Бір жасар БАЛАДАН мына 7 ЖАҚСЫНЫ үйренуге болады

0
1 333

Коучтардың ақылы үйретіп жүрген кейбір сабақтарды балаға қарап тегін үйрене аласыз.


Бір жасар БАЛАДАН мына 7 ЖАҚСЫНЫ  үйренуге болады

Фото: ашық дереккөзден алынды

Қазір инстаграмды аша қалсаңыз, біреу ерте тұруды, біреу дұрыс тамақтануды, тағы біреу жоспар құруды үйрететінін айтып, курсын жарнамалап жатқаны. Дұрыс-ақ. Бірақ «үйренем дегенге жапырақ та ұстаз» демекші, айналасындағы адамдардың қателіктерінен сабақ, іс-әрекеттерінен үлгі алып та көп нәрсе үйрене аламыз. Тіпті 1 жасар баладан мына 7 нәрсені үйренуге болады.



1. Қуануды

Қазақта «Қуана білгеге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады» деген сөз бар. Өкінішке орай, өзгеге түгілі өзіндегі барға қуана білмейтін адамдар бар. Ал бақытты сезіну – кішкентай нәрселерге қуанып үйренуден басталады. Бұны бір жасар баладан үйренуіміз қажет.

Байқаңызшы, бала әкесі жұмыстан келгенде де қуанады. Қуанып еңбектеп ұмтылғанда шаршағаныңды, басқаны да ұмытып кетесің. Бір жаққа шыққанда сол кішкентай балаңыздың қуанып құшағыңызға ұмтылғаны еске түсіп қайтқанша асығасыз. Осыны сіз де қайталап көріңізші. Күйеуіңіз жұмыстан келгенде қуанып алдынан шығып қарсы алыңыз, сонда ол үйге асығып тұратын болады.

Бала далаға серуенге шыққанда да, ауладағы басқа балаларды көргенде де қуанады. Ботқа дайындап жатқаныңызды көрсе де қуанып, қолын шапалақтап күледі.

Кішкентай ойыншық әперсеңіз қуанғанын көріп, бір жаққа барсаңыз оған тағы да ойыншық сатып алуды ойлап тұрасыз. Солай ғой, ендеше, күйеуіңіздің бір тал гүліне, тіпті үйге азық-түлік алып келсе де қуансаңыз, ол күн сайын сізді қуантуды ойлап жүреді.

Жалпы, зуылдап өтіп бара жатқан уақыттың әр күнінен, әр сәтінен ләззат алып, көңілді өткізу үшін болмашы нәрселерге де қуана білу керек дейді психологтар.



2. Барлық адамды жақсы көруді

Кішкентай бала ата-анасын есеппен емес, жай олардың бар болғаны үшін жақсы көреді. Ол жақсы көріп күлімдеуі арқылы ата-әжесі мен бауырларына, айналасындағы барлық адамның көңіліне жылу сыйлайды. Бұл үшін жай күлімсіреу жеткілікті.

Бірде мен 5 айлық баламды емханаға екпе салдыруға апардым. Кезек күтіп отырмын. Кезекте отырған егде жастағы бір әйел телефонда біреумен ұрысты. Балам сөйлеп жатқан адамға қарап күлетін әдет шығарған кезі. Әлгі әйелге күлімсіреп қарап, сықылықтап күліп еді ашулы оның жүзіне лезде күлкі үйірілді. Жымиып, бар уайымын ұмытып кеткендей түйілді.

Учаскелік дәрігер нұсқаған есікті аштық. Медбике «Екпе кабинеті сағат 17-ге дейін-ақ істейді ғой, ертерек келмейсіз бе? Қайтайын деп отыр едім» деп қабағын түйіп, қолымдағы қағазды алып компьютерге үңілді. Мен баламды шешіндіріп жатырмын. Қытығы бар. Балам күліп жатыр. Екпесін дайындап жатқан медбике балама қарап күлімсіреді. Әлгінде ғана қабағынан қар жауып отырған оның көңіл күйі әп-сәтте өзгеріп шыға келді.

Үйге жеттік. Лифтіге бейтаныс ерлі-зайыпты мінді. Жаурап тұр ма, әлде екеуі ренжісіп қалған ба, қабақтары қатулы. Балам күлімсіреп қарады. Әлгі екеуі мәз. Міне, бір күнде кішкентай бала жай ғана күлімсіреп, қаншама адамның көңілін жылытты. Күлімсіреудің құдіреті осындай. Ересектер үйде де, түзде де күлімсіреп жүрсек қой, шіркін?!

Бұдан мынандай ой түюге болады: бала жек көруді білмейді, сондықтан оны барлық адам жақсы көреді.



