Сіздің үйіңізде "армандар картасы" ілулі тұр ма?
фото: i1.wp.com
Барлық адамда арман бар. Бірақ бәрінікі орындалып жатқан жоқ. Осындайда арманды жақындататын сиқырлы таяқша іздейтініңіз рас.
Әрине, ондай таяқша жоқ, бірақ көп арасында «сиқырлы карта» деп аталып кеткен құрал бар. Оны тілектер коллажы, визуализация тақтасы, армандар картасы деп те атайды.
Суреттер қиындысынан құралатын бұл құралдың «Армандар картасы» деген атауы көпке таныс. Ендеше, біз де осылай атайық.
Арманыңыз орындалмай жатса, жұрттың бәрінің үйінде бар осы бір каллажды жасап көріңізші, артық етпес. Оны сіз танитын, инстаграмдағы эфирлерін тыңдап жүрген барлық коучтар, бизнес-тренерлер әлдеқашан жасап қойған. Түк те қиын емес, сіз де жасай аласыз.
Магия, әлде психология?
Осы орайда «Армандар картасы» магияға жата ма, әлде психологияға ма?», «Күнә емес пе?» деген сұрақ туындайтыны белгілі.
Бір қарағанда магиялық ритуалға ұқсағанымен, бұл психология тақырыбы. Карта мақсат қоюға, ойды сол мақсатқа шоғырландыруға үйретеді. Ниеттенуге, одан соң әрекетке итермелейді. Армандарыңыз күнде көз алдыңызда тұрған соң оған жетуге талпындырады. Күнде ұйқыдан тұруға күш беретін мотивация деуге де болады. Картадағы армандарыңызға көз тастағанда көңіл күйіңіз көтеріліп, негативті ойлар қашады. Таза психология ғой. Сондай-ақ армандау, арманыңыздағы суреттерге қарау, қалау – күнә деп ешқандай дінде жазылмаған.
Кім ойлап тапқан?
«Армандар картасы» туралы алғаш рет белгілі психолог Шакти Гавейннің кітабында жазылған екен. Оның «Шығармашылық визуализация» деп аталатын бестселлері миллиондаған тиражбен шығып, есімін бүкіл әлемге паш еткен.
Шакти Гавейн аталмыш кітабында «Бұл карта – шынайы тілекті топтаған физикалық картина. Бұны салынатын құрылыстың жобасына ұқсатуға болады. Ой қуаты визуализация арқылы армандарды қозғалтады» деп жазады.
Кейбір деректерде Ежелгі Қытай жазбаларында кездеседі деген де тұжырым бар. Нақты кім ойлап тапқаны белгісіз, бірақ бұл картаны әлемге танымал көптеген бизнесмен, спорт чемпионы, кино жұлдыздары жасағаны белгілі.
Сонымен армандарды бір арнаға тоғыстыратын карта қалай жасалады?
1 ҚАДАМ
1 немес 3 жыл ішінде орындалуы тиіс арман-мақсаттарыңызды жазып шығыңыз. Шектеу қоймаңыз, «Мүмкін емес қой, шамама қарайын» демеңіз. Бәрін жазыңыз.
Ескерту: Тек өзіңізге қатысты армандарды жазу қажет. Ата-ана, балаларыңыз бен достарыңызды бұл тізімге араластырмаңыз. Армандарыңыз болашаққа арналуы керек.
2 ҚАДАМ
Армандарыңызға сай сурет іздеу. Мысалы, Nissan Qashqai маркасындағы көлікті армандасаңыз, суретін журналдан қиып алыңыз. Немесе интернеттен тауып түрлі түсті принтерден шығарып алсаңыз да болады. Тіпті керек суретті қолмен салсаңыз да жарайды.
Арманыңыздағы зат дәл сіз қалағандай болуы керек (түсі, маркасы, көлемі т.б.). Өйткені «армандар картасының» негізгі компоненті – суреттер. Сондықтан асықпай іздеп табыңыз. Күліп түскен өз суретіңізді де дайындап қойыңыз.
Ескерту: Суреттер түрлі түсті болғаны жөн. Қара түсті суреттерге жоламаңыз. Сонымен бірге сіздің өз суретіңіз жақында түскен фото болғаны (күннен қорғайтын көзілдірік кимеген, аяқ-қолыңыз түгел көрінетін фото) дұрыс.
