​«Күйеуім құдашаға ессіз ғашық»: шымкенттік әйел отбасын қалай сақтап қалғанын айтып берді

0
1 847

«Бізді ажыратпақшы болған жандар қазір мүшкіл халде жүр»


​«Күйеуім құдашаға ессіз ғашық»: шымкенттік әйел отбасын қалай сақтап қалғанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

«Өмір жолыңда адал дос кезіксе, онда Құдайдың бағы, ал амал жос кезіксе, сорыңды қайнатады. Ондайлардың кесірінен тақыр кедейге айналып немесе айрандай ұйып отырған отбасыңнан айырылып қалуың мүмкін. Күйеуім екеуміздің жолымызға достың екінші түрі кезіккен еді, бірақ бізді бір Құдай сақтап қалды», - Бағила дейтін шымкенттік келіншек.


Елуге таяп қалған кәсіпкер әйел ERNUR.KZ оқырмандарына басынан өткен хикаясын баяндап берді.


«Біз мектеп бітірер жыл кеңестің келмеске кеткен тұсымен тұспа тұс келді. Халық қиналып нәпақа табудың жалына жармасқан шақ. Мектеп бітірген соң оқуға түсе алмадым. Бірнеше мәрте оқталып көрдім, бірақ онымнан түк шықпады. Содан тігіншілік курсты тәмамдап, тігін цехына жұмысқа тұрдым. Соның арқасында ақшадан қиындық көрген жоқпын, бастығым жақсы кісі еді, менің тап-тұйнақтай тігісімді көріп, тапсырысты еселеп беріп отыратын.


Бұл уақта өзіммен қатар қыздардың біразы тұрмысқа шығып, балалы болып үлгерген. Жұмыста бірге істейтін апай «Қыз-ау, жұмыс деп жүре берсең, отырып қаласың. Жігітім жоқ десең, мен туыс ініммен таныстырайын» деп қыр-соңымнан қалмады. Бұрынғының адамы ғой, таныстырған жігітімен менің мінезім жараса кетт. Ойлағанымыз бір жерден шығады, көбіне үнсіз түсінісеміз. Содан көп созбай, үй болуға бекіндік.


Рақымжанның ата-анасы ауылда тұратын, сондықтан екеуміз қалада пәтер жалдап тұрдық. Әрине, алғашында бір жылда қиындық атаулы бізді айналып өтіп жатқандай қабылдадық. Қасыңда жаныңды түсінетін адам болғандықтан да шығар көп нәрсені жеңіл қабылдайды да екенсің.


Бар мәселе тұңғышымды босанғаннан кейін басталды. Сүтке жарыта алмадым. Қосымша тамақ алу керек, ал оған күйеуімнің айлығы жетпейді. Пәтерақы бар, күнделікті азық-түлікке де қыруар қаржы кетеді. Кейде қу жетіспеушіліктің кесірінен ызам келіп жылап алатынмын.

«Балаңды мен бағып берейін, сен алаңдамай жұмыс істе» дей салатын ене болмады, оны тастап кетудің ретін таппай бір жыл арпалыстым. Ақырында енемнің тігін машинасын сұрап алып, үйге тапсырыс қабылдай бастадым.


Баста көрші-қолаңның көйлегін, жеңіл-желпі дүниелерді тігіп сата бастадым. Әйтеуір күнлделікті айран-сүтімізді алып, аузымыз аққа тиіп, жанымыз кіріп қалды. Кейін бір танысым «базарға қап тігіп сат, ондайды қуана-қуана алады» деп кеңес берді. Кәдімгі ұн, шекер салатын қаптарды тігіп, базардағы сатушыларға апарып өткізіп жүрдім. Бұл кезде Рақымның да айлығы өсіп, қызметте әжептеуір көтеріліп қалған.


Бір күні қап тігуден де жалықтым. Көршім перде тігіп беруімді өтінген, қарасам перде тігуден табыс деген әжептеуір түседі екен. Ойланбай осы салаға бет бұрып кеттім. Менің қиялымнан шыққан перделерді небір бай-бақуатты әйелдер көздері жайнап тұрып сатып алатын. Тапсырыстың астында қалдым десем де болады. Ісмерлігімнің арқасында айналдырған екі-үш жылдың ішінде қоңданып шыға келдік.


Үй сатып алдық, одан көлікті болдық. Арада өткен бірер жылда басымыз да көбейіп үш балалы болдық. Бұл кезде Рақымның да мен танымайтын достары көбейген. Әсіресе бірге оқыған сыныптастары келсе көңілім нілдей бұзылып сала беретін. Себебі бәрі дерлік оқымаған, дұрыс тәрбие көрмеген не тұрақты жұмысы жоқ біреулер еді. Ақшалары бар ма, жоқ па, қарамайды, топырлап алып ішімдікті сүтше сіміріп отырады. Олар Рақымды өз қатарларына қосып алғысы келіп, біздің үйге жиі келгіштеп кетті.


