«Қорқынышпен өмір сүру бақыт емес» дейді ол. Келісесіз бе?
Дана ата-бабамыз «Тең-теңімен, тезек қабымен» деп қалай дөп айтқан десеңізші. Сонда да қай қыз болса да бай-бақуатты жігітке жар болуды армандайды.
«Материалдық жағдайдың тең болмауынан қыздың өзі қиналатынын олар біле бермейді. Бұны басқа түскенде ғана ұғады» дейді алматылық Рапия есімді әйел.
Ол тұрмысқа шығуды жоспарлап жүрген қыздарға ой салатын, сабақ болатын өз оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:
«Мен ауылдың қызымын. Үйдің үлкенімін, менен кейін екі інім, үш сіңлім бар. Иә, көп балалы отбасыға жатамыз. Әке-шешем қарапайым жұмысшылар. Олар мектепті бітіре салып үйленген, содан соң отбасылық өмірдің қазанында қайнап, жоғары білім алуға мүмкіндік болмаған.
Әкем де, анам да ұзақ уақыт қырманда жұмыс істеген. Сосын колхоз, совхоз тарқаған соң көрші ауылдағы жылыжайларда жұмыс істеп, бізді өсірген.
Құдай қолдап, мен мемлекеттік грантпен жоғары оқуға түстім. Әйтпесе мені ақылы оқытуға ата-анамның шамасы келмейтін еді.
Көріктімін. Бұл жағынан мақтанып айта аламын. Аяғым ұзын, талдырмашпын. Көркіме қызығатын жігіттер көп болды. Соның бірі қаланың жігіті Бақдәулет.
Онымен бір группаласымның туған күнінде таныстым. Сөзіміз жарасты. Сол күннен кейін ол мені күнде университет алдынан күтіп алатын болды.
Төртінші курста үйлендік. Келбетті, қаланың жігітіне тұрмысқа шыққаныма туған-туыстарым таң қалды. Құдалық тойда үйге келгенде де даңғарадай, екіқабатты сарайды көріп бәрі таңдай қақты. Тек әкем мен анамның ғана көңіл күйі түсіп кетті. Олар өздерін құда-құдағидан кем санап, бір түрлі сезінді. Қысылып отырғанын сездім.
Әлі есімде анам «Қызым-ау, өз теңіңе тұрмысқа шықпадың ба? Жасауыңды әкелерде қиналамыз ғой біз. Мынау үйде үй қызметшісі болумен өмірің өтеді-ау» деп еді.
Рас, ата-анам құдалармен материалдық тұрғысынан теңесе алмайды. Қызым өзін төмен санамасын деп, артымнан көрпе-төсегімді, жиһазымды әкелерде де әбден қарызданды. Қымбат киімімдер алып келді. Бірақ бәрібір ыдыстар мен киімдерді көргендер арасынан «Мынау сәннен қалған ғой» дегендер табылды.
Диплом алған соң күйеуім жақсы бір корпорацияда жұмыс істеді. Табысы жақсы. Ол мені ақшадан тарықтырмады. Ал мен үйде отырдым. Анығын айтқанда, екі қайным мен екі қайынсіңлім бар, оларды сабаққа шығарып салам, күтіп алам. Ата-енем де күні бойы жұмыста. Барлығының тамағын дайындау, кірін жуу, төсектерін салып беру, қайтадан жинау сияқты қарапайым жұмыстар таусылмайды. Келін болған соң бір дамыл таппаймын.
Анам айтпақшы, қайынсіңілдерім маған үйдің қызметшісі сияқты қарады. Үй шаруасында мүлде көмектеспейді. Тіпті түнде айран немесе кофе ішсе, ыдыстарды бөлмелерінде қалдырып кетеді. Жуынған соң ваннаны да сүртуді білмейді.
Адам тірліктен өлмейді, тіпті аз ұйықтауға үйреніп те қалады екенсің. Анам айтқандай, мен екі жақтың теңсіздігінен ғана қиналдым.
Ата-енем немесе күйеуім ауылға қыдырып баратын болса, мазам қашатын. Алдын ала інімнен ақша беріп жіберіп, дастарханға қымбат конфет-шоколад, тәттілер алдыртып қоямын. Кейде бір апта бұрын барып, үйді жинап, тазалайтынмын. Көршілерден қымбат ыдыс сұратып әбігерге түсетінмін.
Өйткені енем сынап қалған адам. Оның үстіне анау-мынау дастарханды менсіне бермейді. Ал олар қалаға келерде де ақша беріп анамды әсемдік салонына жіберіп, тырнақтарын, шашын боятам, жаңа көйлек алдыртамын.
Ата-енем мейлі анда-санда бір барады, ал күйеуіммен жиын-тойларда ауылға жиі баратын кезде мен тағы әбігерге түсемін. Қайтқанша күйеуімнің қас-қабағына қарап, асты-үстіне түсемін. Анам да біз барған сайын «Қинадың-ау бізді» дейтін.
Өз үйіңе ешнәрсені уайымдамай барып, емін-еркін шай ішіп, аунап-қунап қайтқанның өзі – үлкен бақыт екен ғой. Ал бізде басқаша еді. Ата-анам да, мен де бір апта бұрын дайындалып, уайымдаймыз. Содан соң «Қалай болды екен? Күйеуіме ұнады ма?» деп тағы бір апта ойланып жүрем.
Ауылдағы жұпыны өмірімізді күйеуім сол қалпында қабылдап, үйреніп кетеді деп ойлаушы едім. Жоқ, арада бес жыл өтсе де ол айналасына кербездене қарап, тамақты иіскеп жеп, мұрнын тыржитып отыратын әдетін қоймады. Ауыл болған соң шыбын, маса міндетті түрде болады. Ал күйеуім шыбын қонған дастарханнан ешнәрсе татып алмайды. Түнде маса шағады деп, бір рет те менің төркініме қонбаған.
Кейін сіңлім тұрмысқа шықты. Ол өз теңіне тиді. Ауылға емін-еркін барып қайтады. Қатты қызығатынмын. Үйінде де боянбай-ақ, ешкімнен қысылмай жүре береді. Өйткені күйеуі оны сол қалпында жақсы көреді. Ал мен үйде де, түзде де үнемі әдемі боп жүруім керек. Күйеуім жақта, оның ағайын-туысқандарының бірі той жасай қалса «Не кием? Олардың талғамына сай келем бе?» деп уайымға салынам.
Жеті жыл отандасқан уақытта киімдерімнің бәрін күйеуім мен енем таңдап әперген. Маған ненің жарасатынын, қай түсті киім маған жараспайтынын солар шешеді. Ұнамай тұрса да амал жоқ, солар сатып әперген киімді киюге мәжбүр болдым. Мен бойшаң қыз болғандықтан жайтабан аяқ киімді дұрыс көрем, бірақ күйеуім биік өкшелі туфли сатып әпереді.
Жеті жыл ішінде еркін жүре алмадым. Тіпті өзімді ұмыттым десем де болады. Тек солардың көңілінен шығуды, соларға ұнауды ғана ойладым. Егер арамызда бала болғанда мүмкін өмір бойы сондай қысылу, ұялу, мәжбүр болу күйін кешер ме едім, кім білсін?!
Бір күні күйеуім ажырасайық деді. Өйткені қанша емделсек те арамызда бала болмады. Бір-бірімізге бақыт тілеп, түсіністікпен ажырастық.
Ол басқаға үйленді. Мен де екі жылдан соң өзім секілді ажырасқан ер-азаматқа жар болдым. Ауылдың жігіті, бірақ қалада тұрады. Ол да мен сияқты қарапайым отбасыдан шыққан. Одан екі ұл тудым.
Бақыттымын. Өйткені бұрынғыдай ауылға барарда қымтырылып, қысылмаймын. Қалаған киімімді кие аламын. Тойларға да бұрынғыдай биік өкше киіп өзімді қинамаймын, жайлы аяқ киіммен бара беремін. «Боянып алсай, арықтасайшы, семіріп бара жатырсың» деп күйеуім сөздерімен қинамайды. Демалыс күндері түске дейін ұйықтаймын, ауыра қалсам күйеуім дәрі-дәрмек әкеп береді, жағдайымды сұрайды, түсінеді. Бақыттың не екенін енді ғана түсініп жатырмын...»
Рапия «Бақыт деген – күйеуіңнің қасында өзіңді еркін сезіну екен ғой» дейді.
Тағы да оқыңыз:
ОҢАЙ ОЛЖА ҚҰРБАНДАРЫ: "Екі миллионға жуық теңгеміз кетті"
«Қайынатам ұятсыз кино көреді»: Шымкенттік келіншек үйде қалғысы келмейтінін айтты