​40 жастан соң НЕНІ өзгертуге, НЕ бастауға болады?

0
2 793

Коуч-психологтар «адамның жасы – бұл жай ғана цифр» дейді.


​40 жастан соң НЕНІ өзгертуге, НЕ бастауға болады?

фото: коллаж

Психологтардың айтуынша, ең көп тараған фобия – 40 жас екен. Бұл жастағы адамды алдағы кәрілік кезеңі қорқытады. «Енді бәрі кеш» деген кертартпа ой мүжи бастайды, уайымға салады.

Сонымен қатар 40-тан асқан адамның көбісінде мынадай ойлар болады:

  • «40 жастан соң ешкім жұмысқа алмайды»
  • «Отбасы құру, бала табу мүмкін емес»
  • «Жаңа нәрсені үйрене алмаймын»
  • «Өзгерту, өзгеру қиын»
  • «Қайран, жастық шағым-ай! Енді әжім түседі, шаш ағарады»
  • «Мен қатарластарымнан артта қалып кеткенмін»
  • «Не үшін өмірге келдім...»
  • «Не үшін, кім үшін өмір сүріп жатырмын?»
  • «Зейнетке шыққан соң өмірім қандай болады?»
  • «Махаббат, ғашықтық артта қалды ғой»...

Осындай ойлар адамды депрессияға түсіреді. Демек ертерек ойыңызды өзгертіңіз, өзіңізді ерте «жерлеуге» асықпаңыз.

«Ешнәрсе ешқашан кеш емес» деген сөзді санаңызға мықтап «бекітіп» алыңыз да басты көтеріңіз. Ал жұрттың «Отызда орда бұзбаған қырықта қамал алмайды», «40 жыл қисық өскен ағаш түзелмейді» дегеніне мән бермеңіз, сенбеңіз. Өйткені бұл нақылдар ғалымдар дәлелдеген физика, биология заңдары емес, Құранда да, киелі кітаптарда да жазылмаған. Жай адамдар айтып қалдырған сөз ғана. Көп нәрсені бастауға да, өзгертуге де жас кедергі бола алмайды.



Тәжірибеңізді кәсіпке айналдыра аласыз

Мейлі, сізде ешнәрсе жоқ шығар, бірақ бұл жаста мол тәжірибе бар ғой. Осы уақытқа дейін әйтеуір бір салада жұмыс істедіңіз, солай ма? Тәжірибені кәсіпке айналдырыңыз.

Мысалы, ұзақ жылдан бері мектепте математика сабағынан ұстаздық еттіңіз делік. Математиканы оңай үйренудің тәсілдерін балаларға үйрететін курс жүргізіңіз. Оқушыларды ҰБТ-ға онлайн дайындаңыз.

Мүмкін қазіргі жасыңызға дейін әсемдік салондарында шаш қиып жүрген боларсыз. Шаш қиюға сұраныс ешқашан тоқтамайды. Осыған байланысты курс, мастер класс өткізуге болады. Немесе үйде тек бала тәрбиелеп отырған ана болсаңыз, тәрбиеге байланысты кеңес беріңіз.

Белгілі бір мамандық иесі болмасаңыз да, қандайда бір қабілетіңіздің болмауы мүмкін емес. Мысалы, киімді жақсы таңдай аласыз, я болмаса қамырды керемет жаясыз, сурет саласыз т.б. Тіпті үй тазалауды да кәсіпке айналдырып алып, миллиондап табыс тауып отырғандар көп.

Жалпы кез келген тәжірибеңізді сатуға болады. Білетіңізді кәсіпке айналдырыңыз. Бұған қаражаттың қажеті жоқ, 40 жасқа дейін жинаған біліміңіз бен тәжірибеңіз – инвестиция.

Мүмкін кішкентай қадамыңыз үлкен бизнеске айналып кетер. Сізге мотивация ретінде 40 жаста кәсіп бастаған белгілі адамдардың бірқатарын атайық.

  1. Американдық Генри Форд 40 жасында әлемге белгілі Ford Motor компаниясының негізін қалаған.
  2. Американдық инженер Роберт Нойс өз командасымен бірге Intel компаниясын ашқанда 41 жаста болған.
  3. Бүгінде бүкіл әлемге танымал KFC (Kentucky Fried Chicken) – жылдам тамақтанатын мейрамханалар желісінің жұмысын Харланд Дэвид Сандерс 40 жасында бастаған. Ол қуырылған тауықтың ерекше рецептін ойлап тауып, ары қарай оны кәсіпке айналдырған.
  4. Белгілі Wal-Mart дүкенінің іргетасын 44 жастағы Сэм Уолтон қалаған. Ал ол 67 жасқа толғанда Forbes журналы оны Америкадағы ең бай адам деп таныған.
  5. Кристиан Диор атақты сән үйін 42 жасында ашқан.
  6. Американдық Кэрол Гарднер 52 жасында күйеуімен ажырасқанда қаражатсыз, қолдаусыз қалған. Ол депрессияға түспей құттықтау хаттар шығаратын Zelda Wisdom компаниясын ашады. Қазіргі оның бұл кәсібі 50 миллион долларға бағаланауда.

Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Өз айналаңызда да 40-тан асқан соң кәсіп бастағандар көп шығар?! Соларға қарап әрекет етіңіз. Кәсіп ашу үшін жаңа нәрсе үйрену маңызды емес, білетіңізбен бөліссеңіз жетеді. Әрине ақшаға! Сіз осылай бұрын-соңды таппаған ақшаны 40 жастан соң аз жылда таба аласыз. Бұл сізді бай-бақуатты, айналаңызға құрметті етеді. Ал егер сол бастаған кәсібіңізді, жұмысыңызды инстаграм парақшасына салып отырсаңыз, есіміңіз таныла бастайды.



