"Жұрт оның бұндай мінезін білмейді, сенбейді де..."
«Негізі көп адамды байқаймын, өзінің ең жақын туысқандарына, бауырларына сараң боп қалады. Ал бөтен біреулердің алдында құрдай жорғалап, қызметін де, ақшасын да аямайды. Бірақ олардың өз балалары мен әйеліне ақшасын қимай қалатынын көрмеппін. Ал менің күйеуім өз балаларына заттың ең жаманын, мерзімі өтіп кеткен азықтарды лайықты көреді...»
Осылай деген Зейнегүл есімді түркістандық келіншек күйеуіне ренішін ақтарып салды. Оның айтуынша, даңғарадай үйі, құдай берген бес перзенті бар. Күйеуі малтабар.
Зейнегүл жасы 43-ке келсе де жұмыс істеп табыс таппаған. Үй тірлігімен, бала тәрбиесімен айналысып отырған әйел. Тоңазытқышы ешқашан бос тұрмаған. Бірақ сонда да күйеуіне көңілі толмайды. Ал жұрт күйеуіне қызыға, қызғана қарайды.
Ол достарының бәрі мақтайтын күйеуіне неге ренжитінін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:
«Шүкір деймін, бәрі бар. Кейбір әйелдер сияқты қиналып пәтерден-пәтерге көшіп жүрмегенмін. Несиені қалай төлеймін деген уайым да болмаған. Киімім бүтін, қарын тоқ. Күйеуім ешқашан тапқанын міндетсінбеген.
Менің қамсыз, уайымсыз үйде отырғаныма абысындарым, келіндер, тіпті көршінің әйелдері қызығады. «Түу, неткен рахат! Күйеуің ішпейді, тапқанын үйіне тасып әлек. Барлық жағдайыңды жасап отыр» дейді олар. Жақында жаңадан түскен бір ағайынымыздың келіні үйге келген. Ол төргі бөлмеде жиналып тұрған блок-блок газды сусындарды көріп «Бақыттысыз ғой. Біз бұндай суларды тек той-жиындарда ішеміз» деді. Айтқым келді, бірақ тілімді тістеп қалдым.
Жұрттар қызығып көріп жүрген сулар мен қап-қап ұнның, қант-конфеттің бәрінің мерзімі өтіп кеткенін айтсам, өзімді-өзім жамандағандай болам ғой. Үйде басқа, түзде басқа адам екенін де ешкімге айта аламймын.
Көрші келіншектер күйеуімнің басқа әйелдерге жылы сөйлеп, қызмет етіп, олардың көңілдерін көтергеніне қарап, үйінде де сондай деп ойлайды. Қайдағы, күйеуге шыққалы одан жылы, тәтті сөз естімегенмін. Осы күнге дейін «жаным», «күнім» демеген, тіпті көйлегіме немесе дәмді тамағыма мақтау сөз де айтпаған. Үйде ол жекіріп, ұрсып сөйлейді. Тіпті күлімсіреуді де білмейді. Қашанда қабағы қатулы, менің тірлігіме көңілі толмай жүргені.
Күйеуім үй шаруасында тіпті саусағын да қимылдатпайды. Пышақ қайрау да, ет боршалау да менің міндетім. Ауыр сандықты қозғалтуға да көмектеспейді. «Өзің қозғалта берсей. Ірі, денелі етіп не үшін алдым сені?!» деп жаныма тиетін сөз айтады. Менің бес бала туып семіріп кеткенімді бетіме баса береді. Ал сыныптасырынң менен де семіз келіншектеріне түрлі комплимент айтып, олар өтініш жасай қалса екі етпей орындайды. Бір сыныптастың әйелі өткенде күйеуімді мақтап жатыр. Базарда көріп қалыпты, «Серік, сөмкемді көтерісіп жіберші» деген екен, күйеуім көлігімен үйіне дейін жеткізіп салып, заттарын үйіне кіргізіп беріпті.
