​«Қонаққа барсақ келін жақтырмайды»: тараздық келіншек балаларының ата-әжесінен алыстап бара жатқанын айтты

0
3 284

«Біздің бөлек тұрғымыз келеді, сендер осында тұрыңдар, біз бөлек кетейік...»


​«Қонаққа барсақ келін жақтырмайды»: тараздық келіншек балаларының ата-әжесінен алыстап бара жатқанын айтты

иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Абысын тату болса ас көп» деген қазақтың тамаша бір сөзі бар ғой. Ата-бабаларымыздың даналығы қандай десеңізші, келіндерінің бір-бірімен тату болуына барынша жағдай жасаған. Өз басым апалы-сіңлідей тату тұратын абысын-ажындарды көрсем қызыға қараймын. Маған ондай бақыт бұйырмады», - дейді Гүлнар есімді тараздық келіншек.


Екі ұлдың үлкеніне жеті жыл бұрын келіншек болған оқырманымыз әулеттегі дәл қазіргі ахуалды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Мен алғаш келін болып түскен жылы ата-енем, қайным, бәріміз бір шаңырақ астында тұрдық. Менің жолдасым мен қайным қалада емін-еркін өскен, қазақшаға шорқақтау болды. Ата-анадан имену деген болмайтын, мүмкін тәрбиесі солай болды ма? Ойындағыларын тік айтады, ата-анасына қарсы сөйлей салатын. Алғашқы уақытта бұл отбасындағы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасына үйренісе алмай жүрдім. Мамалары өзін-өзі күтіп, балаларының жағдайына аса бас ауыртпайды. Ата-енемнің шүйіркелесіп шәй ішіп отырғанын көрмейсің. Әркім өз алдына жүреді. Бір-бірімен сөйлесе қалса, арты ұрысқа ұласып кетеді.


Біздің үйде көрген тәрбиеміз ата-ана қандай болса да, оны сыйлау керек, қарсы сөз айтпау керек деген қағидамен өстік қой. Сондықтан дастархан басында атаммен, кейде енеммен әрнәрсені айтып шүйіркелесіп, әңгімеге тартып, өзімше отбасы мүшелерінің бір-бірімен жақындасуына жағдай жасағым келді. Біртіндеп күйеуіме үлкен адамдар отырғанда тік сөйлемеуді, сыйлауды үйреттім.


Ал қайнымның бір ашуланса қайтуы қиын. Жиырма бес жасқа келгенше не тұрақты жұмыс істемеді, тіпті орта мектептің өзін әрең алған екен. Одан кейін ақшасын төлеп, ақылы колледжге түсіріпті. Ол оқу орнына да дипломын аларда бірақ барған. Өзі ішімдікке өте жақын.


Бір күні қайным ойда-жоқта үйге бір қызды алып келді. Үйде атам-енем де, жолдасым да жоқ еді. Үйдің тірлігін істеп, кешкі астың қамына кіріскем, араққа сылқия тойып алған қайным үйге кірді де «Жеңге, мен үйленетін болдым, танысып қойыңыз, мынау келініңіз болады» деді. Ертіп әкелген қызы да именіп, ұялып тұрған жоқ, бетіме бақшия қарап тұрып қалыпты.

Ойламаған жерден келін келгенге ыңғайсызданып қалдым, дереу енеме хабарласып, олар келіп келінге орамал салды. Үйге туған-туыс жиылып әлгі қыздан «Қарағым, өз еркіңмен келдің бе, біздің ұлмен қашаннан бері таныссың» десіп жатыр. Қыздың сөзінен білгеніміз, кездесіп жүргендеріне үш ай болыпты, өз еркімен келгенін айтты.

Сонымен кешке қарай қыздың артынан қуғыншылар келді. Абысынды болғаныма мен де өзімше қуандым. Әңгімелесетін, үйдің тірлігін бірге жасайтын адам бар дегендей. Ата-енем екі ұлын да үйлендіргеніне мәз. Балалары дұрысталар, жаман әдеттерін доғарар деп үміттенді.