3. Дұрыс тамақтануды

Баланы әр екі-үш сағат сайын емізу керек дейді педиатрлар. Үлкендер де дәл солай екі сағат сайын аз-аздан тамақтансақ, аурудан да, артық салмақтан да аулақ болар едік-ау.

Бала 6 айдан соң қосымша тамақтар жей бастайды. Ата-анасы ботқаның, көкөніс пен жеміс езбесінің түр-түрін аузына тосады. Бірақ бала дәмі ұнамағанын бір қасықтан соң жемей қояды, яғни талғампаз. Сондай-ақ ол тойғанын біледі. Сүйіп жейтін ботқасын да қарны тойса жемейді, демек ағзасын тыңдай алады деген сөз.



4. Уақытылы ұйықтауды

Қалай демалу керектігін балалардан үйрену керек. Ұйқысы келді ме, бала ешкімнің көңіліне қарамайды, отырған жерінде ұйықтай салады. Өйткені оның ағзасы шаршағанын, қайтадан күш жинап алу үшін тынығуды біледі.

Сондай-ақ бір жасар бала күні бойы шаршамаса да түнгі сағат 22-де көзін уқалап ұйқыға кетеді. Ал таңертең бәрі ұйықтап жатқанда сағат 6-7-де оянып алады. Кейбір коучтардың ақылы курсында айтатын «ерте тұру үшін ерте ұйықтауды әдетке айналдыру керек» дегенін кішкентай балаңыздан-ақ үйренуге болады.



5. Эмоцияны жасырмауды

Кішкентай бала эмоциясын жасырмайды. Бір жері ауырса немесе құлап қалса жылайды. Қуанса күледі. Ересектер әлі сөйлей алмайтын баланың осындай эмоциясына қарап, оның жай-күйін түсінеді. Қарны ашса да да ол ыңылдап, я болмаса жылап білдіреді.

Мүмкін эмоциясын жасырмағандықтан болар, кішкентай балалардың бүкіл қалауы ата-анасы, бауырлары тарапынан орындалып жатады. Ал ересектер ше, «Бөрі арықтығын білдірмейді» деп, мәселелерін, ауруын туған-туысқанынан жасырады. Эмоциясын, ренішін де білдірмейді, айтпайды, ішке жұта береді. Кейін «Маған ешкім көмектеспеді», «Пәленше кешірім сұрамады», «Ауруханада жатқанымда досым көңілімді сұрамады» деп жұрттың бәріне өкпелеп жүреді.

Ренжідіңіз бе, айтыңыз. Қиналып жүрсіз бе, көмек сұраңыз. Қуанышыңыз қойныңызға сыймай бара ма, алақайлап жар салыңыз. Өйткені эмоцияны жасырмау – еркіндік.



6. Білуге құштарлықты

Жаңа білімді бала сияқты үйренетін болсақ, тез меңгеріп алар едік. Бала қайтеді? Мысалы, жаңа затты қолына ұстағанда ол бүкіл назарын соған аударады, ұстап көреді, төңкереді, тістейді, осылай жан-жақты танып-білуге тырысады. Сонымен қатар, ол айналасындағы барлық бұйыммен танысуға ұмтылады. Ал тілі шыққан соң, сұрағы көбейеді. Сұрақ қою арқылы білмегенін біледі. Біз, үлкендер көбіне сұрақ қоя беруге ұяламыз, ыңғайсызданамыз, сондықтан да білмейтініміз көп.



7. Үздіксіз дамуды

Адамның жеке брендін қалыптастыруы, жетістікке жетуі, өз саласының хас шебері болуы, тіпті тіл меңгеру де – үздіксіз дамудың нәтижесі. Осы үздіксіз дамудың кереметін баланың тынымсыз қозғалысына қарап біле аласыз.

Қараңызшы, кешегі қызылшақа бала үздіксіз қимылдың, әрекеттің арқасында аунауды, басын көтеруді, еңбектеуді, отыруды, қабырға жағалап жүруді үйренді. Енді тәй-тәй басып, сөйлеуді үйреніп жатыр. Ол ай сайын бір нәтижеге жетіп, алға жылжып жатыр.

Бұл кез келген әрекет нәтижесіз қалмайтынын, күн сайын мақсатқа қарай бір қадам жасау арқылы оған жылдам жете алатынымызды ұқтырады.

Міне, кішкентай бала да ұстаз бола алады. Ал сіз кімнен не үйреніп жүрсіз?

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

«Кәрі қыз» атандыратын 6 қателік

ӨМІРІҢІЗДІ бір-ақ айда ӨЗГЕРТЕ АЛАСЫЗ