​«Туған әкемнен бас тарттым»: шымкенттік бойжеткен өгей әкесінен көрген жақсылығын айтып берді

0
6 196

«Оның маған өгей екенін білмес едім...»


​«Туған әкемнен бас тарттым»: шымкенттік бойжеткен өгей әкесінен көрген жақсылығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тумаса да туғаныңдай боп кеткен жақсы адамдар көп қой өмірде. Өзіңе деген риясыз пейілін, ықыласын көргенде кейде олардың бөтен адам екенін ұмытып та кететін жағдайлар боп тұрады. «Адамның мейірімі – екі көзінде» деген рас. Өміріңде көрмеген, осы уаққа дейін бар-жоғын білмей келген адамнан мейірім күту әбестік екен», - дейді Аружан есімді бойжеткен.


Университеттің үшінші курсында оқитын оқырманымыз өгей әкесі жайлы сыр шертуді ұйғарыпты. Кішкентайынан көрген-білгенін \ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Отбасымызда екі қыз, екі ұлмыз. Мен үлкенімін. Өзімнен кейінгі інім екеуміздің арамыз жеті жас. «Жұмыс істеп, кештеу босанғам» деп мамам мен сұраған сайын қалтарыс-бұлтарысы көп өмірінің онша-мұнша жерлерінің тігісін жатқызып жіберетін. Папам да «Жақсы емес пе, қайта сен армансыз жеті жыл еркеледің» деп дауыстап күліп алатын.


Папам теміржол қызметкері, қарапайым жұмысшы. Ал анам мектепте мұғалім, еңбек пәнінен сабақ береді. Қарапайым, қоңырқай тіршілік кештік. Бірақ біздің балалық шағымыздың бақытты болып өтуіне папамның қосқан үлесі зор болды. Ол жағын кейінірек айтып берермін.


Мен мектепті бітіріп, бірінші курсқа түскен жылы папам мен мама отырғызып қойып бір әңгіменің шетін шығарды. «Қызым, саған бір шындықты айтуға тура келіп тұр» деп папам бір жөткірініп алып әңгімені бастады. «Саған мұны ешқашан айтпаймыз, білмей-ақ қойсын деп ойлап едік. Бірақ сені іздеп, біздің мазамызды алып жатқан адам бар» деп мамам әңгімені іліп алып кетті.


«Қалаға барасың, күндердің күнінде біреу саған менің саған өгей әке екенімді айтса, аң-таң болып жүрме. Мына мамаң екеуміз сен бір жасар бөбек кезіңде танысып, үйленуге бел буғанбыз. Содан бері сені жанымнан артық жақсы көріп, өсірдім. Бірақ енді сені өз әкең іздеп келіп жүр екен. Араласамын, танысамын десең, онда өз еркің, саған ешқайсымыз «қой» дей алмаймыз» деп папам айтар сөзін аяқтап, сыртқа шығып кетті.


Мамамның әңгімесінен түсінгенім, туған әкем мамаммен студенттік жылдарында танысып, кездескен екен. Бірақ аяғы ауырлап қалғанын естігенде қашып, уақытша нағашыларының ауылына қашып кеткен көрінеді. Ел-жұртқа масқара боп, нағашы атам мен әжем «ауылға келме, өсекке қаламыз» деп мамамды алыс аудандағы туыстарының үйіне жіберіпті. Сонда жүріп қазіргі әкеммен танысып, екеуі бас қосқан. «Папаң қазір бақуат тұратын көрінеді, өткенде мені интернет арқылы тауып, хат жазып, кездесуге келді. «Жас болдым, жаңылдым» деп кешірім сұрап, сенімен кездескісі келетінін айтты. Арғы жағын өзің шеш, сенің нөміріңді берем, өзі қалаға барғаныңда хабарласады, кездесіп көр, бөтен адам емес қой» деді.


