Ата-анасының мейіріміне қанбаған ҰЛ қыздардың МАХАББАТЫНАН да ҚҰР ҚАЛАДЫ

0
3 577

Сіз де ұл-қыздарыңызды алалайсыз ба? Ал, әке-шешенің перзенттерін алалауы баланың өмір жолында көп кедергі келтіреді екен!


Ата-анасының мейіріміне қанбаған ҰЛ қыздардың МАХАББАТЫНАН да ҚҰР ҚАЛАДЫ

Айтыңызшы, ата-ана! Перзентіңіздің қайсысын ерекше жақсы көресіз, ал қайсысын елемейсіз? Егер, біреуін жақсы көріп, екіншісіне бөтен адамдай көңіл бөлетін болсаңыз, онда ол перзентіңіздің өмірде де, махаббатта да жолы болмайтынына осы бастан-ақ сенімді бола беріңіз.

Бұған байланысты әркім өз айналасынан көп мысал табуына болады. Ал, мен Хамиттің өмірін мысал ете отырып, ата-ана мейір-махаббатының кішкентай балаға қаншалықты маңызды екенін түсіндіргім келеді.


Бүгінгі кейіпкеріміз Хамит есімді сүрбойдақ жігіт. Жасы 40-тан асса да «орда да бұзбаған», «қамал да алмаған».

МЫСАЛ:

Хамит - ұлдан үшінші перзент. Нақтырақ айтсам, екі ағасы, бір інісі мен қарындасы бар. Ол бала кезінен әке-шешесінің мейір-махаббатын армандап келеді. Бірақ, әке-шешесі өзге перзенттеріне ерекше көңіл бөледі де, Хамитке келгенде мейірімін есептеп, сараңдықпен жұмсайды.

Хамит кішкентай кезінде әбден ата-анасын күйдірген шығар деп ойлайтын шығарсыз, жоқ. ол бұзық бала болмады. Керісінше, ең бауырмал, ең еңбекқор перзент бола білді. Аға-әпкелері түс әлетінде ұйқыға жатқанда, ол далада жұмыс істеп жүретін. Сондағысы, анасы көріп «Балам-ау, басыңнан күн өтеді. Ұйықтап тынығып алсайшы» деген сөзді есту. Бірақ, анасынан ондай сөзді сол күйі ести алмады. Ал, басқа ұлы көп жұмыс істеп қойса немесе аптап ыстыққа қарамай қора-қопсыны тазалап жатса анасының айналып-толғанып, мақтап, «шаршаған шығарсың, еңбексүйгішім» дегенін талай рет естіген.

Мектепте де Хамит ата-анасынан мақтау сөз есту үшін, олардың сүйікті ұлы болу үшін ғана жақсы оқуға талпынды. Мектепті, жоғары оқу орнын да бітіріп, жұмысқа орналасқанда ол ата-анасын қуанту үшін жетістікке жетуді ойлады. Иә, тек ата-ананы қуанту үшін ғана!


Бірінші жалақысына анасы мен әкесіне сыйлық сатып алып, бала көңілі алып-ұшып ауылға жеткен Хамит «Қанша айлық алдың?» деген сұрақты естіді. Ол ата-анасынан сұрақ емес, жылы, мейірімге толы сөз күтіп еді.

Хамит әр жалақы алған сайын әке-шешесіне сыйлықтар жасап қана қоймай, үй шаруасына көмектесіп, бұзылған шарбақтарды жөндеп қайтатын. Ал, ағалары қалада жұмыс істегелі ауылдың жұмысын да, шаңын да жақтырмай, көлеңкеде демалып жатушы еді. Сонда да бәрібір анасы оларға жүрегі елжіреп, жылы да жұмсақ сөздерін үйіп-төгетін де, ал, Хамитке көңіл бөлмейтін.

Екі ағасын да әке-шешесі жекжат арасынан жақсы қыз іздеп, үйлендірді. Ағалары 22-25 жастарында отбасылы болса, ал Хамит 30 жасқа жетсе де ешкім «Үйлен» деп айта қоймады. Хамит інісімен қатар отырғанда анасы «Батырхан, келін әкелсейші, мен қашанғы сендердің шайларыңды құйып берем» дейтін кенже ұлына. Осы кезде Хамит «Мен ше? Маған неге солай айтпайсыз?» дегісі келгенімен, бірақ бұл сұрағы өңешіне кептеліп бері қарай шықпай тұрып қалатын.

