​«Үш ұлымның үйіне сыймадым»: қарағандылық ана күйеу баласының қолында жүр

0
8 064

Қайша ана ұлдарының салқындығын, мейірімсіздігін әке тәрбиесін көрмегенмен байланыстырады. Сіз ше, қалай ойлайсыз?


​«Үш ұлымның үйіне сыймадым»: қарағандылық ана күйеу баласының қолында жүр

фото: mowlamhealthcare.com

Ұл бала – шаңырақ иесі. Ертең қартайғанда ата-анаға қарайтын, бағатын сол – ұл бала. Иә, қазақта осындай түсінік қалыптасқан. Сондықтан да қыз балаға қарағанда, ұлдан көп үміт күтеді және оған ерекше көңіл бөледі.

Дегенмен, ұлы бола тұра қызының қолында жүрген ата-аналар да бар екен. Бұл қазақтың менталитетіне жат. Әйтсе де қартайған ата-ана амалсыздан басқа түскенге көндіккенде ұятты да, менталитетті де ұмытады.

Күйеу баласының үйінде жүрген қарағандылық Қайша есімді ана да «Ұяла-ұяла үйреніп кеттім» дейді. Үш ұлы үйіне сыйдырмаған соң қызына кетіп қалыпты.



Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:

«34 жасымда жесір қалдым. Күйеуім өмірден ерте озатынын сезгендей, «Туа бер. Ертең осы балаларың сенің ағайын-туысқаның да, төркінің де болады» деп жиі айтатын еді.

Мен өзім Астраханның қызымын. Әкемді көрген емеспін, мен екі айлық кезде ажырасып кеткен екен. Анам жалғыз өзі мені өсірген. Шешем орысша тәрбие алған, тіпті мүлде қазақша түсінбейтін адам болған. Ол кейін 40 жасында екінші рет тұрмысқа шықты, бірақ бала тумады. Бауырларым жоқ.
Мен жоғары оқуға түсерде Ақмола қаласын таңдағанмын. Ол кезде анам тірі болатын. 56 жасында асқазанында папиллома өсіп, операция жасатқан соң қайтыс боп кеткен.

Күйеуіммен Ақмолада танысып, диплом алған соң үйлендік. Күйеуімнің туған жері – Қарағандыға келіп, сонда жұмыс істедік.
Мен өмірге үш ұл алып келдім. Күйеуім «Әлі көресің, осы үш ұлың қазақтың үш биіндей дана, білімді болады. Үшеуі бізді төбесіне көтеріп жүреді» дейтін. Ол ұлдарының қайсысын қай мамандыққа түсіретінін де алдын ала айтып отырушы еді. Бірақ перзенттерінің қызығын көре алмай кетті.

Қызыма аяғым ауыр кезде күйеуім шахтада қайтыс болды. Үш балам сыртымда, бір балам ішімде, шашымды жұлып жыладым.

Шиеттей балалармен жалғыз қалудың қиындығы көп болды. Балаларымның тамағын тауып беруде қиналған кезде қызымды перзентханада тастап кетпекші де болғанмын. Бас тарттым қызымнан. Алайда арым жібермеді, кері қайттым. Құндақтаулы қызымды қайтарып алдым. Мүмкін мен де осы жалғыз қызымның қолына күнім қарап қалатынын сезген шығармын. Шынында да қызым болмағанда қазіргі күнім не болар еді?!

Күйеуім ата-анадан екеу-ақ. Бір қарындасы бар. Бірақ ол Алматыға тұрмысқа шықты да, сол күйі бізбен араласпады. Ағасы қайтыс болған соң бізді бөтенсінген болар. Әлде, бізді ойлауға шамасы да келмеді ме екен, білмеймін.

Сол аралықта анам қайтыс боп, есеңгіреп қалдым. Күйеуімнің әке-шешесі де ертеректе қайтыс болған. Не керек, мен шын жалғыздықты сезіндім. Сенер, арқа сүйер ешкімім болмады. Әйтеуір күйеуіме жұмысынан берілген бір бөлмелі үй бар еді. Әрине ол да болса жатақхана. Кейін оны өз атыма жаздырып алдым. Кеңейту, ауыстыру ойда болғанмен, артық ақша жинауға жағдай келмеді.

Төрт баланы қатарынан қалдырмай өсіру үшін мен институттағы жұмысымнан бөлек, кешке кафелерде ыдыс жудым. Көрші келіншекпен бірге көпқабатты үйлердің подъездерін жуған күндерім де болды. Сөйтіп жүріп балаларымның бәріне жоғары білім әпердім. Өйткені бұл күйеуімнің арманы еді.

Ол кезде қазіргідей тест деген жоқ. Емтихан тапсырып оқуға түсетін еді. Өзім оқытушы болған соң балаларымның оқу үлгеріме көп уақыт бөлгенмін. Соның нәтижесінде ұлдарым да, қызым да жоғары білім алып, қазір жұмыс істеп жүр.

Ұлдарым үйленді. Тұрақты жұмыстары бар. Екеуі өз маңдай терімен үйлі болды. Тек үшінші ұлға ғана күйеуімнен қалған бір бөлмелі пәтерді бергенмін. Бір бөлмеге сыймадық. Бастапқыда үлкен екі ұлымның үйлерінде жүрдім. Өз үйім болмаған соң, келіндерге сөзім де өтпеді. Анығырақ айтқанда, олар мені жақтыра қоймады.

Кейін қызым босанды да, ол баласын қырқынан шығарып беруге шақырды. Күйеу балам бір бөлмесін босатып, сол бір айдың ішінде тіпті маған жұмсақ диван сатып әперді. Төрт баламды туғанда да диванға жатпағанмын, тіпті менде бөлек өз бөлмем де болмаған ғой. Көзіме жас келді.

Апалап жағдайымды жасап, «Осында тұра берсеңізші» деді. Үш ұлымның біреуі де бұл сөзді айтпаған. ІШтей жылап тұрдым, бірақ сыртқа білдірмедім. Қызым да «Мама, мен алты айдан соң жұмысқа шығам. Балаларымызға қарап беріңізші» деген.

Содан бері алты жыл уақыт өтіпті. Күйеу балам мен қызымның үйіндемін. Ұлдарыммен телефон арқылы хабарласып, анда-санда қыдырып барып қайтам. Шынымды айтсам, үш күннен артық олардың үйінде жата алмаймын, бөтен екенімді ұғамын, ұқтырады. Ал күйеу баламның үйінде еркінмін, олар қас-қабағын түймейді. Кезінде перзентханаға тастап кетпекші болған қызымнан рақат көрем деп ойламаған едім...»


Қайша ана ұлдарының салқындығын, мейірімсіздігін әке тәрбиесін көрмегенмен байланыстырады. Сіз ше, қалай ойлайсыз?



Тағы да оқыңыз:


«Күйеуім бала-шағасына ақша қимайды»: түркістандық келіншек ренішін айтты


«Бай күйеуіммен төркініме барудан қысыламын»: алматылық әйел қиындықтарын айтты