3 ҚАДАМ
Концелярлық тауарлар сататын дүкеннен плакат және суреттерді жабыстыру үшін желім сатып алыңыз. Ортаға өз суретіңізді жабыстырып, айналасына қалауыңызша барлық суретті орналастырып шығыңыз.
ЕГЕР фен-шуй ережесі бойынша жабыстырғыңыз келсе, плакатқа 9 бөлік (шаршы) сызыңыз.
Суретті жабыстыруды ортадағы, яғни бесінші шаршыдан бастайсыз. Ол жерге өзіңіздің суретіңізді жабыстырыңыз. Одан кейін бірінші шаршыдан бастап жабыстырып шыға бересіз.
- Бірінші шаршы – байлық, ақша секторы. Бұл жерге көлік, бриллиант, жиһаздар суретін жабыстырыңыз. Доллар тола сөмке, бір сандық алтын суретінен гөрі алғыңыз кеп жүрген қымбат заттардың суреті дұрысырақ.
- Екінші шаршы – Атақ-даңқ, абырой-бедел секторы (медаль, диплом, жұлдыздар жүретін қызыл кілем т.б.)
- Үшінші шаршы – Неке, махаббат, қарым-қатынас (Егер жалғыз болсаңыз той көйлегі, неке жүзігінің суреті, отбасылы болсаңыз романтикалық саяхат, мейрамхана суреттері)
- Төртінші шаршы – Үй, отбасы, денсаулық секторы (Коттедж, саяжай, жүктілік, балалар суреті. Егер балаларыңыз бар болса онда сәбидің суретін жабыстыру қажет емес)
- Алтыншы шаршы – хобби, шығармашылық секторы (айналысқыңыз келетін сала суреттері)
- Жетінші шаршы – Білім (кітаптар, жүргізуші куәлігі, ағылшын тілі т.б. суреттер)
- Сегізінші шаршы – карьера, жетістік секторы (кеңсе, жұмыс кабинеті, былғары кресло т.б. суреттері)
- Тоғызыншы шаршы – дос, ұстаз, орта, ұжым секторы (әншілердің, жұлдыздардың немесе белгілі бизнесмендердің, президенттің суреті)
Жалпы, фен-шуй ережесі бойынша суреттерді әр шаршыға топтастырсаңыз да, қалауыңызша әр суретті плакаттың әр жеріне жабыстырсаңыз да болады.
4 ҚАДАМ
Әр суреттің астына немесе қасына мотивация беретін афирмация жазыңыз. Бұл процесті жылдамдатады.
Мысалы «Мен ақ түсті Nissan Qashqai көлігін айдап жүрмін», «Мен бақытты әйелмін», «Мен ағылшын тілінде еркін сөйлеймін», «Мен егіз бала тудым» т.б.
Ескерту: Аффирмациялар осы шақта жазылуы керек. «Мен аламын», «Мен Турцияға барамын», «Яхтаға мінем» деп, келер шақта жазуға болмайды.
5 ҚАДАМ
Дайын болған коллажды өзіңізге көрінетін жерге іліңіз. Тоңазытқыштың немесе гардеробыңыздың есігіне ілуге болады. Жұрт көзінен жасырғыңыз келсе, жатын бөлмеңізге іліп қойыңыз.
Күніне кем дегенде бір рет картаға қарап, ойша визуализация жасауыңыз керек. Мысалы: трассада көлік жүргізіп бара жатқаныңызды, көп ақша жаратып дүкен аралап жүргеніңізді, жүкті боп УДЗ-ге түсіп жатқаныңызды т.б.
6 ҚАДАМ
Енді коллажды плакаттың кез келген тұсына ұнатып жүрген бір заттың суретін жабыстырыңыз. Мүмкін ол әдемі бокал немесе сүйікті балмұздағыңыздың (қолсағат, құлаққап, жастық, шұлық т.б.) суреті болуы мүмкін. Сол күні немесе жақынарада сатып ала алатыныңыздай қолжетімді бағадағы зат болғаны дұрыс. Сіз оны сатып алған күннен бастап «Армандар картасы» іске қосылады.
«Армандар картасындағы» суреттерді өзгертіп, жаңартып тұруға болады. Тіпті бір-екі айдан соң басқа карта жасауға да болады. Тек күнде бір рет визуализация жасап, картадағы армандарыңыз орындалып қойғандай қуана білсеңіз болғаны.
Дайындаған: Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
Кез келген МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕТІН 10 сұрақ