Ақыры інісі одан бұрын үйленді. Ағалары еншілерін алып бөлек кеткен. Қарындасы да тұрмыста. Хамит та үйленгісі келеді, бірақ, қыздармен танысып, сөйлесіп жүргенімен, байланысы ұзаққа созылмайды. Анасының көңілін таппақ болғандай қыздарға да сыйлық, гүл тарту етеді, үлгілі, тәрбиелі екенін көрсетіп бағады, бірақ махаббаты жауапсыз қала берді.

Ол сол уақытта Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданының бір қызымен интернет арқылы танысып, телефонда сөйлесіп жүрген. Бір рет ғана кездескен сол қыз Хамитті туған күнімен құттықтады. Мектепте бірге оқыған сыныптастарымен қалада туған күн тойлап отырған Хамитті достары ортаға алып, «Бұл қыз ұнаса, бүгін алып қашайық» деп қолқа салды.

Жігіттер Сарыағаштан бір-ақ шықты. Туған күн Сарыағашта жалғасын тауып, Араймен таңға дейін қыдырды. Қыз сүйетінін айтып, алып-қашуға келісімін берді.

Шардара ауданына жақындап қалғандарында дабыл қағып бір көлік жолдарын кес-кестеді. Көліктен полиция формасындағы бір еркек пен жасы шамамен 45-тердегі адуынды әйел түсті. Әйел «Қызым қайда?» деп айқайлағаны сол-ақ екен, көліктің артында отырған Арай шашы ұйпа-тұйпа боп, көзінің бояуы ағып жылап анасына қарай жүгірді. Әлгінде ғана әдемі боп, күліп отырған Арайдың мынандай түрін көріп Хамит аң-таң. Өзі келісім беріп алып, енді болса оны қинап алып қашқандай бәрін басқаша айтып тұр.

Хамит дереу ағасына қоңырау шалды. Екі ағасы мен әкесі келді. Арайдың ұйпаланған шашын, жылағаннан көзінің бояуы ағып бетіне жағылғанын, кофтасының иығы жыртылғанын көрген Хамиттің әкесі шошып кетті. Ал, Арай жылап, полиция қызметкеріне өзін күштеп көлікке салып алып-қашқанын айтып арызданды. Хамит пен достары ақталып әлек. Бірақ, ешкім шындыққа сенбеді.

Хамитті уақытша қамап қойды. Арайдың анасы қомақты ақша сұрады. Тауып бере алмаса, сотқа арызданып, түрмеге қамататынына сендірді.

Хамиттің ата-анасы қорасындағы малдарын сатып, інісінің үйлену тойын жасауға жинап жүрген ақшаны қосып, Арайдың шешесіне беріп ұлын шығарып алды.

Кейін бұлар Арай мен анасы осылай ақша табуға әбден машықтанып қалған адамдар екенін Сарыағаш ауданында тұратын жамағайыннан естіп білді. Дегенмен, орда бұзар отыз жастағы жігіттің 19 жасар қыздың алдауына түскеніне реніштерін ұмыта алмады. Бұл оқиғадан соң Хамит үшін ата-ана мейірімінің есігі тарс жабылғандай болды.

Хамит малдың орнын қайта толтыруға, жұмсаған жалпы сомманы тауып беретінін айтып ауылдан кетті. Вахталық жұмыс істеді, бос уақытында қай жерден жұмыс шығады ешқайсысынан қашпады. Тапқанын әке-шешесінің қолына апарып беріп отырып, қарызынан құтылды. Әйтсе де, олардың жүрегі Хамитке жіби қоймады.

Біреудің үйіне шақырусыз қонаққа барсаңыз, өзіңді ешкімнің жақтырып отырмағанын бірден байқайсыз. Олар «тамақтан ал, шай іш» деп күлімсірегенімен, іштей жақтырмағаны анық аңғарылып тұрады. Хамит әке-шешесінің үйіне барған сайын сол шақырусыз қонақтың күйін кешетін болды. Сондықтан да ауылдан біржолата кеткенді жөн санады.

