​«Қолының сұғанағы бар келінім ақыры түрмеге қамалды»: шымкенттік кейуана жалғыз келіні үшін ұятқа қалғанын айтады

0
3 381

«Көршінің алтындарын ұрлап, елге масқара етті»


​«Қолының сұғанағы бар келінім ақыры түрмеге қамалды»: шымкенттік кейуана жалғыз келіні үшін ұятқа қалғанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құдай маған алты перзент берді. Бірақ өз қалауымен төртеуін қайтарып алды. Бір ұл, бір қыз өсіруді нәсіп еткен екен. Оған да шүкіршілік еттік. Қазір қызым тұрмыста, ұл да үйленген. Бірақ алған жары адал болып шықпады», - дейді Зәкира есімді шымкенттік кейуана.


Айтуынша, жалғыз келіні ауыл-аймаққа ұрлығымен танымал болған екен. Осы уаққа дейін білмегенсіп жүрген отбасы, енді «елге қарар бетіміз жоқ» деп күйініп отыр. Зәкира апа келінінің ұрлығы туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Төрт балам шетінеп кеткен соң, «шалымның ізбасары ғой» деп баламды ерекше жақсы көрдім. Үйдегі енем үшін де немересінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс еді. Аузына ақ майын тосып өсірді.


Ауыл-аймаққа келін түсе қалса енем елден бұрын барып алатын. Үйге келген соң «Пәленшенің келіні жұмыртқадай аппақ екен, менің де немерем көздері ботадай, мінезі жібектей келіншек әкеледі» деп армандап отыратын. Бірақ Құдай енемнің тілегін қабыл алмапты. «Мен Жолдастың жиен немересіне үйленемін» дегенде үй ішімізбен қарсы болдық. Әсіресе енем шоршып түсті. «Тұқымың өскір-ау, Жолдастан басқа жан жоқ па? Ол дегенің елге аты жайылған ұры емес пе? Талайдың малын тонап, көз жасына қалған. Жиен болса да немересі ғой, қанына тартпайды деймісің? Мен онымен құда боп бір дастархан басында отырмаймын» деп табандап тұрып алды. «Апа-ау, ғашық болып қалған ғой, батаңызды беріңіз. Екі жасты ажыратпайық» деп арасына түсіп жүріп, баламның таңдағанын әпердік. Бірақ көпті көрген кісінің айтқаны айдай келді. Оны сол кезде білсемші...


Келін көрші ауылдан. Шомбалдай қара қыз екен. Бір көргеннен ұнай қойған жоқ. Десе де баламның таңдауына қарсы келмедім. «Бәлкім мінезі жақсы шығар» деп ойлағам. Сөйтсем келінімнің Құдай сүйер қылығы болмай шықты.


«Келіндеріңіз студент, университетте сырттай оқиды, биыл үшінші курсты бітіреді. Соның оқуына ақша керек екен» деп балам қипақтаған соң, қолына екі жүз мың теңге салып бердік. Келесі жылы «сессиям басталды» деп тағы ақша сұрады. Тапқанымызды алақанына салып тұрдық. Сөйтсек келініміз біздің үйге келмей тұрып-ақ оқудан шығып кеткен екен. Қызым қалаға қыдырып бара жатқан. «Мына ақша жаратылып кетпесін, қыста сессиясы басталса тағы сұрайды ғой. Бар кезде құйып келе ғой» деп әжептеуір ақша бергем. Апарып, оқу ақысына төлейін десе, «мұндай студент бізде жоқ» деп айтыпты.


Мұны естіген енемнің есі шықты. «Айттым сендерге, қайдағы бір ұры-қарының қызын алып, көрінгенге жем болдыңдар» деп келінге естірте сөйлегені сол еді, келін ішіп отырған кесесін дуалға лақтырып жіберді. Дәл сол жерде енем отырған. Абырой болғанда тимеді. «Мен ұры емеспін!» деп жан даусы шыға айқайлады.


«Ақшасы да, басқасы да құрысыншы, баламмен бақытты болса, болды» деп ешкімге айтпадық. Бірақ келінімнің «концерті» мұнымен бітпеді. Үйден түрлі заттар, ақша жоғалатын болды. Тіпті кеше сойған қойдың етін ертесіне таппай қалатын болдық. Бір қолы, біраз қабырғасы жоқ боп кетеді. Төркініне асырып жібергенін ішім сезеді. Бірақ үндемеймін.


Келінім енді түскен кез ғой, қалада тұратын қайынсіңлім «есік көрсін»деп тамаққа шақырды. Түнделетіп қайтып кеткенбіз. Таң атпай бикеш хабарласып тұр. «Шуба алам деп жинап жүрген екі жүз мың теңгем бар еді. Таппай отырмын» деп жыларман боп тұр. Ол кезде келіннен көру жоқ қой, көрмедік, білмедік деп құтылдық.


Сөйтсем жалғыз келінімнің жалмауыздығы бар екен. Бертін келе үйге келген қонақтарды да үптейтінді шығарды. Әбден аузы күйген қыздар мен күйеу балдар үйге келгенде сөмкелерін қотығына қысып отыратын болған. дәретханаға барғанның өзінде қолтығына сөмкесін қыстырып баратын Үйде той жиын болса әлбетте бірдеңе жоғалады. Бір жолы Өскеменнен құрбым қыдырып кеп, «сендер жақта сухофруты арзан ғой, ала кетемін» деп отырған. Таңертең «сөмкемнен ақшам жоғалды» деп ойбайлап қалды. Бұл жолы шыдай алмадым, келінді елдің көзінше сұраққа алып едім, «Алланың атымен ант етемін, алмадым» деп қарғанды. «Әгәрәки алған болса, онда сені Құдай тапсын!» дедім де, құрбыма өз ақшама керек-жарағын әпере салдым.


Құдай менің қарғысымды қабыл етті ме, әлде тағдырдың пешенесіне жазғаны сол ма, осы жақында келінім көршінің үйіне ұрлыққа түсіп, алтындарын алып жатқан жерінен қолға түсіп қалыпты. Бүкіл ауылға әңгіме болдық, үй ішімізбен кірерге тесік таппай қалдық.


Осы жолы балама «Мына қатын адам болмайды. Екі балаң өссе іздеп келер, ажырас та, басыңды арашалап ал» деп ақыл айттым. Балам әлі ойланып жүр. Көрші келіншек «арызымды алмаймын» деп көгеріп-сазарып отыр. Ал маған алса да, алмаса да бәрібір сияқты. Келініме келгенде жүрегім тас боп қатып қалған. Оның лас тірлігін жасыра беруден әбден шаршадым...»