​«Үйленем деген үш жігітке де бермеді»: тараздық бойжеткен жалғыз қалуына анасы мен бауырын кінәлап отыр

0
2 428

"Қарындасымды бұл үйде бір минут та қалдырмаймын. Кезінде біздің де жалынғанымызға қарамай, қыздарыңды алып кетіп едіңдер. Енді сендер де елдің алдында масқара боласыңдар» деп мені үйден сүйреп шығарды"


​«Үйленем деген үш жігітке де бермеді»: тараздық бойжеткен жалғыз қалуына анасы мен бауырын кінәлап отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жасым отыз екіге келді. Осы уақытқа дейін үлкендердің айтқанынан шыға алмай, өз өмірімді құрай алмағаныма қатты өкінемін. Кезінде маған жанашырлық танытқандай болған адамдардың қазір менімен шаруасы да жоқ», - дейді Анар есімді қыз.


Бес жігіттің бетін қайтарған бойжеткен енді жалғыз қалудан қорқатынын айтады. Тұрмысқа шықпай, кәрі қыз атануына анасы мен бауырларын кінәлап отыр. Өміріндегі осы бір оқиғаны Анар ERNUR.KZ тілшісіне айтап берген еді.


«Кәрі қыз» деген атты есту мен үшін өте ауыр. Себебі мен мұндай күйге өз еркіммен түскен жоқпын. Менің тағдырымды Алла емес, анам мен бауырларым шешіп тастай салды.


Мектеп бітірер жылы өзімнің бір сынып жоғары оқитын жігіт көңілін білдірді. Екеуміз бала махаббатың буына мас болып, болашаққа керемет жоспар құрып жүруші едік. Екеуміздің арамызға анам түсті. «Алматыға барып оқимын деп отырсың. Алдымен дұрыстап білім ал. Жігіт деген табылады, Дарханыңды он орап кететін күйеуге тиесің әлі» деп құлағыма құя берді. Бірте-бірте жігітіме деген сезімім суып, ақыры екеуміз айырылысып тындық.


Мектепті аяқтаған соң Алматыға оқуға кеттім. Бар ынтамды оқу-жазуға бөліп жүргенде Қайнар деген бір жігітпен сөзіміз жарасты. Ол оқуын енді бітіріп, жұмысқа тұрған жас маман екен. Мені құлай сүйіп қалды. Аузымнан шыққан әр сөзім Қайнар үшін заң еді. «Үйленейікші, әке-шешеңнің алдынан өтейін, өзімнің ата-анаммен таныстырайын» деп алты ай бойы артымнан жүгірді. Мен де оны ұнататынмын. Қайнармен бас қоссам бақытты болатыныма сенімді едім.


Үшінші курсты бітірген жазда Таразға барып, анама Қайнар туралы айттым. «Мен ол жігітті сүйемін, үйленсек деп отырмыз» деп әңгімемді аяқтағаным сол еді, анам шоршып түсті.

«Айналайын, жап-жас болып басыңды байлатып қойғың келе ме? Өзің әлі студентсің, күйеуге тисең балалы боласың да, қазан-ошақтың басында қалып кетесің. Мен сенің Алматыға келін болғаныңды қаламаймын. Сондай бір қара бала өзіміздің қаладан да табылады» деп отырып алды.


Жыладым, сықтадым, Қайнарсыз өмірімді елестете алмайтынымды айттым, бірақ анамды көндіре алмадым. «Осыдан менің сөзімді жерге тастап, сол баламен кететін болсаң, онда мені анам екен деп іздеуші болма» деп соңғы сөзін айтты.


Сол кезде мен өзімді екі оттың ортасында қалғадай сезіндім. Таразының бір жағында анам, екінші жағында сүйіктім тұр. Екі ай бір шешімге келе алмай, әбден күйзелдім. Ақырында анамның айтқанын тыңдауды ұйғардым.

«Анам маған жамандық тілемес, көпті көрген адам ғой. Қайнардан да жақсы жігіт жолығатын шығар» деген ой болды. Содан сүйіктім екеуміз екіге айырылдық. Төрт айдан соң оның басқа бір қызға үйленіп кеткенін білдім.


