​АТА-АНА мен БАЛАНЫҢ арасын ЖАҚЫНДАТАТЫН қарапайым ҚАДАМ

0
542

Мұны байқамауыңыз мүмкін, бірақ...


​АТА-АНА мен БАЛАНЫҢ арасын ЖАҚЫНДАТАТЫН қарапайым ҚАДАМ

фото: ашық дереккөзден алынды

Жасөспірім шақта баланың мінез-құлқы өзгеріп, ата-ана тәрбие барысында қиналады. Бұл кезеңде кейбір жағдайлардан ата-ана мен бала арасында салқындық пайда болады. «Өтпелі кезең ғой, бәрі өтеді» деп уақытты созбай бұл тұрғыда жұмыс істеген абзал. Өйткені бала көңіліне мұз қатса, ол ата-анасынан алыстап қана қоймайды, өзін ешкімге керексіз сезініп, қырсығып пәлеге ұрынуы, адасуы мүмкін. Ал психологтар ата-ана мен бала арасындағы салқындықты мына әдістер жылыта алатынын айтады.



Әңгімелеп беріңіз

Кез келген адамға балалық шағы – ыстық. Оның балалық кезеңіне бірге саяхат жасап, жылы естеліктер арқылы арадағы салқындықты жоюға болады. Мысалы:

  • Перзентханада онымен өткен күндерді, қанша килограмм боп туылғанын, қалай, қандай көлікпен алып шыққаныңызды;
  • Есімді қалай таңдағаныңызды, қандай есімдер сізге ұнағанын, есімін кім қойғанын;
  • Алғашқы айларда қандай нәресте болғанын (жылауық, момақан т.б.)
  • Неше айлығынан бастап еңбектегенін, еңбектегендегі қызықтарды;
  • Неше айда тәй-тәй басқанын, сөйлеуді қай сөзден бастағанын;
  • Кішкентай кезіндегі сізге ұнайтын қылықтарын;
  • Алғаш балабақшаға барғандағы әрекетін, балабақшадан көбіне кім алып қайтқанын, қай балабақшаға барғанын;
  • Немен ойнағанды ұнататынын, жақсы көрген ойыншығы туралы;
  • Қандай ботқаны сүйіп жегенін;
  • Басқа қалаларға (шетел, ауыл т.б.) қыдырған кездегі оқиғаларды;
  • Ауырған кезде ұйықтамай жұбатқаныңызды, күтім жасағаныңызды т.б.



Тыңдаңыз

Ең жақсы дос – қиын жағдайда бірінші қолын созатын адам емес, жақсы тыңдаушы бола білетін жан. Рас, сөзіңді бөлмейтін, "сенікі бұрыс, оныкі дұрыс» деп жағдайды таразыға салмайтын, «Анау көз бе, без бе? Байқап жүрмейсің бе?», «Мисыз неме» деп ұрыса жөнелмейтін адамға бар сырыңды, мұңыңды айтқың кеп тұрады. Өйткені пікірін айтып, өзіңді кінәламағанды бәрін түсінді, менің жанымды түсінді деп қабылдаймыз. Бала да солай. Кей кезде комментарийсіз жай ғана тыңдаңыз. Мысалы:

  • Армандарын айтып қиялдағанда;
  • Ол сабақтан соң достарымен уақытын қалай өткізгенін айтқанда;
  • Сыныптасымен не үшін ұрысып қалғанын, ұрыстың неден басталғанын баяндағанда;
  • Ауырып тұрғанын, сол себепті сабаққа бармайтынын ескерткенде т.б.;



Сұраңыз

Кез келген қарым-қатынас, байланыс диалогтан тұрады. Диалог болмаса, жылылық, түсіністік те болмайды. Ал сұрақ адамдар арасында диалог туғызып, әңгімені өрбітеді. Сондықтан да ата-ана баласына жиі сұрақ қойып отыруы қажет. Мысалы, былай сұрасаңыз болады:

  • Бүгінгі күнің қалай өтті?
  • Сен бұл оқиғадан қандай сабақ алдың?
  • Оның орнында болсаң не істер едің?
  • Бұл мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсың?
  • Қай пәнді жақсы көресің? Неге?
  • Кім болғың келеді? Не үшін?
  • Достарың кімдер? Оның ішінде қайсысымен әңгімең жақсы жарасады?
  • Қалай ойлайсың, егер...
  • Нені армандайсың?
  • Өзіңдегі қай мінез ұнамайды?
  • Немен айналысқан ұнайды?
  • Демалыс күнін қалай өткізбексің?



Айтыңыз

Арада мейірім, махаббат болуы үшін іштегі сезім сөзбен айтылуы керек. Өкінішке орай, көп ата-ана сүйіспеншілігін айта бермейді. Ал жасөспірім бала «Мені әке-шешем жақсы көрмейді», «Менен гөрі інімді қатты жақсы көреді», «Мен ешкімге керек емеспін» деп ойлайтын болады. Сондықтан да мына сөздерді балаңызға үнемі айтып жүріңіз:

  • Сендей баламның (қызым) болғанына қуанамын;
  • Сенімен мақтанамын. Сен менің мақтанышымсың;
  • Сені жақсы көрем;
  • Сенің менде бар болғанын үшін бақыттымын;
  • Өмірге қайта келсем, көп баланың ішінен біреуін таңда десе, мен тағы да сені таңдар едім;
  • Ұрыссам жақсы көргеннен ұрысам, болашағыңа алаңдағандықтан қатты айтам;
  • Сенімен бірге өткізген бүгінгі күн – мен үшін бақытты сәт;

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Қыз баланы зорлық-зомбылықтан қорғайтын 4 кеңес

Бір жасар БАЛАДАН мына 7 ЖАҚСЫНЫ үйренуге болады