Әсіресе, алтыншы критерий өте маңызды!
фото: коллаж
Өмірлік жар болатын әйелді таңдау туралы еркектерге арналған ақыл-кеңес көп. «Шешесіне қарап қызын ал» дегенге ұқсас мақал-мәтел де жетерлік. Тіпті хадистерде де жақсы әйелдің қандай болатындығы жөнінде көп жазылған. Мысалы, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мұхаммед бір хадисінде «Әйелдерге тек әдемілігіне қарап үйленбеңдер. Әдемілігі тәрбиесіздікке апарып соғуы мүмкін. Тек байлықтарына қарап та үйленбеңдер. Өйткені байлығы шектен шығуына себеп болуы ықтимал. Әйелдерге имандылығына қарап үйленіңдер» деген.
Ал әйел тағдырын сеніп тапсыратын ер-азаматты қандай критерийлерге қарап таңдағаны дұрыс? Бұл туралы мақал да, хадис те аз болғандықтан біз психологтардың кеңесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
1. Ата-анасының өмір сүру салты
Әрине, «Алма ағашынан ұзамайды» дегенге сүйеніп таңдау кейде қате. Әйтсе де бәрібір ата-ананың 50-60 пайыз әдеттері, түсінік-пайымы, мінез қасиеттері перзентіне «жұғады». Әсіресе, өмір сүру салтына көбірек мән беру керек.
Есте ұстаңыз, қарға баласын әппағым дейтініндей, ешкім өз ата-анасын ешқашан жамандамайды. Сонымен қатар, олармен қарым-қатынасының қандай дәрежеде екенін де ашық айтпайды. Сондықтан, жігіттің әке-шешесі туралы айтқан сөзіне емес, өз көзіңізге сеніңіз. Тұрмысқа шықпай тұрып оның әке-шешесімен танысыңыз. Үйіне барыңыз, сөйлесіңіз, бірге тамақтаныңыз.
Екі-үш рет бір дастарханда тамақтанып, әңгімелескеннен соң-ақ олардың отбасылық құндылықтары, стереотиптері белгілі болады. Бастысы, жігіттің анасымен қарым-қатынасын жіті бақылаңыз. Егер ол анасын құрметтеп сыйласа – «таңдауға болады» деген бірінші критерий табылғаны.
2. Әлеуметтік жағдайы
«Тең-теңімен, тезек қабымен» деп бекерге айтылмаған. Тек қызығушылығы мен көзқарасы емес, білім мен мәдениет деңгейі, материалдық жағдайы, діні, отбасы (толыққанды немесе толық емес) да бірдей болса неке берік болады.
Көбісі «Бастысы, ол мені қатты сүйеді. Махаббат бізді теңестіреді» деп ойлайды. Бірақ әлеуметтік жағдайдағы теңсіздіктің салқыны жұбайлық қарым-қатынасқа тимей қоймайды. Бұл көп жерде адамның өзін-өзі іштей мүжуіне әкеледі дейді психологтар. Сондықтан, басқа әлеуметтік топтағы өмірлік серікті таңдарда жан-жақты ойланыңыз.
Жігітіңізбен оның ата-анасымен танысқанда, достарының ортасына барғанда, сол әулеттің той-томалағында қысылмай, қымтырылмай өзіңізді еркін сезіну үшін әлеуметтік жағдай үлкен рөл ойнайды.
Сіз оның қасында өзіңізді төмен санамауыңыз керек. Мысалы, ыңғайлы киімде өзіңізді қалай сезінесіз, ал тар, өмірі киіп көрмеген стильдегі киімде ше? Киім демекші, қасиетті Құранның Бақара сүресіндегі 187-аятта «Олар – сендер үшін киім, сендер де – олар үшін киімсіңдер» делінген. Әрине, бұл жерде «киім» деген сөз басқа мағынада айтылған болар, бірақ сіз жар таңдарда әлеуметтік жағдайды «киім» ретінде қарастырып көріңіз.
3. Баламен қарым-қатынасы
Бұған көп адам соншалықты ден қоймайды, өйткені өз баласы оны өзгертеді деп ойлайды. Ал психологтар еркектің кішкентай балалармен қарым-қатынасы ертеңгі күні өз перзенттерімен байланысынан хабар беретінін айтады.
Толыққанды отбасы болу үшін бала маңызды. Сондықтан таңдауыңыздағы жігіттің қандай әке болатынын да алдын ала болжап білген дұрыс-ақ. Ол балалармен адекватты, мейірімді қарым-қатынаста болуы керек.
4. Арман-мақсаты, шабыты
Өмірге деген шабытына да назар аударыңыз. Келешекте оның табысы, жетістігі сол шабытына тікелей байланысты болмақ. Бұл жөнінде педагог П.И. Чайковский «Шабыт – жалқаулардың үйіне бас сұқпайтын тəкаппар ару» десе, Үндістанның белгілі қоғам қайраткері Ганди Махатма «Қозғаушы күш, шабыт мықты болса, кез келген істі істеуге болады» деген.
Үнемі шабыттанып жүретін, көзінде оты бар жігіттің қасында әйел де шабыттанып, даму, өсу жолында болады.
Бір дана «Адамды арманына қарай бағалау керек» деген екен. Алға қойған мақсатын, армандарын сұраңыз. Арманы биік, мақсаты айқын болсын.
5. Ортасы, достары
Қазақта «Досына қарап адам таны» деген нақыл сөз бар. Адам араласатын ортасына қарай өзгермей қоймайды. Бұл жайында Абай атамыз «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген.
Сонымен қатар адам тіл табыса алмайтын, сөзі жараспайтынмен достаса да, диалог құра да алмайды.
Жігіттің қандай адам екенін жан-жақты зерттеп білу үшін оның жақын аралсатын достарымен танысыңыз.
6. Құмарлығы
Ол өмір сүруге құштар, жаңа нәрсені үйренуге, білімін жетілдіруге, өзін-өзі дамытуға, жағдайын жақсартуға құмар болсын. Ал ішімдікке, есірткіге, еліткіш заттарға, ақша тігетін ойындарға құмар болса, одан қашыңыз.
Мейлі ол жоғарыдағы 5 критерий бойынша мінсіз боп тұрса да осы соңғы критерийде ақсап жатса, бойыңызды аулақ салуға тырысыңыз. Байланысты үзіңіз. Өйткені ол «енді жоламаймын құмар ойынға» (спиртті ішімдікке, есірткіге т.б.) деп уәде бергенімен, мұндай тәуелділіктен құтыла алатындар өте аз.
Осындай критерийлерге назар аудара отырып таңдау жасаған соң «Кім үшін?, «Не үшін?» деген сұраққа жауап беруді ұмытпаңыз. Бұл күйеуді өзгелердің сөзі, ата-ананың абыройы, сырт көзге мақтан үшін емес, өзіңіздің бақытты, тыныш өмір сүруіңіз үшін таңдауыңызға көмектеседі.
Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
Жетістікке жеткізетін жақсы 3 әдет
Ешкімге ренжімей өмір сүрудің 5 оңай тәсілі