Оқуды бітіріп, туған қалама келдім. Өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, күнделікті күйбең тірлік басталып кетті. Жұмыста өзіммен қатар үш қыз бар. Кешке қарай жиі кафе-мейрамханаларға барып, көңіл көтеріп тұрушы едік. Сондай басқосулардың бірінде Олжас деген жігітпен таныстым. Ол өте сымбатты, сөзшең жігіт еді. Күн сайын жұмысыма гүлмен келіп, әдемі сөздерін арнап, ақыры мені өзіне қаратып алды. Анасы, әпкесі, үшеуі ғана тұрады екен. Әкесі он жыл бұрын қайтыс болған. «Басымда баспанам бар, көлігім бар, енді тек маған сүйікті жар, анама жақсы келін болатын қыз керек еді. Сол қыз өзің болып тұрсың. Маған тұрмысқа шықшы» деп ұсыныс білдірді.


«Осы жолы менің күйеуге тиюіме анам қарсы келмейді деп ойладым. Оқыған, ақыл тоқтатқан, өзіміздің қаланың жігіті ғой. Енді маған не кедергі? Осы оймен алып-ұшып үйге бардым. Бұл жолы анам келісімін берді. «Мейлі, екі рет айтқанымды тыңдап, оқуыңды ойдағыдай аяқтап келдің. Енді сенің де отбасын құрар кезің жетті. Сүйіп тұрса, ақ батамды берейін. Тек ол жігітке айт, сені алып қашып кете салсын. Той жасап жүруге менің денсаулығым көтермейді» деді.


Ойымды Олжасқа айтып едім, ол да келісе кетті. Екі аптадан соң достарымен бірге мені өз шаңырағына келін етіп түсірді. Беташар өтіп, төркін жағымнан туған ағам, бөле әпкем мен ағайын әпкем күйеуімен қуып келді. Қуғыншылар келгенде алдынан билеп күтіп алатын әдеті емес пе, төркінім көліктен түсе сала Олжастың жеңгелері, әпкелері алдарынан билеп шығыпты. Ағамның көзі бірден Оластың әпкесіне түскен. Мен оны беташардан кейін аңғармаппын, Олжастың туған әпкесі Ләйлә осыдан бес жыл бұрын біздің шаңыраққа келін болып түсіп, төрт сағаттан кейін кетіп қалған. Ағайын ағасы келіп, қарындасым бұл үйде қала алмайды, бұл қара шаңырақта қалатын қыз емес, ғылым қуып, университетте сабақ беруі керек» деп біздің жалынғанымызға да қарамаған. Ағам оны екі-үш мәрте көріп, құлай сүйіп қалған соң ай-шайға қарамай алып келген екен. Сонда Ләйлә «сені соттатып жібермегеніме қуан» деп алды-артына қарамай кеткен.


Ағам сүйген қызын көрген соң өзінің үйленген кезі есіне түсіп кетті де, бірден шу шығарып, «Қарындасымды бұл үйде бір минут та қалдырмаймын. Кезінде біздің де жалынғанымызға қарамай, қыздарыңды алып кетіп едіңдер. Енді сендер де елдің алдында масқара боласыңдар» деп мені үйден сүйреп шығарды. «Аға, өлсем де кетпеймін» деп жылап едім, қараған да жоқ. Мал сияқты көтеріп алды да, машинаға күштеп салып жіберді. Осы жағдайдан кейін Олжас хабарсыз кетті. Мен онымен байланыса алмай қалдым, нөмірін ауыстырып жіберген сияқты.


Ағамның бұл тірлігін анам да қолдады. «Құдай біздің көз жасымызды көріп, сонша жігіттің ішінен сол баланы кездестіргенін қарасайшы. Өздеріне сауап болыпты» деп риза болды. Менің сезіміме, ішкі күйзелісіме, ой-пікіріме олар пысқырған да жоқ.


Содан бері, міне алты жыл өтті. Жападан жалғызбын. Былтыр мамам ковидпен ауырып, өмірден өтті. Екі ағамның өз отбасы бар, менімен шаруалары жоқ. Күйеуге тием бе, тимеймін бе, сұраған да, қызыққан да емес.


Менімен жасты жігіттердің көбі үйленіп, отбасылы боп кеткен. Араласып тұратын құрбылар да балалы болып, милары ашып жүр. Өзімді жапан далада жалғыз қалғандай сезініп жүрмін. Кезінде анамды тыңдап, өз қалауымнан бас тартқаныма әлі өкінемін».