Дүйсенбі күні ауылдан арқаланып қалаға, жатақханама келдім. Түске таяу туған әкем хабарласты. «Кездесейік, танысайық, сабақтан қай уақытта шығасың, мен алып кетейін» деді. Сөйтіп біз бір мейрамханада кездестік. Шынымды айтайын ба, өмірімде көрмеген, мүлдем бөтен адаммен ас ішкендей, жаман ыңғайсыздандым. Өмірімде көрмеген, мен жемеген тамақтың түр-түріне тапсырыс берген екен. Ас батпады. Айтатын ортақ әңгіме жоқ. Тек оны тыңдадым. Жас кезінде бір қызға үйленген екен, дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетіпті. Одан кейін алған әйелі қайтыс болған. Қазір үшіншісімен тұрады екен. Ортақ балалары жоқ, үшінші әйелінен еріп келген бір ұл, бір қызды бағып отырған көрінеді. Сол үшін өзінен туған мені іздеуге шыққан-ау. «Жатақханада тұрып қайтесің, менің үйіме жүр, бөлме көп, жер жетеді» деп мақтанды. «Көремін» деп қоштасып, бөлмеме келдім.


Түнімен дөңбекшіп, ұйықтай алмай, ойланып шықтым. Басыма түрлі ойлар келді: неге осының бәрі менің өмірімде болып жатыр, бәрі жақсы еді ғой деп қатты жыладым. Сосын екі әкемнің түрін, сөйлеген сөздерін салыстыра бастадым.


Өгей әкем мені мектепке иығына отырғызып, «самолет болып барасың, ұшамыз» деп жүгіріп апаратын. Бақшада «Алтын күз» байқауы болғанда түнімен отырып, мағкан қолөнер бұйымдарын жасап беруші еді. Қазір ойлап отырсам, өзі жұмыстан шаршап, қара жұмыс істеп, әлсіреп келсе де мен үшін көз майын тауысқан екен ғой. «Мамаң көрмей тұрғанда жеп ал» деп жұмысынан тығып балмұздақ әкеліп, қақпаның сыртында асығыс-үсігіс, екеуміз кезек-кезек жеген күндеріміз есіме түсті.

Бір жолы қатты ауырдым, ыстығым шығып, үш түн қатарынан сандырақтап, тамағым іріңдеп кеткен еді. «Сенің азанда сабағың бар ғой, жатып демала бер» деп мамамды ұйықтатып, басымда түнімен күзеткен кездерін қалай ұмытам? Дәрі беріп, тамағымды шайдырып, терлесем киімімді ауыстырып, дүкеннен тұшпара әкеп, оны сорпалап берген адамды өгей деуге келе ме?


Ол туған күнімде маған міндетті түрде бір дана раушан гүлмен және әдемі көйлекпен құттықтайтын. Әлі де сондай, «Папа, мен өсіп кеттім, көйлек керек емес» десем де қоймайды. «Қыз баласына көйлек қай жаста да жарасымды» деп енді өзімді ертіп апарып, қалағанымды әпереді. Ал бір дана раушан гүлі қазір үлкен букетке ауысқан...


Осылардың бәрі киноның лентасындай көз алдымнан тізбектеліп, өгей болса да мені өсірген папамнан артық адам жоқ екенін түсіндім. Сөйтіп ертеңіне сабақтан сұранып, ауылға тартып кеттім. Қолымда папам жақсы көретін үлкен торт бар, үйге кіріп келгенде бауырларым да, бәрі аң-таң болды. «Бірдеңе боп қалды ма, ауырып қалдың ба» деп алдымнан алып денесімен арсалаңдап шыққан папамды бұл жолы ерекше мейіріммен сүйіп алдым. Сөйтіп құлағына «Папа, маған сізден артық әке жоқ. Ешкім керек емес» соны айтуға келдім» деп сыбырлап едім, көзінен жас ыршып түсті. Оны екеумізден басқа ешкім көрмеді.


Қалаға келіп, «мен сіздің үйіңізде тұра алмайды екем, әкем екеніңізді білсем болды, басқа ештеңе керек емес» деп туған әкеме хабарласып едім, «оның не, қызымсың ғой, араласайық» деп айтпады. Қызметтен «отказ» алғандай, «жарайды онда» деп тұтқаны қоя салды. Баққан әкемді тапқан әкеме байлығына қызығып айырбастап жібермегеніме сол кезде шын қуандым...»