БАҚЫТТЫ ӨМІР сүрудің қарапайым 6 ЕРЕЖЕСІ

0
2 867

Бұны артық ақшасы жоқ та, жұмысы көп адам да орындай алады!


БАҚЫТТЫ ӨМІР сүрудің қарапайым 6 ЕРЕЖЕСІ

фото: cdn.pixabay.com

Бір сәнгердің «Әдемілік – қарапайымдылықта» деген сөзі бар. Бұл сөз ертеректе айтылған, әлі де өз құнын жоймағандықтан бүгін де жиі айтылады. Мінездің ең жақсысы да – қарапайымдылық. Психологтардың айтуынша, бақытты да қарапайым нәрселерден табуға болады екен.

Олай болса, бақытты қымбат дүниелерден, басқа адамдардан, жақындарыңыздың қас-қабағынан іздеп адаспаңыз. Өмір – көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Әр сәттен бақыт таба біліңіз.

Осы орайда барлық адамның қолынан келетін қарапайым ережелерді орындауды бүгіннен бастауға кеңес береміз. Қиын емес!



1. Бақытты боп көрініңіз

Иә, адам психологиясы алдымен өзінің ішкі жай-күйін емес, сыртқа әдемі боп көрінуді ойлайды. Мысалы, үйінде әдемі киініп, сәнденіп, денесін тік ұстап жүретіндер аз. Ал бір жаққа баратын болса киімін ауыстырып, шашын түзеп, жүрісін де, отырысын да өзгертеді көбісі.

Осындай психологияны пайдаланып көріңіз, яғни ішіңіз түтін боп жатса да бақытты адамның «көйлегін» киіп алыңыз. Ешкімге мұңыңызды айтып, шағымданбаңыз. Жай ғана күлімсіреп, позитивті оймен жүріңіз.

Күлімдеп жүрсеңіз де, қабағыңызды түйіп мұңайып жұмыс істесеңіз де – бір күн зырлап өте шығады. Ол сіздің көңіл күйіңізге қарамайды. Мәселе кімде жоқ дейсіз. «Мәселем шешілген соң күліп жүрем» деу қате, өйткені адамның өмірі мәселелерден тұрады. Бірін еңсерсеңіз, екіншісі бас көтереді. Сонда өмір бойы тұнжырап жүрмексіз бе? Өмір өтіп барады, әр сәттен ләззат алып қалыңыз.

Әрине, айтуға оңай. Бірақ Абай атамыз айтпақшы, «Болмасаң да ұқсап бақ». «Бақытты болып көріну» де әдет сияқты, оған бірте-бірте миыңыз үйреніп, болмашы ұсақ-түйекке күйгелектене бермейтін боласыз.



2. Жиі құшақтаңыз

Құшақтауға себеп керек емес. Таңертең ұйқыдан тұрдыңыз ба, балаңызды құшақтаңыз. Жұмыстан келген соң есік ашқан жарыңызды құшақтаңыз. Жұмыста сізге комплимент айтқан құрбыңызды «Келші құшақтайын, көңілімді көтеріп қойдың» деп құшақтай салыңыз. Көптен көрмеген досыңыздың алақанына алақаныңызды сүйкей салмай, құшақтап амандасыңыз. Шай ішіп отырып қарт анаңыздың қолын сипалаңыз. Ал түнде жарыңызды құшақтап жатыңыз. Тым болмағанда күніне бір рет мысығыңызды құшақтаңыз.

Өйткені ғалымдар кез келген физикалық қатынас (құшақтау, қолын ұстау, бауырға басу, массаж, жұбайлық қатынас т.б.) стресс гормонын азайтатынын айтады. Сондай-ақ басқа тәнмен жанасу бақыт гормоны – окситоциннің бөлінуіне ықпал етеді екен.



3. Жексенбі күнін өзіңізге арнаңыз

Біз көбіне бүкіл тірлікті жексенбі күнге қадырамыз. Сол күні қыстық банка жабамыз, терезе жуамыз, көрпелерді күнге жаямыз, әлдекімнің шашбауын көтеріп базар аралап жүреміз, қонақ күтеміз немесе қонақ боп барамыз. Бұндай тірліктерді әр күні кешке аз-аздан шетінен орындап тастауға болады. Сонда жексенбі күнін тек өзіңіздің жан рақатыңыз үшін демалысқа арнай аласыз.

Жексенбі сіздің тек өзіңізге арнайтын уақытыңыз болуы керек. Физикалық, психологиялық тұрғыда демалыңыз. Тіпті телефоныңызды жексенбі күні сөндіріп тастауды әдетке айналдырыңыз. Бұл күні моншаға баруға, шаш қидыруға, сүйікті асыңызды дайындауға болады, бұл да демалыс. Тәніңіз бен жаныңыз бірдей тынышталғанда нағыз бақытты сезесіз.



4. Өзіңізді өзгелермен салыстырмаңыз

Әркімнің әлеуметтік желідегі өміріне қызығып, өз өміріңізге налымаңыз. Біреуде байлық болғанымен, денсаулық болмайды. Тағы бірінде жоғары лауазым болғанымен, перзент жоқ. Ал біреу көп балалы болғанымен, үйі жоқ. Бір кем дүние, әркімнің өз мәселесі бар.

Әрине, төрт құбыласы түгел адамдар да жетерлік. Соларға қарап бой түзеңіз, сондай болуға тырысыңыз, ұмтылыңыз. Алайда салыстырып, өзіңізді кінәламаңыз.

Осы күнге дейін жеткен 200 жетістігіңізді жазып, аптасына бір рет оқып қоюға дағдыланыңыз. Кішігірім жетістіктерді де жазыңыз. Мысалы, «суда жүзіп үйрендім», «ана атандым», «шашымның түсін өзгерттім» т.б. Бұл сізге күш береді.



5. Суретке жиі түсіңіз

Суретке түскенде адамның тұрысы, көңіл күйі дереу өзгереді. Суретке түскенде барлық адам автоматыт түрде күлімсірейді. Осы қалыпты сақтап қалыңыз. Суретке түсе берсеңіз, бұлқалыпқа үйреніп аласыз.

Қазір әр сәттің суретін инстаграмға жүктеу қиын емес. Жұмыс барысында, тамақ істеп жатып, боянып отырып суретке түсіңіз де инстаграмға жүктей салыңыз. Бұл сізге ерекше көңіл күй сыйлайды.

Сонымен бірге, суретке жиі түсу – өзіңізге көңіл бөлуге, күнде боянуға, киімдеріңізді түрлендіруге және күлімсіреуге үйретеді.



6. Бақыт декларациясын жазыңыз

Сізді не нәрсе бақытқа бөлейтінін біліп алғаныңыз жөн. Сонда өзіңізді бақытты ету қиын болмайды. Сізге бақыт сыйлайтын қарапайым нәрселерді жазыңыз. Мысалы:

  • Мен бақытты болам, егер...
  • Мен бақытқа лайықтымын, өйткені...
  • Мен мына адамдардың қасында өзімді бақытты сезінем...
  • Маған мына орындар керемет көңіл күй сыйлайды...
  • Мені бақыты ететін сыйлықтар...
  • Сәті түскенде осы жазылғандарды орындаңыз.


Байқасаңыз, бұл ережелермен өмір сүру ешқандай ақшаны да, арнайы уақытты та қажет етпейді. Демек, бақытты болу - өз қолыңызда!


Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Күйеуді МЫНА 6 ЖАҒДАЙҒА қарап таңдаған дұрыс

Жетістікке жеткізетін жақсы 3 әдет