Ауылдан кетерде өзіне-өзі «Енді келсем, әйелім мен баламды ертіп қана келемін. Оған дейін бұл үйдің табалдырығын аттамаймын» деп уәде берді ызаланып. Бірақ та, содан бері төрт жыл уақыт өтсе де Хамит әлі өмірлік жарын кездестіре алмай жүр.

Қыз көп, танысып жатыр. Бірнешеуімен байланысып, азаматтық некеде тұрып та көрді. Алайда махаббатқа сатқындық, тағы да осы секілді жайсыздықтар орын алып, жолы болмай келеді. Үйленбек боп бекінгенінде әйтеуір бір кедергіге тап болады.

Есепшіл қыздар қызығарлықтай тым болмаса басында баспанасы да жоқ. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деп өзін-өзі алдаусыратады. Бірақ та, махабатта жолы болмағанымен, қызметте, табыс табуда биік жетістіктерге жетіп жүрген жігіттер айналасында бар. Ал, бұның жолы неге болмай жүр?


СЕБЕП НЕДЕ?

Жалпы, біреудің басындағы қайғы-мұңның себебін ешкім анық білмейді. Оны тек сол адамның өзі іздеп табуы керек. Түрлі сұрақтар арқылы, бір сауалды түрлендіріп қайталау арқылы өміріндегі мәселенің себебін Хамиттің өзі іздеуіне мүмкіндік жасадым. Ол:

«Мүмкін, менің жүрегімдегі кішкентай бала Хамит әлі ата-ананың махаббатын аңсайтын шығар. Ата-ана махаббатын іздеп әуре болған еркек өзін сүйетін қыздарды байқамайды, көрмейді де деп ойлаймын. Өткеніме шолу жасап бағамдасам, мен тек өзімнен үлкен әйелдермен байланысыппын. Ал, олар менің ақшам таусылған күні немесе басқа еркекпен таныса қалса үйлерінен қуып шығатын...

Мен өмірлік жарды емес, анамдай болатын әйелді іздеп адасқан секілдімін... Сондай-ақ, мен күйеу, қорған болуды емес, қамқорлықты қажет ететін, еркелегісі келетін бала болуды көздеппін...

Мен осы күнге дейін әдемі әйелдің нәзік қолдары емес, қарт анамның маңдайымнан сипағанын қалаппын. Сылқым арудың «жаным» деген сөзін емес, анамның «құлыным, балам» дегенін естігім келеді де тұрады... Менің отбасы құра алмай жүргенімнің себебі де, бақ жолындағы үлкен бөгет те осында болар, бәлкім?!»

Хамит өмір жолындағы кедергілердің қайдан пайда болғанын «көре білді», бөгетті қалай жоюды білді. Бәрібір енді анасының мейіріміне бөлене алмасын ұққан ол қол жетпес ана махаббатын жеңіп алуға ұмтылуды доғаратынын айтты. Енді өзін ұнататын қыздардың сезімін аңғарып, бағалай да білер деп ойлаймын.

Хамиттің өмірі ұл мен қызға жұмыс пен тұрмыста да, сезім мен сенімде де қол жетпесті аламын деп әуреленудің қажеті жоқ екенін түсіндіреді. Ал, ата-анаға әр перзентінің өмір жолы бала кезде алған тәрбиесіне ғана емес, мейірім мен махаббатына да байланысты өрбитінін ұқтырады.

Хамиттің өмірінен сабақ алған ата-ана бұдан былай өзегін жарып шыққан барлық перзентіне махаббатын, мейірімін бірдей бөліп берер?!

Сүйіспеншілік, мейірім, махаббат – сатып алатын немесе таусылып қалатын нәрсе емес, оны сараңдықпен жұмсамаңыздаршы, аналар?!

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Бұл қателікті жасамаңыздар, АНАлар!


Қайын ата бұндай болмауы керек!


12 МҮШЕҢІЗ үшін жасауыңыз ҚАЖЕТ 6 әрекет