Танымал болу жас таңдамайды

Бүгінгі интернет ғасырында танымал болу түк қиын емес. Өзіңізде бар қабілетті, білімді пайдаланып блог жүргізіңіз.

Блог жүргізуге, блогер болуға ешқандай дипломның қажеті жоқ. Тек қолыңыздағы телефон арқылы әлеуметтік желілерден өз аккаунтыңызды ашып, өзіңізге қызықты бір тақырыпта блог жазып отырсаңыз болғаны. Блогердің бәрі танымал.

Әрине, парақшаңызды көркемдеу үшін он күндік, бір айлық базалық СММ курсын оқып алу артық болмайды.

Егер, белгілі бір салада жұмыс істеп жүрсеңіз, сол арқылы да танымал бола аласыз. Ол үшін салаңыз бойынша әлеуметтік желілерде белсенді болыңыз.



Кітап жазуды бастаңыз

Кітаптың авторы болу үшін филолог болу қажет емес. Инстаграм парақшасын парақтап көріңізші, блогерлердің көбісі бірнеше кітап шығарып тастаған. Баспана алу туралы, электронды үкімет порталын пайдалану жөнінде нұсқаулық, ақша жинаудың ережесі, балаға жылдам оқуды үйрету, аспаздық шеберлігі, құрақ құрау, тігін тігу т.б. тақырыптарда жазылған кітап та, кітапша да жетерлік. Тіпті десеңіз, әркімнің өмірін жазып жүрген бір әйел жақында соның бәрін жинақтап әңгімелер жинағын шығара салды. Бір массажист балаларға жасалатын массаж техникасы туралы кітабын сатып жатыр.

Ал 40 жастан кейін тәжірибеңізді ақшаға айналдырған кәсібіңіз туралы кітап жазуға не, кім бөгет? Кітапты баспадан басып шығармай-ақ қойыңыз, жұрттар сияқты электронды кітап ретінде жазыңыз. Электронды кітаптар да жақсы сатылымда.

Мүмкін бір ғана кітап арқылы таныларсыз. Әлемге танымал Джулия Чайлд өзін көпке танытқан аспаздық кітабын жазғанда 50 жаста еді. Хит кітабы оның өмірін өзгертті. Оны осыдан кейін американдық телевидение «Француз асханасы» деген бағдарламаны жүргізуге шақырады. Оның есімі одан сайын паш етілді.

Иә, кітап жазу да сіз қай жасқа келсеңіз де орындауға болатын бір жұмыс. Мүмкін бұл сіздің кітап әлеміндегі бизнесіңіздің бастамасы болар. Бәлкім жазған кітабыңыз мол табысқа кенелтер.



Арықтау жасқа қарамайды

Салмақпен күресу, сымбатты болу да жас мөлшері кедергі бола алмайтын өзгерістің бірі. Бұл өзіңізді тану, өзіңізбен жұмыс.

Арықтауды бастаңыз. Бұның физикалық қана емес, психологиялық тұрғыда да оң әсері зор. Көңіл күйіңіз көтеріледі, өмірге қайтадан ғашық боласыз, ағза жасарады. «Әдемі боп кетіпсіз», «Жасарып кетіпсіз» деген комплименттердің өзі көңілді көкке самғатады ғой.

Салмағыңыз 100 келіден көп болса да онымен күресе аласыз. Мысалды алыстан іздемей-ақ қойықшы. Депутат, бес баланың анасы Әлия Әбсеметова 114 кг болған. Аз уақытта 74 кг-ға түсіп, тағы да 10 кг тастауға әрекеттеніп жүр. Ол бұл туралы жуырда «Jibek Joly» телеарнасына берген сұхбатында айтты. «37 жасқа толған туған күнімде чаттардың бірінде кейбіреулер менің жасымды 57-де деп ойлапты. Сол кезден бастап ойлана бастадым. Сөйтіп 2021 жылдың наурыз айынан арықтауды бастадым. Интервалды ашығудан бастадым. Мен тәулігіне 20 сағат аш жүріп, 4 сағат қана тамақтандым. Яғни бір рет тамақтанамын, сосын қантсыз, сүтсіз шай, кофе іштім. Көкөністер жеймін. Нанның орнына ірімшік жедім» деді.

Адам 40-та ғана емес, 50-60 жаста да артық салмақпен күресе алады.

Міне, сізге блог жүргізуге тақырып. Салмақпен қалай күресіп жатқаныңыз туралы күнделік жазып, оны иснтаграм парақшасына салып отырыңыз. Кейін мүмкін қалай салмақ тастағаныңыз туралы кітап та жазуыңызға болады, курс жүргізіп, табысыңызды да арттыруға идея.



Денсаулықты жақсартыңыз

Жоғарыда айтылғандарды бастау сіз үшін қиын боп жатса, денсаулығыңызды нығайтуға кірісіңіз. Бұл үшін ақша да, кәсіп те керек емес.

Ол үшін тамақтану, ұйықтау, демалуда «Дұрыс еместің» бәрін «дұрысқа» өзгертсеңіз болғаны. Яғни дұрыс тамақтануға көшіңіз. Ерте тұрып, ертерек ұйықтауға дағдыланыңыз. Таңертең жүгіріңіз. Күнде үйде немесе аулада жарты сағат жаттығу жасаңыз. 40 жастан кейін ауырмай, сырқамай жүрудің өзі – үлкен байлық, бақыт.


40 жастан кейін өзгертуге, бастауға болатын тағы не нәрсені қосар едіңіз? Комментарийге жазыңыз.


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


«Армандар картасы» қалай жасалады?


Кез келген МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕТІН 10 сұрақ