Шымшық тірі болса ол құмырсқаны жейді, ал өлі болса құмырсқа оны жейді. Жалқаулық та осындай. Не ол сізді, не сіз оны жеңесіз.
Жалқаулық жаныңыздан қалмай жүр ме? Үйде де, жұмыста да, сабақта да жабысып "желкеңізге отырып" алды ма? Одан құтылғыңыз келсе, алдымен оның НЕ немесе КІМ екенін анықтап алыңыз.
Бұл орайда жалқаулыққа даналарымыз ертеде-ақ анықтама беріп қойған. Иә, жалқаулық – адамның жауы деген.
Сонымен жалқаулық = жау! Жалқаулықты жеңудің үш-ақ жолы бар.
- Келісімге келіп досқа айналдыру
- Алыстатып, жолатпау
- Белдесіп, күресіп көзін біржолата жою
Онымен алысқым келмейді, дұрысы досқа айналдырамын десеңіз, бірінші тәсіл сізге арналады.
БІРІНШІ ТӘСІЛ: қызықтыру
Бұрынғы жаугершілік заманда екі жақ қалай келісімге келген? Құн төлеген немесе қызын беріп құдаласқан. Бұл екеуіне де бір нәрсе деп қараған – «қызық». Яғни, нәпсіні «тамақтандыру». Ал, нәпсінің тамағы – ләззат. Әркімге өз тілінде түсіндіру керек демей ме? Жалқаулыққа не ұнайтынын біліп алыңыз. Ол неден ләззат алады? Жайлы орынды, демалуды, тәтті тамақты жақсы көреді.
Демек, миыңызға жайғасып, сізді басқарғысы келген жауыңызға «ләззатқа толы демалыс пен тәтті тамағын» уәде етіп келісім-шартқа отыруыңыз қажет. Келісім-шартпен оны қызықтыра аласыз.
Бірінші тәсіл түсінікті болу үшін, жалқаулық = ми деп қарастырайық.
Мидың ләззат алатын тамағы – допамин, серотин гормондары. Бұл екі гормон адам қуанғанда, бақытқа бөленгенде, тәннің қуаты артқанда және сенімділік күшейгенде бөлінеді. Аталмыш гормондар көбірек бөлінген кезде ми ләззаттанып, тынығып демалады.
Ағзадан осындай гормондардың бөлінуіне бірлесіп күш салуды ұсынып келісуіңіз керек.
МЫСАЛ: Ұзақ уақыттан бері диета ұстау немесе спортпен шұғылдану арқылы артық салмақтан құтылуды ойлағаныңызбен, жалқаулықтың кесірінен бұл іске кірісе алмай жүрсіз делік.
Не істеу керек? Арықтағаннан кейінгі нәтижелерді көз алдыңызға елестетіп, эмоцияға берілуіңіз қажет.
- 15 кг артық салмақтан құтылсам, киімдерім сымбатыма жарасып тұрады. Айнаға қараған сайын өзіме өзім қызыға қарайтын боламын. Күйеуім күнде қызғанышпен және құмарлықпен қарайтын болады, ал маған оның бұл көзқарасы ұнайды.
- Арықтасам, небір әдемі, сәнді көйлектер сатып аламын! Жаңа киімдерді жақсы көремін!
- Жазда құрбыларыммен шомылуға барғанда сымбатымнан ұялмайтын боламын! Майларымды жасырмай, сенімді жүремін!
Шынында арықтаған кезіңізді елестетіңізші. Сенімді, сымбатты, әрдайым күліп жүретін өзіңізді елестетіп көргенде-ақ қуаныш пен бақыт гормондары бөлінді. Ал, нәтижеге жеткенде бұл допамин гормондары екі-үш есе көп бөлінеді. Оны көп мөлшерде «жегісі келген» миыңыз сол күнге жетуге талпынады, асығады. Яғни, енді ол сізбен қасарыспай, айтқаныңызға көнеді. Ми диета ұстауға да, спортпен шұғылдануға да келісіп отыр, жылдам әрекетке кірісіп кетіңіз.
Дәл осы сияқты «Осы істі бастасам, табысым көбейеді. Көлік сатып аламын, жаяу жүрмеймін», «Ерінбей қосымша екінші жұмысты да істесем, табысым екі есеге көбейеді де келесі жылы (үш жылдан соң) пәтер сатып аламын. Оның ішін ең сәнді жиһаздарға толтырамын» деп, сол нәтижелерді көз алдыңызға елестетіңізші. Қуаныш сезімі пайда болды ма? Демек, ағзаңыздан допамин гормоны бөлінді. Миыңыз жаңа істі бастауға да, бұрынғыға қарағанда көбірек жұмыс істеуге де келіседі.
Бірінші тәсілдің тағы бір жолы – қорқыту. «Ләзаттан айырылып қаласың» деп қорқыту. Яғни, допамин – мидың ләззат алатын заты болса, картизол оның бөлінуіне кедергі келтіреді. Картизол - адам күйзеліске түскенде, ашуланғанда, ұрысқанда бөлінетін зат. Демек, ми картизолды жаман көреді, осымен қорқытып айтқаныңызға көндіре аласыз.
Мысалы, әжетханаға баруды ешкім кейінге қалдырмайды, өйткені ми бұл дабылды «зиян, қауіпті» деп қабылдайды. Дәл сол сияқты кез келген істі миға «бұны орындамасам қауіп тудырады», «бұл іс бүгін атқарылмаса мен күйзеліске түсем», «ашу шақырады» деп ұқтыру керек. Яғни, қалауды міндетке айналдырыңыз.
«Жауды өлтіргім келмейді, дос та болмаймын десеңіз, сізге екінші тәсілді қолданған дұрыс.
ЕКІНШІ ТӘСІЛ: үйрету
Екінші тәсіл түсінікті болу үшін, жалқаулық = жаман дос деп қарастырайық.
Жаман дос жаудан да қауіпті. Одан алыс жүріңіз немесе жақындатпаңыз. Қалай? Арадағы байланысты үзуіңіз керек.
Бірақ, «Жалқаулық» деп аталатын жаман доста ар-ұят жоқ, ол қайта-қайта келіп есігіңізді қаға береді. Сондықтан біліп қойыңыз, бірден оны қуып жіберу, байланысты бір күнде үзу нәтижесіз.
Не істеу керек? Біртіндеп суытып, алыстатқан дұрыс. Мүлде көңіл бөлмей қойыңыз, оған назар да аудармаңыз және оны ешқайда ертпеңіз. Сондай-ақ «жаман досқа» ұнамайтын нәрселерді істесеңіз, өзі-ақ кетіп қалады.
«Жалқаулыққа» ұнамайтын нәрселер не? Спорт, ерте тұру, істі ертеңге қалдырмау. Сонымен қатар, ол тазалықты, реттілікті ұнатпайды. Олай болса, ерте тұру, спортпен шұғылдану және әрдайым үй мен дене тазалығын сақтау арқылы оны алыстата аласыз.
Ол үшін, әрине, осы жақсы дағдыларды бойыңызда қалыптастырып, күн тәртібіне енгізе білуіңіз қажет-ақ. Қалай? Әсте-әсте, біртіндеп.
МЫСАЛ: кішкентай кезіңізде тамақты қасықпен жеуді үлкендер үйретті. Содан бері тамақты қолмен емес, қасықпен жейсіз. Солай ғой.
Есіңізге түсіріңізші, бала кезіңізде тамақты қасықпен жеуді бірден үйренген жоқсыз, бірте-бірте үйреніп ол кейін әдетіңізге айналды. Қазір ешкім айтпаса да асты қасықпен жейсіз. Тіс жуу да күнделікті дағдыңыз. Таңертең ұйқыңыздан тұра салып тісіңізді тазалайсыз. Оны сізге ешкім ескертіп отырмайды.
Дәл сол сияқты таңертең ерте тұру, жүгіру, спортпен айналысу, күнделікті шаруаларды кейінге ысырмай орындау т.б. жақсы дағдыны миға үйрету керек.
Үйрену – бір нәрсені қайталау арқылы жаттығу. Иә, кез келген әдетке үйрену үшін, арасын үзбей 40 күн қайталауыңыз қажет.
Мысалы, қазір көлік жүргізе аласыз. Ал оны қалай үйрендіңіз? Алғашқыда екі қолыңызбен рульге жабысып, бұрылыстарға жақындағанда «енді не істеуім керек еді?» деп ойланып... бағдаршамды көргенде аяғыңыз нені басарын білмей шатасып... терлеп кететін бе едіңіз?
Қазір ше? Еркін отырасыз, тіпті рульді бір қолыңызбен бұрып, бұрылыстарға келгенде саусағыңыз автоматты түрде жұмыс істеп, алаңсыз музыка тыңдап қажетті жерге қалай жетіп қалғаныңызды да байқамай қаласыз.
Қазір қиын боп көрінген таңғы дене жаттығуы немесе таңертең жарты литр жылы су ішу де қайталана берген соң көлік жүргізгеніңіздей оп-оңай боп қалады.
Екінші тәсілдің тағы бір жолы – жалқаулыққа орын бермеу. Мысалы, ұйқыдан тұра салып тіс жууға емес, бірінші төсегіңізді жинап тастауды әдетке айналдырыңыз. Өйткені, тісіңізді жуып келген соң жалқаулыққа салынып «10 минут жата тұрайын» деуіңіз мүмкін. Төсекті жинап тастасаңыз, жалқаулық жататын орын таппай қалады.
Жалқаубек туралы мультфильмді есіңізге түсіріңізші: Аузы-басы кір, айналасында заттар шашылып жататын еді ғой. Жалқаулықты қуу үшін, үйіңізде ешқашан лас затқа орын болмасын. Ас ішіліп болды ма жылдам ыдыстарды жуып тастаңыз. Кір киімдерді жинап қоя бермей дереу кіржуғыш машинаға салыңыз. Шашыңыз майлана бастады ма, ерінбей бүгін жуыңыз.
Бойыңызды енжарлық билей бастаса, дене жаттықтыруларын жасаңыз немесе орныңыздан тұрып далада таза ауада біраз жүріп келіңіз.
Ал, егер «Мен оны олай келісімге шақырып... оған 40 күн үйретіп... кейін бір күні тағы келіп тұрса ше? Жоқ, мен одан біржолата құтыламын» десеңіз, онда үшінші тәсілге жүгініңіз.
ҮШІНШІ ТӘСІЛ: фокус
Фокус деген не? Бұл – бүкіл күшті, назарды бір ғана нәрсеге аудару, соны ғана ойлау. Былай түсіндіріп көрейін, күннің жылуы бүкіл Жер шарына тарап тұр, ал егер оның барлық жылуын жан-жаққа шашыратпай тек бір тұсқа ғана бағыттайтын болса, ол сол жерді өртеп жібереді.
Фокусты бір ғана мәселеге, бір-ақ нәрсеге бағыттайтын болсаңыз, қуатыңыз артып, оны жеңуге деген талпыныс та, қуат та артады.
Бұл тәсілде жалқаулық = мәселе деп қарастырамыз. Мәселелеріңізді қалай шешіп жүрсіз? Мамандар мәселенің пайда болу себебін табу керек, сонда оны шешу де оңай дейді. Жалқаулық деп аталатын фокусқа алғанда, оны үнемі бақылауда ұстайсыз. Яғни, ол туралы жан-жақты ақпарат жинап, себептерін таба аласыз.
Міне, осы үш тәсілді қолдана отырып, жалқаулықты жоюға болады. Психологтар жалқаулықты адам бойындағы жағымсыз бір қасиетке балайды. Мен үш тәсілдің бірінде оны – ми, жаман дос, тағы бірінде мәселе деп қарастырдым. Дұрыс түсініңіз, бұл ұғынықты болу үшін ғана. Оны әркім өз қалауына қарай сипаттауына болады. Оны неге теңесеңіз де бастысы мынаны есте ұстаңыз:
Шымшық тірі болса ол құмырсқаны жейді, ал өлі болса құмырсқа оны жейді. Жалқаулық та осындай. Не ол сізді, не сіз оны жеңесіз.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Құрманкүл Әти,
Тағы да оқыңыз:
Төрт шумақ өлеңді 5-ақ минутта жаттауға болады
Ерік-жігер күшін ШЫНЫҚТЫРАТЫН нәтижелі 4 жаттығу