Адамды АРМАНЫНА жеткізбейтін ЕКІ-АҚ СЕБЕП бар

0
1 390

12-сәуір – Халықаралық ғарышкерлер күні. Адамзат баласы өте ертеден-ақ ғарышты зерттеуге тырысқан. Алғаш рет 1957 жылы 4-қазанда ғарышқа Жердің жасанды серігі ұшырылса, 1961 жылы 12-сәуірде Ю. Гагарин ұшты. Содан бері әлем ғарыштық кеңістікті игеру үшін түрлі жобалар жасап, техникалар ойлап табуда. Ал, психологиялық кітаптар әр адамның өзін-өзі зерттеуі ғарышты зерттеуден де маңызды дейді.


Адамды АРМАНЫНА жеткізбейтін ЕКІ-АҚ СЕБЕП бар

Фото: 1freewallpapers.com

Арманыңыз не? Неге оған қолыңыз жетпей жүр? Осы сұрақты айналаңыздағы таныс, туыс, дос-құрбыға қойып көріңізші, көпшілігі өзін ақтап алу үшін түрлі сылтау айтады. Ал, енді осы сұрақты өзіңізге қойыңызшы, сіз не деп жауап бересіз? Арманыңыздың орындалмағанына кім немесе не кінәлі?


Бұл тұрғыда арманы орындалғандар не дейді екен? Олардың ойынша арманына жете алмай жүргендерге не кедергі?


1-СЕБЕП: Кінәні өзінен емес, өзгеден, басқа жақтан іздеу

фото: psysovet.ru

Табысты кәсіпкер, 2,5 жылда Қазақстанда «Rumi Group» мейрамханалар желісін брендке айналдырған ресторатор Қуаныш Шонбай «Екінші болма!» деп аталатын кітабында мақсатшыл адам сылтау емес, мүмкіндік іздейтінін айтады.

«Достарыңның барлығы қыста Тайландқа, ал жазда Түркияға демалуға кетеді. Сенің де барғың келеді-ақ, бірақ мүмкіндігің жоқ. Басқаларға әрине, «ақша жоқ» деп айтпайсың, «уақыт жоқ» дейсің. Бизнесте сәтсіздікке ұшыраған жағдайда «бұйырмады», «көз тиді», «тағдыр жазбады» деген әңгімелер айтылады. Оның себебін өзінен көрмейді, өзге біреуге немесе басқа бір жағдайға жаба салады» дейді Қ. Шонбай.


МЫСАЛ: Бір жігіт өз үйінен де, ауылынан да бақыт таба алмай жолға шығады. Ол бір ауылдың шетіндегі үйге қонады. Үй иесі қариядан «Бұл ауылда қандай адамдар тұрады?» деп сұрайды. Ақсақал «Ал сен келген жақта қандай адамдар өмір сүреді?» деп сұрағына сұрақпен жауап береді.

Жігіт «Өңкей арам ойлы, бір-бірін көреалмайтын іші тар адамдар тұрады. Олармен бірге өмір сүра алмағандықтан жайлы орта іздеп жүрмін» деп жауап береді. Сонда қария «Бұл ауылда да сондай адамдар тұрады» - деп жауап береді қарт.

Ертеңіне ауыл шетіндегі қарттың үйіне тағы бір жігіт түнейді. Ол да үй иесінен бұл ауылда қандай адамдар тұратынын сұрайды. Қарт оған да «Ал, сен келген жақта қандай адамдар тұрады? Деген сұрақты қояды.

Жігіт «Адал, қонақжай, татулығы жарасқан адамдар тұрады» деп жауап береді. Қария жымиып «Бұл ауылда да дәл сондай адамдар тұрады» дейді.

Осы кезде немересі «Ата, бірдей екі сұраққа неге екі түрлі жауап бердіңіз?» деп таңданады. Сонда атасы «Адамның жан дүниесі қандай болса, өмірі де сондай болады. Ол қайда барса да егер көзқарасын, ойын өзгертпейінше, өмірі де ешқашан өзгермейді» деген екен.


Сәтсіздіктің, кедергінің себебін өзінен іздемеген адам арман-мақсатына жеткізетін жолды, мүмкіндіктерді ешқашан таба алмайды.


2-СЕБЕП: Өз қабілеттерін білмеу, пайдаланбау


Фото: philmckinney.com

«САМО» халықаралық адам дамыту орталығының негізін қалаушы, психология ғылымының докторы, халықаралық дәрежедегі белгілі бизнес-тренер Давлатов Саидмурод «Мен және ақша: бай адам сияқты ойлау» деп аталатын кітабында «Білетіндер көп, ал өз білімін қолдана білетіндер өте аз. Ашылмаған қанаттың үлкендігі білінбейді» дейді.


МЫСАЛ: Бір бай адам болыпты. Оның өте сұлу қызы болады. Бай қызын күйеуге бермекші болады, алайда, жігіттер оған жақсы көргендіктен бе, әлде ақша үшін үйленгілері келеді ме деп күмәнданады. Сол себепті, ол жігіттерді сынамақшы болып адамдарды жинап алып, бай былай дейді: «Кімде-кім мына бассейнді жүзіп өтсе, өз қалауынша: менің жерімнің 3/1, ақшамның 3/1, немесе қызымды алады. Бірақ, бұл бассейнде ондаған қолтырауынның жүзіп жүргендігін білулеріңіз керек». Ол сөзін аяқтап болмастан, бір жігіт бассейнге түсіп кетеді. Бай таң қалады, мұндай әрекетке бару үшін қандай батыл және қайратты болу керек деп ойлайды! Қолтырауындар жігітті қуа жөнеледі, жігіт тез жүзе бастайды, жыртқыштар қуып жете бергенде, жігіт одан қатты тез жүзіп кетеді. Ақырында, ол бассейннің арғы бетіне дейін жүзіп шығады.

Таңданған бай өкінішті кейіппен жігіттен жерінің 3/1 қалай ма деп сұрағанда, жігіт «Жоқ» деп жауап береді. Сонда бай: «сен менің ақшамның 3/1 алғың келіп тұрған болар» деп сұрайды. Бұл жолы да «Жоқ» деген жауап алады. Бай біраз тынышталып, оң жауап алатынына сенімді түрде: «Сен менің қызыма үйленгің келеді ғой» деп сұрағанда, жігіт тағы да «Жоқ» деп жауап қайтарады. «Онда саған не қажет?» деп сұрайды таңданған бай. Сонда жігіт: «Мені осы бассейнге итеріп жіберген адамды тауып беріңдер» деген жауапты естиді.


Бұл мысал, ешкімнің өз мүмкіндіктерін, физикалық тұрғыдан болсын, интеллектуалды жағынан болсын дұрыс бағалай алмайтындығын көрсетеді. Алайда, оқыс жағдайларда мұндай мүмкіндіктер таныла бастайды.

Иә, өз еркімен ол жігіт бассейнге ешқашан секірмес еді. Ал суға түсіп кеткен соң, өз мүмкіндігін білді. Сол сияқты сіз де байқап көрмегендіктен қабілет-қарымдарыңыздың қай деңгейде екенін білмейсіз. Білмеген соң өзіңізге сенбейсіз. Ал, сенімсіз адам арманына қол жеткізе алмайды. Олай болса, әр салада өзіңізді сынап, байқап көруден қорықпаңыз!

Ж. СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жалқаулықты жеңудің ең оңай 3 тәсілі


Төрт шумақ өлеңді 5-ақ минутта жаттауға болады!


Ерік-жігер күшін шынықтыратын нәтижелі 4 жаттығу

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет