Төрт шумақ өлеңді 5-ақ МИНУТТА жаттауға болады!

0
17 154

21 наурыз – бүкіләлемдік поэзия күні. Ал, 22 наурыз – түркі халықтарының Көктем мейрамы! Атаулы екі күннің құрметіне М.Мақатаевтың «Наурыз» өлеңін жаттайық. 5-ақ минутта! Иә, төрт шумақ өлеңді 5-ақ минутта жаттап аласыз. Мен сізге оңай тәсілін үйретемін.


Төрт шумақ өлеңді 5-ақ МИНУТТА жаттауға болады!

Ғалымдар адам миы бәріне қабілетті дейді. Тек оған дұрыс бағдарлама орнатсаңыз болғаны. Мысалы, Абайдың барлық өлеңін түгел жаттап алған оқушыларды естіген шығарсыз?! Сол сияқты ұзақ поэмаларды мүдірмей жатқа айтатындар да бар. Бұған сіз де қабілеттісіз.


Сенесіз бе, ұзақ поэманы бір сағатта толық жаттап алуға болады. Ал, төрт шумақ өлеңді 5-ақ минутта жаттай аласыз. Күмәніңіз болса, дәл қазір тәжірибе жасайық. Иә, екеуміз!


Тәжірибе үшін: Ақын Мұқағали Мақатаевтың «Наурыз» атты өлеңін алайық.

Ақпан кетті араз боп наурызбен,
Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.


Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің наурыз жүр,
Мұз көргісін ақпанның лақтырып.

Тозған тонын бойына кие алмай бір,
Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.
Асқар таулар атасын шақырады,
Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.

Қарар емес наурыз атағына,
Алар емес ақпанды қатарына.
Күні бойы жылаған қарт пенденің,
Түні бойы мұз тоңды сақалына.


1-ҚАДАМ: сөзді суретке айналдыру

Танысу: өлеңді дауыстап, мәнерлеп бір рет оқып шығыңыз.

Ұғу: өлеңді тағы бір қайталаңыз. Бұл жолы ақынның не айтпақ болғанын ұғынып оқыңыз. Яғни, өлең не туралы?

Сезіну: сезініп, оқиғаны көз алдыңызға елестетіп оқыңыз.

Яғни, өлеңді үш рет оқып шығасыз. Бірінші мәнерлеп оқып шықсаңыз, екінші рет оқығанда онда не туралы айтылғанын түсініп, өлең мағынасына мән беріп оқисыз. Ал, үшінші рет оқығанда эмоцияға беріліп, өлеңге терең бойлап сезіне отырып оқисыз.


Өлеңдегі оқиғаны түсініп, сезініп оқығанда ойыңызда еріксіз суреттер пайда болады. Бастапқыда ойша суреттеу қиындық тудыруы мүмкін, бұл әркімнің қиял ұшқырлығына байланысты. Жаттыға келе кез келген өлеңді, романды оқып жатқанда ондағы оқиғалар эпизод-эпизод болып өзі-ақ суреттелетін болады.


2-ҚАДАМ: суретті видеоға айналдыру

Өлеңдегі оқиға ой парағында сурет боп «салынған» соң, оны әңгімелеп айтып беріңіз. Бұл ойдағы суретті қимыл қозғалысқа түсіруге көмектеседі. Қозғалысқа түскен суретті көз алдыңызға елестетіңіз. Ойыңызда логикалық образды эпизодтар құрап, ассоциация құрыңыз.

Түсінікті болу үшін, М.Мақатаевтың «Наурыз» өлеңін бірге суреттеп, көз алдымызға елестете отырып әңгімелейік.

Мысалы, мен Ақпанды, қысты – ата деп, ал Наурызды, көктемді – қыз ретінде елестеттім. Қысқаша айтқанда, атасы мен немере қызы. Ал, сіз ше?


Ақпан кетті араз боп наурызбен,

Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.

Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,

Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.

Осы шумақты ойша бейнелейік: Ата қызымен ұрысып кетіп қалды. Қыз атасын жоғалтып іздеп жүр. Сосын адамдармен құшақтасып амандасты. Ал, қызына ренжіген ата адамдармен қоштасты.


Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,

Қыс барады қиылып, жылап тұрып.

Шатырында үйлердің наурыз жүр,

Мұз көргісін ақпанның лақтырып.

Ойша бейнелейік: Қыз көп шуақ алып келді. Ата артына қайта-қайта қарап жылап кетіп барады. Ал қызы үйлердің шатырына шығып ашуланып мұздарды лақтырды.


Тозған тонын бойына кие алмай бір,

Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.

Асқар таулар атасын шақырады,

Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.

Ойша бейнелейік: Атаның үстінде ескі тон, бірақ кие алмай жатыр. Әр ауылға барды, бірақ ешкім сыйдырмады. Ауыл шетіндегі тау атаны шақырды, бірақ ата ауылдың ойы мен қырын қимай тұр.


Қарар емес наурыз атағына,

Алар емес ақпанды қатарына.

Күні бойы жылаған қарт пенденің,

Түні бойы мұз тоңды сақалына.

Ойша бейнелейік: Қызының қатарына қоспағанына ата жылап қалды. Ол ұзақ жылады. Сақалына дейін аққан көз жасы түнде мұз боп қатып қалды.


Ескеретін жайт: әркім өз қиялына қарай суреттеуі керек. Сонда жаттау оңай болады. Мысалы, менің суреттеуім сізге түсініксіз, қиын болуы мүмкін. Сондықтан өзіңізге оңай, ұғынықты етіп суреттегеніңіз дұрыс.


Сонымен, қандай видео пайда болды?


1-видео: Ата мен қызы ұрысып қалды. Қыз адамдармен құшақтасып амандасты. Ал, қызына ренжіген ата адамдармен қоштасып, ауылдан кетпекші.

2-видео: Ата артына қайта-қайта қарап жылап кетіп барады. Ал қызы үйлердің шатырына шығып ашуланып мұздарды лақтырды.

3-видео: Атаның үстінде ескі тон, бірақ кие алмай жатыр. Әр ауылға барды, бірақ ешкім сыйдырмады. Ауыл шетіндегі тау атаны шақырды, бірақ ата ауылдың ойы мен қырын қимай тұр.

4-видео: Қызының қатарына қоспағанына ата жылап қалды. Ол ұзақ жылады. Сақалына дейін аққан көз жасы түнде мұз боп қатып қалды.


3-ҚАДАМ: видеоны сөзге айналдыру

Иә, енді видеоны сөзге айналдырамыз. Яғни, өз сөзімізге емес, ақынның өлең сөздеріне!

Ойша бейнеленген оқиғаны рет-ретімен елестете отырып, ақынның өлең шумақтарын айтып көріңіз. Қағаздағы өлең сөздеріне көз тастауға болады. Осылай 1-2 рет қайталаған соң соншалықты қиын боп көрінген өлеңді оп-оңай жаттап аласыз.

Бұл әдіс 100 пайыз жұмыс істейді. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген сөз бекерге айтылмаған. Тек өлеңді ғана емес, поэманы да осы тәсілмен жаттап алуға болады. Том-том романдардың желісін есте сақтап қалу үшін де мәтінді видеоға айналдырып ойша «көре білу» әдісін қолданудың жәрдемі мол.


«Жылдам жаттау» тәсіліне үйренгенге ДЕЙІН...

1. Бұл тәсілге жаттығу үшін, өлең мәтінін қайталап оқыған соң, қағазға көшіріп жазыңыз. Көшіре отырып, әр қатарды дауыстап қайталап оқып отырыңыз.

2. Түсініксіз немесе айтылуы қиын сөздерге, ұйқасқа тоқтап, бірнеше рет қайталап айтыңыз.

3. Өлеңді екі-үш бөлімге бөліп, әр бөлімге логикалық тақырып қойыңыз. Төрт шумаққа 4 тақырып қою міндетті емес. Оқиға барысына қарай екі-ақ тақырып қойсаңыз да болады.

4. Ойдағы суреттерді қағазға түсіріңіз. Салған суреттеріңіз өзіңізге түсінікті болса болғаны.

5. Суретке қарап отырып, өз сөзіңізбен түсінгіңізді айтып шығыңыз. Өлең сөздерін еске түсіріңіз.


Жаттыққаннан КЕЙІН...

«Жылдам жаттау» тәсілінің техникасын үйреніп алған соң, өлеңді көшіріп жазудың да, ойда пайда болған суретті қағазға салудың да қажеті болмайды. Сондай-ақ, сөзді суретке айналдырмай-ақ, миыңыз автоматты түрде бірден видеоға айналдыратын болады. Яғни, 1-қадамнан соң дереу 3-қадамды орындау түк қиындық тудырмайды.

Ал, әбден машықтанып алғаннан кейін, өлеңді оқып отырып-ақ образды эпизодтарды оңай құрып, төрт шумақты өлеңді 5-ақ минутта жаттап алатын боласыз.


Міне, енді бұл әдісті өлең жаттауда, үй тапсырмасын орындауда қиналып жүрген балаңызға үйретіңіз. «Жылдам жаттау» тәсілін балаңызға үйретіп, оны бұл әдіске жаттықтыру үшін 2-3 апта уақытыңыз бен біраз күш жұмсауыңыз мүмкін. Дегенмен, одан кейін балаңыз сізді мазаламайтын болады. Ал, балалардың көктемгі демалысы «жылдам есте сақтау, жаттау» тәсілін үйретуге ең қолайлы уақыт.

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Ерік-жігер күшін ШЫНЫҚТЫРАТЫН нәтижелі 4 жаттығу

Отбасылық ПРОБЛЕМАҒА көзқарасыңыз