Баста үндемедім. Ойларына келгенін жасап болған соң біздің үйге жиналады. Түн жарымында тұрып, ет асып беремін. Артынан ішімдікті жәшіктеп ішеді. Мені ұйықтап қалды деп ойлап, түн ауғанда қай әйелмен қалай жатқанын баяндап қарқ-қарқ күліп, есіріп әнге басатын. Айналадағы көршілерден де ұялмайтын. Солардың арқасында мен де күйеуімнің түнгі жорықтарына қанық болдым. Қаным басыма шауып, қатты ашулансам да ішіп алған адаммен жағаласып абырой табасың ба? Ертесіне дейін әзер шыдап, доссымақтары кеткен соң екеуміз айқайласатынбыз. Ішіп алып түнгі хикаяларын нәшіне келтіріп мақтанғанын өлсе мойындар ма? Тайқып шығады. Өлсе де мойындамайды. Бұрын аузына татып алмайтын ол бірте-бірте ащы суды жанына серік ете бастады. Желдің қайдан соғып жатқанын білем.


Бір күні шыдамым шегіне жетті. Түнгі он екіде «қазанға ет сал, балалармен бара жатырмын» деп хабарласқан. Сабырымды ақылға жеңдіріп, айтқанын істеп қойдым. Бір кезде сау етіп, кіріп келді. Арасында мен танымайтын екі әйел бар. Үйімде жынойнақ жасамақшы ғой. Асықпай тамағымды бердім. Бір кезде ішіп алған досының көңілі айнып, үйімді былғап тастады. Жиіркеніп тұрсам да әлгіні тазаладым. Сөйтсем стол басында отырған екі әйелдің бірі «бізді жақтырмай тұрсың ба, неге үйіңді сүртіп кеттің, кел, шайыңнан құй» деп бұйырып тұр. Осы кезде вулканша атылдым. Әлгілерді үйден қуып шықтым.


«Сен менің достарыммен араласқанымды қаламайсың» деп Рақымжан маған мүлде сөйлемей қойды. Мен оған дос дегеннің ондай болмайтынын айтып түсіндіре алмадым. Уақыты келгенде түсінер дегем. Сөйтсем әлгі үден қуылған достары бір саусақтарын ішіне бүгіп кетіпті ғой. Арада аз уақыт өтпей күйеуімді қатарларына қайта қосып алды. Рақымым күрт өзгерді. Түнімен дөңбекшіп шығады. Оның әр қимылын сезіп жатқан менің де ұйқым қашады. Ашылып сөйлеспейді. Әңгімеге шақырсам, сылтау айтып құтылады. Балаларға да суық. Төсекті де ұмыттық. Бірдеңе десең қорс ете қалады. Сырттағы дәретханаға барып сөйлесіп жатқанының үстінен түстім талай. Ішкен күні үйге қонбайды, сылтау айтып шығып кетеді.


Осындай ит өмірмен үш жыл өтті. Шыдамым таусылған мен ажырасайық дедім. Не оған көнбейді. Құрысын еріме емес, екі босағама сенейін деп ішім қанша қан жылап тұрсам да шыдадым. Ақырында ішіп алған бір күні күйеуім ішіндегі сырының бәрін ағытты.


Біздің отбасымызды ойрандағысы келген кластастары екен. Байдан қайтқан біреуінің құдашасымен таныстырып, табыстырыпты. Сөйтіп арада үлкен «махаббат» туындаған білем. «Сүйіп қалдым оны, кеш жолыққан махаббатым ғой» дегенде жүрегім қарс айырылғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ақыры бізді ажырасуға дейін жеткізген әлгі оңбаған құдаша бұрынғы күйеуіне қайта қосылыпты. Осылайша отбасымыз күйреуден аман қалды. Ал әлгі таныстырғыш, табыстырғыш доссымақтарды сол күйі есігімнен де сығалатпай қойдым.


Алла қанша сынақ берсе де, қасқая қарсы тұрып, жеңе білген адамға өз сыйын дайындап қояды екен. Қазір күйеуім мен десе ішкен асын жерге қояды. Төбесіне көтеріп, айтқанымды екі етпейді. Ал біздің арамызды суытып, шаңырағымызды шайқалтқысы келген екі досының бірі қазір арбаға таңылып, үйінде отыр. Екіншісі үйін картаға тігіп жіберіп, далада қалды. Әйелі балаларымен төркініне кетіп қалған. Табалағыным емес, тағдыры солай болған шығар. Бірақ біреуге ор қазып, ерлі-зайыптылардың арасына от тастағанның оңғанын көрмедім...»