Жұрттың әйелдері мақтағанын қайтейін, мен оны мақтай алмаймын. Ол үйде маған ғана емес, балаларына да ұрсып, айқайлап жүреді. Өзгенің балаларын қуантқанын неғылам, өз ұл-қыздарына әперген арзан киім-бұйымдары тез тозып, жыртылып, жарамай қалып жатса?..
Өзгелерге сыйлық жасағыш әйтеуір. Небір қымбат заттарды, ойыншықтарды інілеріне, олардың балаларына сыйлайды. Ал өз ұл-қыздарына ең арзан заттарды тауып алады. Балаларыма, маған ең арзан киімді саудаласып жүріп сатып алады.
Өзіне дейсіз бе? Өзі шыттай киініп алады. Қаладағы қымбат бутиктерден киінеді. Әрине, ақша табу оңай емес, түсінемін. Өзі тапқан соң қалай, қай жерден киінсе де жарасады. Менің ашуымды келтіретіні, басқаның балаларына қымбат киім алып, өз балаларына арзанын әперетіні.
Жұрттар айтпақшы, азық-түлікті үйіп-төгіп әкеп тастайды. Бірақ мерзімі өтіп кеткен арзандарын алады. Қалаға барғанда мерзімі өткен конфет-күлше, газды сусын, ыдыс жуғыштарды шетке бөліп, «жеңілдік» деп жазып қояды ғой. Соларды үйге өзіміз тұтынуға алады. «Мерзімі өтсе не бопты? Бастысы, ашымаған, айнымаған» дейді. Амал жоқ, қолданамыз, жейміз, ішеміз.
Жақында 30 шақты қарбыз әкеліпті. Оны көліктен түсіріп жатқанда көршілердің бәрі қызығып қарап тұрды. Күйеуім бізді қарбызға қарық қылды деп ойлаған шығар олар. Бәрін малға бердік. Біреуін, сосын екіншісін сойдық. Іші түсіп кеткен, жеуге жарамайды. Жей алмадық. Күйеуім «Арзан бағаға берем деген соң ала салған едім, алдапты ғой. Қоя бер, малдарға береміз» деп отыр. Әрине ешкім тәуір затын арзан бағаға сатпайды. «Арзанның сорпасы татымайды» деп те бекерге айтпаған ғой.
Бұны айта-айта, түсіндіріп шаршадым. Ал күйеуім тыңдағысы келмейді. Егер ол барлық адамға арзан зат алып беріп жүрсе мен үндемес едім. «Сараң ғой, ақшаға қатты» деп қоя салар едім. Ал оның әрекетіне қарап бізді басқалардан бөлектейтінін, өзгеден төмен санайтынын көрем. Осы жұрт ең бірінші қымбат затты да, әдемі мен дәмдіні де өз үйіне сатып алады емес пе?! Менің күйеуім неге ең жаманын, мерзімі өткенін, ашуға аз қалған заттарды, азықтарды өз балаларына сатып алатынын түсінбей-ақ қойдым. Әлде «Бұларға осы да бола береді» дейтін шығар? Осыған бола кейде ұрысып керісеміз. «Қой, асылық етпейін. Арзанын да үйіне ала алмай жүрген адамдар бар ғой» деп, өзімді сабырға шақырамын. Бірақ бәрібір оның өз бала-шағасына қимай, ал басқалардан аямайтыны ренжітеді.
Қолыма ақша ұстатпайды, бәрін өзі сатып алады. Әйтпесе мен ең жақсысын балаларыма сатып әперер едім...»
Зейнегүл күйеуінің осындай қылық, әрекеттеріне ренжулі. Сізді ше, оқырман, күйеуіңіздің қай ісі ренжітеді?
Тағы да оқыңыз:
ОҢАЙ ОЛЖА ҚҰРБАНДАРЫ: «Екі миллионға жуық теңгеміз кетті»
«Қайынатам ұятсыз кино көреді»: Шымкенттік келіншек үйде қалғысы келмейтінін айтты