«Екеуі де бала сүйе алмай жүр»: тараздық азамат екі бірдей перзентін ұрпақсыз қала ма деп уайымдайды

0
4 368

«Немерем болса бәрін де ұмытар ем»


«Екеуі де бала сүйе алмай жүр»: тараздық азамат екі бірдей перзентін ұрпақсыз қала ма деп уайымдайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Бұл дүние ұрпақпен мәнді, солармен сәнді. Балалы үйде береке бар. Ізіді жалғар ұрпақ көбейсе, ұл-қыз өз теңін тауып, бақытты ғұмыр кешсе, ата-ана үшін одан асқан қуаныш жоқ. Бірақ кейде бәрі біз ойлағандай бола бермейді...


ERNUR.KZ редакциясына Тараз қаласынан хабарласқан Әбдіманап есімді азамат орта жастан асқанда балалары үшін алаңдайтынын айтады. Сөзіне сүйенсек, екі перзенті де балалы бола алмай жүр екен.


«Құдайға күпірлік еткендей болмайын, маған тағдыр тамаша әйел сыйлады. Жолдасым екеуміз бір ауылда өскенбіз. Бала күнімізден бір-бірімізді білеміз. Сүйіп қосылдық. Қалада үлкен үйіміз болды, бір ұл, екі қызды тәрбиелеп, өсірдік. Ол мектепте мұғалім болды, мен заңгермін. Біреуден кейін, біреуден ілгері күн кештік.


Үлкен ұлымыз үйленемін дегенде жұбайым қатты қуанды. Екеуміз ары-бері шапқылап, тойды дүркіретіп өткізіп тастадық. Келін өте жақсы адам болып шықты. Қазақтың қарапайым, салт-дәстүрді ұстанатын қызы екен. «Ата-апалап», қызметімізді шын ықыласымен істейді. Әулеттің үлкен апалары да біздің келінді жүрген жерінде мақтап, үлгі етіп отырады. Тек балам екеуінің үйленгеніне алты жылдан асты, бір перзентке зар болып жүр.


Екінші қызым да келін түскен соң көп ұзамай тұрмысқа шықты. Өзімен бірге істейтін жігіт екен, құдалар да өзімізбен шамалас, ақкөңіл кісілер. Туысқандай араласып кеттік. Тек олар да балалы бола алмай жүр. Бармаған жерлері жоқ, құдағи әбден қаратты. Бірақ нәтиже жоқ.


Осыдан екі жыл алдын жұбайым төртеуін алып, Ташкентке жол тартты. «Мықты репродуктолог профессор бар екен. Нақты диагнозды сол қояды екен» деді. Обалы не керек, әлгі дәрігер төртеуін әбден тексеріп, талдама жасатыпты. Сосын «Қызыңда кінә жоқ, күйеу балаңның ұрығы қабілетсіз болып тұр. Проценті төмен, балалы болуы екіталай. Ал балаңда мүмкіндік бар, келін сап-сау, тек ұлыңыз жас кезінде сары аурумен ауырған екен, бәрі соның кесірінен» депті.


Содан бері әйелімнің мазасы кетті. «Қызымыз ажырасуы керек, жас өмірін қор қылмасын» деп күні-түні айта берді. Соның кесірінен бір күні қан қысымы көтеріліп, миына қаан құйылды да, тіл тартпай кете барды. Уайым жеп қойды-ау деймін.


Орта жаста әйелден айырылған ер-азаматқа өте қиын тиеді екен. Той істегенде үйді банкке тігіп, несие алғанбыз. Соның кредиті бар, балалардың уайымы бар, бір өзім мүжіліп кеттім...


Екі жылда маған жиырма жылға татитындай уайым болды. Балам мен келінім өзара келісіп, ажырасып кетті. Келінді төркіні көп жүргізбеді, басқа біреумен қосты. Қазір бір баласы бар деп естідім. Ол үшін шын қуандым. Тек балам өзінің белсіздігіне қапаланатындай, жиі ішімдік ішіп жүр. Екі баласы бар бір келіншекпен кездеседі екен. Оны кіші балам айтып қалды.


Ал қызым күйеуін қимайды. Араларында талай мәрте ұрыс-керіс болды. Күйеу балам «Мен белсіз емеспін, оны саған дәлелдеймін» деп басқа біреулермен жүріп кеткен. Оны білген қызым үйге қайтып келді. Біраз уақыттан соң екеуі татуласып, қайта қосылды. Ырың-жырыңы көп.


Кіші балам да сүрбойдақ болып қалды. Әйелім көзі тірісінде «Үйленші» деп жалынатын. Шешесі кеткен соң мінезі мүлдем өзгеріп кетті. «Аяққа нық тұрып, үйлі, көлікті болмайынша үйленбеймін» деп жүр.


Достарым «Өзің үйлен, сосын бәрі жақсы болады» деп ақыл айтады. Бірақ әйелімді ұмыта алмаймын. Бөтен біреуде үйге әкелсем, балаларым да дұрыс түсінбей, арамыз одан бетер суып кете ме деп қорқамын».


Әбдіманап мырза «бір немерем болса, мына бес күн дүниеде алданышым болар еді» деп армандайды.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Бөлеме деген сезімім әлі сөнбепті»: күйеуінің зәбіріне шыдамаған алматылық келіншек шындығын жайып салды


«Пәтерімді ұтысқа тігіп жіберді»: шымкенттік әйел баласының кесірінен далада қалған