​«Ұлды болам деп кетіп еді»: тараздық бойжеткен әкесін ешқашан кешірмейтінін айтты

0
4 121

«Тірі жетім етіп тастап кетті»


​«Ұлды болам деп кетіп еді»: тараздық бойжеткен әкесін ешқашан кешірмейтінін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ерте ме, кеш пе, бәріміз ана дүниеге аттанамыз ғой. Мен сол кезде әкемнен ақымды даулаймын! Ол әкелік міндетін, перзенттерінің алдындағы парызын өтемеді. Тірі жетім етіп тастап кетті, сол күннен бастап жүрегім тас боп қалған. Мейлі, қазір тағдырынан таяқ жеп, жасаған күнәсінің жазасын өтеп жүрген шығар, бірақ арғы дүниеде бәрібір сұралатынын ұмытпасын!»


ERNUR.KZ редакциясына келген хат осылай басталыпты. Оны бізге Тараз қаласының жиырма сегіз жастағы тұрғыны жолдапты. Әкесіне деген өкпе-ренішін тізбектеп жазған екен. Көпшілікке ой салар деген ниетпен жариялауды жөн көрдік.


«Бір әке-шешеден екі қызбыз. Мен үйдің тұңғышымын. Әкеміз бізді тастап кеткенінде мен 12-де, ал сіңлім 10 жаста еді. Әкем ауруханада дәрігер, ал анам мұғалім боп істейтін. Жұрт қатарлы өмір сүрдік.


Есімді білгелі анам көп жылайтын. Бірін көрсетеді, бірін жасырып қалады. Бірақ мен бәрін байқап қоятынмын. Бертін келе әкеміз бізбен бірге дастархан басында отырмайтын болды. «Жұмысқа кеттім» деген сылтаумен апталап үйге келмей қоятын. Ол жұмысқа кеткенде анамыздың көңіл күйі болмай, тамақ ішпей қалатын.


Бір күні үйде үлкен жиналыс болды. Атам мен әжем, әкемнің бауырлары, мамамның әпкесі, ағасы келді. Түсінгенім – әкем басқа бір әйелдің үйінде тұрып жатыр екен. «Ақымақ болма, отбасыңды сақта!» деп ұрысты атам. Нағашыларым да ұрысып, үйдің іші азан-қазан болды. Бірақ әкем «мен енді бұл үйге келмеймін, ол әйел маған ұл туып береді» деп ештеңеге қарамай шығып кетті. Сонда барып үйіміздегі уайым мен мұңның, анамның көз жасының себебін ұқтым. Туыстарымыздың ақыл айтып, араласқанынан еш оң нәтиже шықпады.


Анам әкемнен күдер үзбеді. «Ол келеді, әлі осы істегені үшін өкінеді, миын айналдырып қойды оның...» деп отыратын. Сол оймен бір күні ауруханаға барып, әкемнің екінші әйелімен сөйлеспекші болған. Ол әйел де дәрігер екен. Бірақ әңгімеден түк шықпаған. Есесіне үйге екі көзі қанталап әкем келіп, анамды ұрып-соғып, «Маған да, әйеліме де тыныштық беріңдер!» деп қолына түскен заттың бәрін қиратып, түк болмағандай шығып кетті. Сол кезде анам «Екі қызыңды адам ғұрлы көрмей, ұл деп кеттің бе, ендеше сені Құдай тапсын! Бірің екі болмасын!» деп қарғады. Мен де «Бақытсыз боп өт!» дедім дауыстап. Сіңлім әкемізге жақын еді, «олай айтпаңдаршы» деп жылап қалды.


Бір жылдан соң әкеміз екінші әйелімен Алматыға көшіп кетті. Әйелі ұл туыпты деп естідік. Бір қызығы, әкемнің бүкіл туыстары оны ысырып тастап, бізбен араласты. Әсіресе атам мен әжем апта сайын келіп, жағдайымызды сұрап, керек-жарағымызды әперіп кететін. Анам бар өмірін бізге арнап, жас өмірін өткізді.


Ел арасы болғасын әңгіме жатсын ба, әкеміздің екі ұлы бар деп естідік, жап-жақсы тұрып жатыр екен, тіпті бір аурухананың бас дәрігері боп көтеріліп кетіпті. Сол кезде «Бізге қарамай, орта жолда тастап кетсе де жағдайы жақсы боп жүре бере ме» деп жылап қалғам.


Кейін мен тұрмысқа шықтым, сіңлім оқуға түсті. Бір күні туыс ағамыздың тойына барып, суыт хабар естідік. Әкеміздің үлкен ұлы аварияға түсіп, қайтыс бопты. Мұндайда кеудесінде жүрегі бар адам аяушылық танытады ғой, мен қайта қуандым. «Ұлды болам деп кетіп еді, жетісті десейші...» дедім ішімнен.


Араға екі жыл салып алтыншы сыныпта оқитын баласы қайтыс болды. Туылғаннан денсаулығы нашар, жүрегі ауырған екен. Мұны естігенде анам кәдімгідей уайымдап қалды. «Біздің қарғысымыз қатты тиді ме?» деп сұрады менен. «Құдай бәрін көріп тұр ғой» дедім. Сол кезде анамның көрегендігіне таң қалдым. Өзін жылатып, қаншама азап тартқызған адамға жаны ашып, көзіне жас алды. «Кезінде сол әйелге барып, «отбасылы адамнан аулақ жүрсейші, менен қорықпасаң да қыздардың көз жасына қалма» деп айтып едім» деді анам.


Әлгі жаңалықты естігенімізге екі айдай уақыт өткенде әкем үйге іздеп келіпті. «Күйеу баладан сұранып, үйге келіп кетші» деп мамам хабарласты. Анда-санда ауырып қалатыны бар еді, жаным қалмай жетіп барсам әкем отыр екен. «Әкелерің кешірім сұрауға келіпті» деді. «Төрімізге шығып алып кешірім сұрай ма, шықсын үйден! Біздің әкеміз жоқ, ол баяғыда өліп қалған» дедім мен.


Баяғы еңселі, ұзын бойлы әкеден дым қалмаған. Шөгіп, шашы ағарып, жағы суалып қалыпты. Көзі жасаурап, кемсеңдеген күйі кезінде ақымақ болғанын, ойланбай қадам жасағанын айтып ақталды. Оның бір күні осылай сүмірейіп келетінін ішім сезетін. «Сол күні мен оны құшақтап, кешіре алам ба?» деп өзімше елестетуші едім. Бірақ оның аянышты түрін көргенде ішім бір жылымады. Қатты өкпелеген екем... «Енді бізді іздеп келуші болма! Аулақ жүр!» деп қуып шықтым.


Былтыр әкемнің басына іс түсіп, үш жылға сотталып кетті. Аурухананы басқарып тұрғанда ақша жымқырған деп айыптапты. Рас-өтірігін кім білсін, қазір жазасын өтеп жатыр. Шыққасын далада қалады-ау, екінші әйелі ажырасуға арыз тастап, үйін сатып, Астанаға кетіп қалыпты деп естідім.


Біреуді бақытсыз етіп, екіншісімен ғажап өмір сүріп кетем деу қате. Кезінде сүйем-күйем деп алған әйелің мен бала-шағаңның алдындағы жауапкершілікті сезінбей, сезімнің жетегінде кете берсең, қартайғанда қор боп қаласың. Еркектер есінде сақтасын, айтқым келгені – осы».