлімнің телефонын алып, енесіне хабарлапты. Олар сол маңда тұратын, жедел жәрдем жеткенше құдағи баласымен келіп, айналадағы қандарды жуып, қылмыстың ізін жасыруға барынша әрекеттенген ғой. Ең сорақысы, есі кіресілі-шығасылы боп жатқан сіңлімді ваннаға сүйреп әкеліп, басындағы, бетіндегі қанды мұздай сумен жуған.


Мұның бәрін әлгі көрші әйел көріп тұрыпты. Оның сол жерде болғаны мұншалықты абырой болар ма? Сотта құдағи мен баласының істеген тірліктерін жіпке тізгендей етіп айтып берді. Жан-жаққа арызданып жүріп, күйеу баланы темір торға отырғыздық. Туған қайынағам Астанада, құқық қорғау саласында істейтін, бұл істі өз бақылауына алып, күйеу баланың жазасын алуына барынша жәрдемдесті. Ол үшін ағамызға мың рахмет.


Десе де сіңлімнің өмірін құртып кетті. Қазір бетінің сау тамтығы жоқ, бәрін тігіп тастаған. Басы да солай. Әлі алда басына төрт рет операция жасау керек. Оның бәрі қыруар қаржыны талап етеді. Құдаларға айтсақ, «күйеуін түрмеге тыққан қатынға көк тиын бермейміз» деп безірейіп отыр. Екі баланы қараудан да бас тартты.


Айдың-күннің аманында сіңлім сорлап қалды. Бағымызға орай қайырымды адамдар бар екен, мектеп ұжымы да қарап қалмадын, көпшіліктің арқасында Түркияда ота жасатуға мүмкіндік алдық.


Айтпағым, еркек табыс таппаса, бекер қызғанып, ара-тұра қол жұмсайтын болса, бала үшін шыдап, бәріне көнудің қажеті жоқ екен. Ондайлардың түзеліп, адам боп кететінін некен-саяқ. Сондықтан, қымбатты әйелдер, қыздар, тиран еркектен осы бастан құтылуға асығыңыздар. Шыдаймын деген сіңлімнің өмірі – мынау, мүгедек боп қалды...»