Біздің тойымыздың өткеніне бір жылдан енді асқандықтан қайнымның тойына біраз уақыт дайындалу керек болды. Атам мән-жайды құдалдарына түсіндіріп, тойды кейінге шегерді. Бірақ арада екі айдай уақыт өткенде келіннің туыстары үйге келіп, жанжал шығарып, тойды уақытында жасамағанымыз үшін жер-жебірімізге жетті.


Осыдан кейін қайным күнде үйге мас болып келеді де ата-анасына «Сендер Берікке қатырып той жасап бергенсіңдер, менің тойымды жасағыларың келмейді» деп қиғылық салатынды шығарды. Осыдан кейін ата-енем қарызданып, қауғаланып жүріп әйтеуір тойды өткізді.


Біз тұңғыш қызымыз дүниеге келгеннен кейін бөлек шықтық. Бұрын ата-енемнің жалға беріп қойған бір бөлмелі пәтері болатын. Сол үйге көшіп кеттік. Анда-санда үлкен үйге барып тұрамыз.

Бастапқы кезде келінжан бізді күліп қарсы алып, шайын беретін. Мен де барған сайын оған құр қол бармай сыйлығымды ала барамын. Бірақ бертін келе қайным екеуінің әңгімесі айни бастады.

«Біздің бөлек тұрғымыз келеді, сендер осында тұрыңдар, біз бөлек кетейік» деп қойып қалады. Келін де дәл сол уақытта ыдыстың бәрін тарс-тұрс еткізіп, өзге біреулерге ашуланған болып мінезін көрсетеді. Басында мен оның мұндай әрекетіне мән бермеуші едім, бірақ кейіннен оның мұндай мінезін жолдасым да байқай бастады. Кейде туған күн, анау-мынау мерекелерде ғана кіріп шығатын болдық.


Бірде енем маған «Сендер мұнда келе бермеңдер, бұлар біраз өздерімен өздері болсын, Серік балалардың шулағанын да көтере бермейді, келін де қонақ күткенді жақтырмайды екен. Сендердің артынан балалардың шашқан ойыншығын бұрқылдап жүріп жинайды. Ең бастысы екеуі жақсы тұрып кетсе болды. Сол бұзыққа ие болсыншы» дегеннен кейін біз баруды мүлде қойдық. Енемнің сөзінен кейін біртүрлі көңілім қалды. Демек, менің кішкентай қызым мен екі-үш айлық ұлымды жолатқысы келмегені ме деп біраз жылап та алдым.


Келінім «Сенің ағаң мен жеңгеңдікі рахат, кемпір-шалды бақпайды, өздерімен өзі тұрады, әке-шешең мені жақтырмайды, ылғи Гүлнарды мақтайды. Ал мен болсам осы үйдің жұмысынан әбден шаршадым, денсаулығым болмай, бала да көтере алмай жүрмін» деп күйеуінің миын жейді екен. Оны бір күні біздің үйге мас болып келген қайным айтып қойды.


Кейін енем біздің үйге келгіштей бастады. Ол кісі де әңгіме арасында «Келін қит етсе «мен Гүлнар секілді емеспін, мені ұнатпасаңдар, балаларыңа басқа келіншек тауып беріңдер» деп айқайлайды, бірақ өзінің кететін ойы жоқ» дейді енем. Сонда менің екі ортада не жазығым бар? Үйім бөлек, отбасым бөлек. Балалы-шағалы болғалы ата-анамнің, қайыным мен абысынымның жағдайларына бас ауыртатын да уақытым болмай кетті. Өздері біздің үйлеріне барғанымызды қаламады, балаларымыздың ойыншықтырды шашып, ойнағанын көтере алмады. Енді келіп ұрыс-керістің бәріне мені араластырып, қараптан қарап жау көретініне таңғаламын.


Келіннің іштарлығынан тіпті балаларым атасы мен әжесін сирек көреді. Үлкен кісілер қара шаңырақта отырған кенже баласы мен келінінің сөзін сөйлеп, олардың жақсы отбасы болып кетуін тілеген болар. Келіннің маған деген реніші болса жеке өзіме неге айтпайды?! Айлап араласып, сөйлеспесек те менен кімді, нені, не үшін қызғанатынын түсінбей-ақ қойдым...»