«Киімдерімді сұрамай киіп кете береді»
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды
«Қазақта «өзі болған қыз төркінін танымас» деген сөз бар. Төркінді танымай кетуден Құдай сақтасын, өсіп-өнген жерімді ешқашан ұмытпаймын, ата-анама да шексіз ризамын. Десе де соңғы кездері олардың сұраншақтығы жаныма батып жүр», - дейді Мәрия есімді шымкенттік келіншек.
Сөзіне сүйенсек, ата-анасы да, бауырлары да Мәрияға алақан жаюдан арланбайтын көрінеді. Жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне өзі баяндап берді.
«Мен жағдайы жақсы жердің қызы болдым. Әкем әжептеуір қызметте істеді, бізді де, соңынан ілескен бауырларын да өзі өсіріп, жетілдірді. Үйдің үлкені болатын. Қазір де қара шаңырақтың иесі. Жағдайы бар өзінің болашағын ойламаған ғой, інілерін үйлендіріп, тойын жасап, әрқайсысына үй салып жүре берген. Кейін жұмысынан босап қалды да, бар жиған тергенін кәсіпке салды. Үлкен жолдың бойынан екі «заправка» салды. Бастапқыда кәсіптен көп қаржы тауып жүрді. Ол замада үш теңгелік, бір теңгелік қағаз ақшалар болатын. Күндік табысты қапқа салып әкеледі, біз санауға ерінуші едік. Бетіне қарамайтын, бір бумасын бізге ұстата салатын. Яғни біздің бала күніміз еш уайымсыз өтті.
Мен есейіп, мектеп бітіретін жылы әкем «банкрот» болды. Жанар-жағар май бекетінің кассасына қойған танысы бензинді ұрлаған-ау, жерге көмілген цистерна тесік екен, ағып кетті деді. Көп ұзамай өртеніп кетті. Қысқасы, тапқан-таянған дүниеден осылайша айырылып қала берді. Ол уақыт қазақ халқы үшін өте қиын кезең еді. Елдің бәрі ақшадан қысылып, мұғалімдер жалақыларын жылдап ала алмаған шақ қой. Анам айлықсыз, әкем тақырға отырған. Бірден қысылдық та қалдық. Соны ол кісі көтере алмады ма, ішімдікке салына бастады.
Мен мектепті жақсы бағамен бітірдім, өз күшіммен қалаға оқуға түстім. Оқып жүріп, кешкісін дүкенде сатушы болып істедім. Солай отбасыма, бауырларыма ақша жіберіп тұрдым. Қазір ойлап отырсам, олардың бар жауапкершілігін сол кезде-ақ мойныма іліп алған екенмін ғой.
Университетті бітірер жылы мені күйеуім алып қашты. Жердің түбіне, желді, құмды ауылға келін болып түстім. Барған жерімнің де жетісіп тұрғаны шамалы екен. Айналасын жыңғылмен қоршап қойған, кіп-кішкентай үйде он екі бала тұрады. Үлкен әулеттің ең кенже келіні болып бардым. Күйеуімді алдын бір-екі мәрте көргенім болмаса, жыға танымаймын да. Сонда да тәуекелге бел будым.
Мен студент болған соң ата-енеміз көп бөгемеді, бір айдан кейін еншімізді берді де, қалаға аттандырды. Дайын тұрған үй жоқ, қайынәпкеміздің үйіне келіп тұрдық. Біраз уақыттан соң пәтер жалдап, бөлек шықтық.
Обалы не керек, күйеуім іскер адам болып шықты. Оқымаса да саудаға ебі бар екен. Ауылдас ағаларымен бірлесіп базардан орын алып, сауда жасай бастады. Кәсібі жылдан жылға өркендей түсті. Ақшамызды тірнектеп жинап, екі бөлмелі пәтер алдық. Бір жылдан соң қала шетінен жер алдық. Балаларымыздың басы көбейгенше қала шетіндегі жерімізге су, жарық, газ жетіп, сол жаққа үй салдық. Кейін оны саттық та, қазіргі заманға сай, ішінде бар жағдайы жасалған зәулім коттедж салып алдық. Аллаға шүкір, қазір жағдайымыз өте жақсы. Мен үйде, бала тәрбиесімен отырмын. Жолдасым сол баяғы саудасында.
Тек қынжылатын бір нәрсе бар, ол - төркінімнің, бауырларымның сұраншақтығы. Жаңа айтып өткенімдей, әкем сол күйі арағын қойған жоқ. Ішпесе тұра алмайды. Бірақ ешкімге зияны жоқ, оған әбден етіміз де үйреніп кетті. Тек біздің үйге қыдырып келген сайын анам мен әкем «мынау кілемің сәл ескіріп қалған сияқты ғой, жаңасын алсаңдаршы, ал мынаны бізге бере салыңдар, ауылға бола береді» дегендей әрдеңемізді алғысы келіп тұрады. Сол үшін күйеуімнен қатты ұяламын.
Барған сайын үйге деп бірдеңе ала барамын. Қайбір жылы ғана жолдасым екеуміз үйін күрделі жөндеуден өткізіп бердік. Перделерін жаңарттық, екеуі жерде жатпасын деп жатын бөлмесін түгелімен жасақтап, қымбат жиһаз әпердім. Қазір ештеңеден кенде емес. Бәрі бар. Сонда да біреуден бірдеңе алғысы келіп тұрады. Анам сөмкемді ұната салады, сырт киіміме қызыға салады. Сұрамайды да, алады да, киіп кете береді.
Дұрыс, анамнан ештеңені аямаймын, тек менің өзіме деп сатып алған затты анамның киіп жүргенін күйеуім көрсе не болады деп қатты қысыламын. Анамның бұл қылығын көрген келіндерім де ұятты ұмытты. «Әпше, анау қыздарыңыздың киімдері бар ма, маған мына көйлегіңізді бере тұрыңызшы» деп ұялмай-қызармай сұрап, алып кете береді.
Бір күні кіші інім «Қарызға жүз мың теңге бере тұршы» деп хабарласты. «Менде ондай ақша жоқ, жездең кеше ғана бар ақшасын тауарға салып жіберген, шамалы күтсең, сұрап алып берейін» дедім. Інім өкпелеп, өзіме қарсы сөйлеп тастады. «Бауырым деп бір сұрап қалып едім, болмайтын ақшаны жездеме айтпай-ақ тауып берсең болады ғой. Бар болғандарыңды қайтейін, керек кезде көмектеспейсіңдер!» деп тұтқаны қоя салды.
Осы үшін кіші інім менімен әлі күнге дейін сөйлеспей жүр. Бар болса аянып қалмайтын адаммын. Тек «қазір ақшам жоқ» дегенді түсіне алмаған ініме іштей ренжулімін. Менің де өз отбасым, өзіме сай шығыным мен проблемам болатынын төркініме түсіндіре алмай-ақ қойдым. Мынадай жағдайда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?»
Осылай деп ағынан жарылған Мәрия сайт оқырмандарынан «төркінімнің сұраншақтығынан қалай құтылсам болады?» деп өздеріңізден ақыл-кеңес сұрайды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Үйленуге қорқамын»: шымкенттік жігіт бірнеше рет әрекет етсе де шаңырақ көтере алмай жүр
«Екеуі де бала сүйе алмай жүр»: тараздық азамат екі бірдей перзентін ұрпақсыз қала ма деп уайымдайды