«Сіңлімді құшақтап, кіндігін уқалады»: ақтаулық әйел ерекше әдіспен емдейтін емші жайлы айтып берді

0
4 617

«Қайынәпкесі інісі мен келінін ажырастыра жаздады»


«Сіңлімді құшақтап, кіндігін уқалады»: ақтаулық әйел ерекше әдіспен емдейтін емші жайлы айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазір ауру да, оны емдеудің тәсілдері де көбейіп кетті. Олардың қайсысы шын емші, қайсысы алаяқ екенін ажырату да мүмкін емес. Таяуда туған сіңлім осындай бір емшіге көрінемін деп, отбасынан айырыла жаздады», - дейді Маржан есімді ақтаулық әйел.


Маржанның сіңлісі бірнеше жылдан бері перзент сүйе алмай, талай жерге табан тоздырған екен. Бірақ нәтиже болмапты. Ақырында ерекше әдіспен емдейтін емшінің алдына барған. Осы оқиғаны Маржанның өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Сіңлім мен күйеу баламның бір ұлы бар. Онысы бесінші сыныпта оқып жатыр. Тұңғыштарынан кейін сәби сүйе алмай қалды. Күйеу балам базарда сауда істейтін. Сіңлім баласы бір жасқа толғанда «Екеулеп үй алайық» деп жанына сауда істеуге шықты. Сол кезде «спираль» салғызып алған екен. Аяқтан тұрғанша балалы болғысы келмеген шығар, сірә.


Содан не керек, үш жылда екі бөлмелі пәтер алды. Ішін қанттай қылып бітіріп алды, дүниеге толтырды. Ұлдарына сүндет той істеді. Сол тойда бәріміз «Балаңа серік болар бауырлары келе берсін, бастарың көбейсін» деп тілек айттық. Бірақ сіңлім мен күйеу балам қанша әрекеттенсе де нәтиже болмады.


Әйелдердің басы қосылған жерде неше түрлі әңгіменің ағытылатыны белгілі емес пе? Бір күні жолдас келіншектерден қалада бала көтере алмай жүрген, күйеуге шыға алмай жүрген қыздардың жолын ашатын емші шыққанын естідім. Дереу телефонын, мекен-жайын жазып алып, сіңліме ұстаттым. «Мына кісіні бәрі мақтап жатыр, барып көр, шын ниетпен бар» деп ескерттім. «Апатай, бірге барайықшы» деп қиылып еді, жұмыстан жібермейтінін айттым.


Сонымен, не керек, сіңлім өзімен бірге құрбысын ертіп барыпты. Жұмыс күні болса да кісі қарасы көп болған көрінеді. Сіңлім кезек күтіп тұрғандардан сұрастырған екен, бәрі «керемет емші, қолының биотогы бар» деп мақтапты. Сіңлімнің сенімі одан сайын күшейіп, емшінің алдына түс қайта әрең кірген ғой.

Емші тамырын ұстап отырып «Бүйрегің де мазалайды. Қатты суықтапсың, балалы бола алмай жүруіңнің себебі де осыдан болып тұр. Басың да ауырады екен, оның себебі мойын, бел омыртқаңның арасына нерв тамырлары қысылып қалған. Соған биоток жіберу керек. Жеті күн келесің, бірақ, ем жүріп жатқан кезде күйеуіңмен жақындасуға, дәрі-дәрмек ішуге болмайды» деп ескертіпті. Сіңлім әлгі емшіге имандай сенген ғой, расында да бүйрегі мен басы ауыратын. Бірақ қазір ол екінің бірін мазалайды ғой.


Сіңлім емнің бірінші күнінде «Емшінің тірлігі тіпті қызық екен, өзі еңгезердей, шикіл сары кісі екен. Ырсылдап жаныма еңбектен келді де, «жейдеңді шешіп, ары қарап отыр» деп бұйырды. Содан екі қолымен менің бүкіл денемді сипап шықты. Бір кезде мені өзіне қаратып алды да, қапсыра құшақтап, екі бүйрегіме қолын қойып біраз отырды. Он минуттай құшақтасып отырдық. Соңынан шалқамнан жатқызып қойды да, кіндігімнің тұсын, қуығымды бір маймен майлап шықты. Тірлігі маған қызық әрі күлкілі көрінді. Бөтен еркектің бірінші рет қолы тиіп тұр, біртүрлі сезімді бастан өткердім» деп күліп еді.


Аңқау бауырым аузы ашылып жүріп маған айтқан әңгімесінің бәрін қайын әпкесіне де жеткізіпті. Онысы адуын мінезді, өсек-аяңға жақындау адам еді. Дереу келінінен естіген әңгімесін күйеуіне, бүкіл қайын жұртына жайыпты.


Осы оқиғадан кейін күйеу балам сіңлімді сілкілеп, «Менен бала көтере алмаған соң сырттан еркек іздей бастадың ба? Денеңді сипатып, аймалатып бала тапқың келді ме? Маған сен де, сенен туған бала да керек емес» деп кәдімгідей шу шығарыпты. Жағдай ушығып бара жатқан соң өзім араластым. «Ол емшіні мен тауып бердім, екі-ақ рет барды. Тек сенің әйеліңді ғана емес, басқаларды да солай емдейді екен» деп жүріп ашуын әрең бастым.


Сол оқиғадан кейін сіңлім де емші, тәуіп дегендерден аулақ жүретін болды. Бірақ әлі балалы болған жоқ. Кім біледі, бәлкім әлгі емшіге жеті күн қаралғанда бәрі басқаша болар ма еді. Өз ойым ғой. Шын ниеттеніп, балалы болсам деп жүрген сіңлімнің аппақ ниетін лайлап жіберген құдашама әлі өкпелімін...»